Соңғы айларда Елбасы, партия Төрағасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Осы мақсатта көптеген тың бастама мен нақты жоба қолға алынды. Сондай-ақ осыған дейін тиімділігін дәлелдеген кейбір игі бастамалар да жаңаша сипат алып, жандана түсті. Солардың бірі – «NurOtanTalks» жобасы.
Қатысушылар тақырыпқа сай тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың елімізді дамудың жаңа деңгейіне алып шыққан бастамалары мен тарихи шешімдері жайында кеңінен сөз қозғады. Сондай-ақ олар өздерінің Мемлекет басшысымен кездесулерін, бұл оқиғаның өмірлеріне қалай әсер еткеніне тоқталды. Одан бөлек, Елбасының маңызды бастамалары қалай өмірге келгенін, олардың қабылдануына қандай оқиғалардың себеп болғанын және сол бастамаларды жүзеге асыруда өздерінің нақты қандай үлес қосқанын да көпшілікке әңгімелеп берді.
Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Елбасы шешімдерінің ел дамуындағы рөлі мен маңызына қатысушылардың назарын аударды. Сондай-ақ ол өз тәжірибесіндегі кейбір естеліктермен де бөлісіп, жас қазақстандықтардың ертеңгі күнге деген сенімін күшейте түсті.
Мәулен Әшімбаев еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап тұрақты даму жолынан жаңылмай, көздеген межеге батыл қадам басып келе жатқанын айтты. Ол осы уақыт аралығында Қазақстанның Елбасы бастамаларының арқасында экономикада, саясатта және әлеуметтік салада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткенін тілге тиек етті. Партия Төрағасының бірінші орынбасары соның ішінде ел дамуына және қоғамның алға жылжуына айрықша әсер еткен аса маңызды үш стратегиялық бастамаға тоқталып өтті.
– Елбасының үлкен маңызға ие «Болашақ» бағдарламасын Қазақстанның кемел келешегіне салынған инвестиция деп айтуға толық негіз бар. Ширек ғасыр бұрын бастау алған бұл бастама осы уақыттың ішінде 13 мыңнан астам қазақстандық азаматтың шетелдің алдыңғы қатарлы университеттерінде білім алуына мүмкіндік берді. Дәл қазір Мемлекет басшысының осы жобасы өз жемісін беріп, «Болашақпен» білім алған бірқатар білікті азаматтар әкім, министр сияқты лауазымды қызметтерді атқарып жүр. Сондықтан бағдарлама түлектері алдағы уақытта да елімізді жаңа белестерге жетелейтін патриот азамат болып қалыптасатынына ешқандай күмәнім жоқ, – деді Мәулен Әшімбаев.
Білім алудың маңызына тоқталып өткен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары бүгінде бүкіл әлем төртінші революция дәуіріне қадам басып, жаңа кезеңде өмір сүріп жатқанын айтты. Осындай кезде мемлекеттердің негізгі байлығы табиғи шикізат немесе минералды ресурстар емес, керісінше білімді де білікті, патриот азаматтар екенін еске салды. Сондықтан ол Елбасының 25 жыл бойы жүйелі түрде жастарға қамқорлық жасап келе жатқанын, жас қазақстандықтардың сол мүмкіндікті мүлт жібермей шетелде білім алуға ұмтылу керек екенін айтып, кеңесін берді.
Еліміздің дамуына орасан зор ықпалын тигізген Елбасының келесі бастамасы туралы айтқан Мәулен Әшімбаев бұл істі тарихи шешім деп бағалады.
– Ел дамуындағы ерекше оқиғалардың бірі болған Елбасының келесі стратегиялық бастамасы да «Болашақ» бағдарламасы сияқты әлі күнге дейін Қазақстанды жарқын болашаққа бастап келеді. Ол – Қазақстан Президентінің осыдан 20 жыл бұрын елордамызды Алматыдан сол кездегі Ақмолаға ауыстыру туралы тарихи шешімі. Соның нәтижесінде бүгінде бәріміздің сүйікті қаламызға айналған Астананың іргесі қаланды. Бұл шешімді Елбасы еліміздегі ең бір қиын кезеңде, әлеуметтік жағдайдың ушығып тұрған шағында, экономикалық дағдарыс белең алып, тұрмыстық жағдай тығырыққа тірелген сәтте үлкен тәуекелмен қабылдады. Бүгінде Елбасымыздың бұл қадамы еліміздің экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуына тың серпін беріп қана қоймай, Қазақстанда инфрақұрылымның нығаюына, солтүстік өңірлеріміздің жандануына және тәуелсіздігіміздің күшеюіне үлкен әсерін тигізген аса маңызды бастама екенін көріп отырмыз. Қазір Астана тек әсем қала ғана емес, халықаралық өзекті мәселелер шешілетін ірі орталыққа, әлемге бейбітшілік пен келісімді паш етіп тұрған алтын бесікке айналды. Сондай-ақ елордамыз әлемдік қаржы және инновациялық орталыққа да айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондықтан Астананы тек Қазақстанның ғана емес, халықаралық деңгейдегі құндылықтардың дамуына оң әсерін тигізген ең ұтымды жоба деп білемін, – деді Мәулен Әшімбаев.
Өз сөзінде партия Төрағасының Бірінші орынбасары Астананы мемлекеттік басқару мектебі үшін де өте ұтымды тәжірибе екенін атап өтті.
Ал Қазақстанның әлемдік биікке көтерілуіне әсер еткен Елбасының үшінші маңызды бастамасы ретінде Мәулен Әшімбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасын айтты.
– Үшінші стратегиялық бастама – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүзеге асырылуы. Бүгінде жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқан бұл бағыттағы жұмыстардың да ел болашағы үшін маңызы зор. Аталған бағдарламаның бірінші бөлімінде ұлттық кодымызды сақтауға, тарихымызды терең зерттеуге көп көңіл бөлінген. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы да дәл осы бағдарламаның жалғасы екенін атап өткен жөн. Бұл бастаманың тағы бір қыры, яғни екінші бөлімі Қазақстанның әлемдік трендтерге бейімделуіне арналған. Яғни даму мен ұлттық сананы қалыптастыруда жаһанның озық тәжірибелерінен үйреніп, ұтымды тұстарын өзіміздің жұмысымызда қолдана білуіміз керек. Бұл ретте негізгі үміт жастарда екені түсінікті. Білімге құштарлықты және бәсекеге қабілеттілікті арттыру сияқты идеялар мен құндылықтарды дәріптеу осы бағдарламаның негізгі басымдығы. Сондықтан Елбасының аталған бастамалары Қазақстанның оң бағытта өзгеруіне үлкен әсерін тигізгені сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар М.Әшімбаев Елбасымен бірге жұмыс істеуді өзіне берілген үлкен мүмкіндік деп есептейтінін және Мемлекет басшысының жанында жүріп көп нәрсе үйренгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстан Президентінің көпке үлгі боларлық басты үш қасиетін де атап өтті.
– Біріншіден, Елбасының үнемі өзін өзі жетілдіріп, ізденіп, жаңа, тың бастамаларды меңгерудегі табандылығын айрықша айтқым келеді. Бұл – нағыз көшбасшыға тән қасиет. Бәріміз, әсіресе жастар дәл осы қасиетті бойына сіңіріп, өздеріне үлгі етуі тиіс. Екінші ерекше қасиет ретінде Елбасының айрықша жауапкершілігі мен өзіне-өзі жоғары талап қоятынын атап өтер едім. Мемлекет басшысы кез келген кездесу мен іс-шараға өте тыңғылықты әрі жан-жақты дайындалады. Өзіме ерекше әсер еткен Елбасының келесі қасиеті ретінде ұқыптылығы мен мұқияттылығын айтар едім. Қандай тығыз жағдай болса да Мемлекет басшысы халықты күткізбей, белгіленген іс-шараларды уақытында бастайды. Бұл – бүгінде билік тұтқасын ұстаған барша азаматтарға үлгі болатын қасиет. Президентіміздің осындай қасиеттерінен өзім де көп нәрсе үйреніп, мол тәжірибе жинадым, – деді М.Әшімбаев.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасының бастамасына үлес қосқысы келген жастардың ең алдымен сапалы білім алып, көп еңбектену керектігін, бұл ретте Елбасының «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға ұмтылуы қажеттігін айтты. Өйткені бұл – көптеген елде, тіпті АҚШ-тың өзінде қарапайым халықтың қолы жете бермейтін мүмкіндік.
Өз кезегінде іс-шараға қатысушы «Милосердие» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Аружан Саин Елбасымен кездесулердің өз өміріндегі ең елеулі сәттер екенін айтты. Сондай-ақ ол жастарға өздеріне ұнайтын іспен айналасуды, әр істе тек өзіне ғана емес, қоғамға да пайдалы болуды назарда ұстау керектігін айтты.
Ал Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы тек түркі дүниесі үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін маңызды еңбек екенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазірдің өзінде аталған мақала әлемнің тоғыз бірдей тіліне аударылған.
Талай жанға ота жасап, дертіне шипа болған әлемдік деңгейдегі хирург Юрий Пя өзінің еліміздің дамуына үлес қосып, Астанада жұмыс істеп жүруі тікелей Елбасының арқасы екенін айтты.
– Астанаға келмес бұрын 10 жыл шетелде жұмыс істедім. Осыдан 15 жыл бұрын, яғни 2003 жылдың 13 қаңтарында Елбасымен алғаш рет кездестім. Сол кездесуде Мемлекет басшысы елімізде кардиохирургия саласын дамытуымыз керектігін айтып, жаңадан құрылатын кардиохирургия орталығына маман қажет екенін айтты. Осылайша мен Астанаға қайтып келу туралы шешім қабылдадым, – дейді Юрий Пя.
Сонымен бірге іс-шара барысында еліміздің бағыт-бағдарын анықтап, халықтың әл-ауқатын арттырып және Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы абырой-беделін күшейткен Елбасы бастамалары да кеңінен айтылды. Пікірталас алаңына арнайы келген жастар Елбасы бастамаларын жүзеге асыруға тікелей қатысып, сол жолда тер төгіп жүрген азаматтардан өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды. Осылайша «Нұр Отан» партиясы Тұңғыш Президент күніне арналған іс-шаралар легін бастап, мерекенің мәні мен маңызын дәріптеуге өз үлесін қосып отыр.
Айта кетейік, елімізде Тұңғыш Президент күні – әр жылдың 1 желтоқсанында аталып өтетін мемлекеттік мереке. Атаулы күн 2011 жылдың 10 желтоқсанында Парламент Сенатының отырысында «Қазақстан Республикасының заңына толықтырулар енгізу туралы» заңнамасына сәйкес бекітілді. Бұл мереке Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет алдындағы ерен еңбегі мен елімізді жаңа биіктерге бастаған игі істерін жан-жақты тану мақсатында ұйымдастырылған.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»