– Берік, әдетте Елбасы туралы фильм түсіру жұмысы қолға алынғанда оған жоғары білікті киномамандар шақырылады. «Жұлдыздар тоғысқанда» фильміндегі Елбасының рөліне ұсыныс қалай түсті және сіз оны қалай қабыл алдыңыз?
– Өмірдің қиындықтарына қарсы тұра бергеннен әбден қажып, өзін жоғалтып алған талантты композитордың тағдырын бейнелеген «Адель» атты фильмнің түсірілімі аяқтала сала, «Жұлдыздар тоғысқанда» кинокартинасының кастингіне келгенімде, Елбасы рөліне таңдау жұмысы бір айдан артық жүріп жатқан болатын. Келсем, бүкіл республика театрларындағы «мен» деген актердің бәрі осында жүр. Шынымды айтсам, «Адельде» жүріп шаршап қалыппын, аздап тынығып алуды жөн көріп жүргенмін. Алайда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы екі-үш мәрте телефон соғып, Елбасы туралы фильм түсірілгелі жатқанын, бас қаһарманның рөліне мені лайық көретінін айтып, киносынаққа қатысуымды қолқалады. Онша құлықты болмағандықтан, уақыт созып, сырғақтап жүргенмін, бірде министр: «Әй, Берік, сен әлі түсіру алаңына бармағансың ба? Режиссер Сергей Снежкинге сен туралы айтқан едім, ол күтіп жүр ғой» деген соң сенім арта айтылған сөзді аяқасты етуге арым жібермеді. «Жарайды, бір көрініп қайтайын» деген ниетпен киносынақ алаңына келдім. Бірақ қанша елестетсем де, Елбасы секілді үлкен тарихи тұлғаның рөлінде өзімді көре алмадым, сондықтан болар, ойнауға зауқым соқпады. Бұл ойымды ірікпестен режиссердің өзіне де айттым. «Сергей Олегович, сіз менен қандай Елбасының образын көріп тұрсыз? Түрім болса, мынау» деймін қу жағымды қаулай өскен сақал-мұртымды саусақтарымның сыртымен сипай нұсқап. Кастингке қатысуын қатыссам да, «Мені сынап байқаған соң, өздерінің де көзі жетіп, «бұл типаж емес» деп, босатар» деген ой басымырақ болды. Режиссермен әңгімелесіп, бір сағаттың айналасында сынақ жасадық. Алғашқы сынақтан кейін «болды енді, құтылдым» деп алаңсыз үйге келген бетім сол болатын, кешкісін ассистент қыздар хабарласып, ертең өтетін үлкен бейнесынаққа келіп қатысуымды өтінді. Тағы да ұнжырғам түсіп кетті. Ел назарында жүрген, жүріс-тұрысына дейін таныс, тіпті кірпік қағып, сөйлегеніне дейін көз алдымызға еркін елестете алатын Елбасының рөлін қалай ойнамақпын? Жауапкершілігі ұшан-теңіз сынды ақтай алам ба? Қобалжу мен қорқыныштың арасында жүріп бейнесынаққа түсуге барғанда да, рөлге бекітілетініме сенген жоқпын. Режиссердің айтқандарын орындап, өзіме тиесілі жұмысты тез-тез атқардым да қош айтысып, кетіп қалдым. Ертеңінде: «Режиссер сізді таңдады, Елбасы рөліне сіз өттіңіз» деген хабар құлағыма тигенде, төбемнен жай түскендей болды.
– Неге?
– Мен – актермін. Өзіме жүктелген міндеттен бас тарту әлсіздігім болар еді. Тым жеңіл-желпі, арзан, азаматтық ұстанымыңа қайшы, қолайыңа жақпайтын жобалардан бас тартатын кездеріміз болады, ал мұндағы жағдай керісінше, Елбасы рөлінің жауапкершілігі биік болғандықтан көтере алмайтын шоқпарды беліме байлап, өзімді мерт етпеймін бе деген қауіп жеңіп кете беретін еді.
– Фильмде Президенттің образы отты, жігерлі, қайсар мінезде бейнеленеді. Үнемі қарбалас, қауырт. Режиссер мақсатты осылай белгіледі ме?
– С.Снежкин мақсатымды белгілеген кезде, Президенттің түр-әлпетін, мінезін нақты көрсетуге міндетті емес екенімді кесіп айтты. «Біз Президент туралы емес, ең алдымен адам туралы, адамның тағдыры туралы фильм түсіреміз» деді режиссер. Театрда болсын, кинода болсын, ең алдымен актер мен режиссердің арасында үйлесімділік, сенім орнай алса ғана ортақ жұмыс нәтижесін береді. С.Снежкин бірден: «Берік, қорықпа, маған сен! Менің қасымда бол, біз бірге алып шығамыз» деді. Сөйтіп фильмнің ең алғашқы кадрлары Нұрсұлтан Назарбаевтың өміріндегі ең жарқын кезеңнің бірі – 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағалығына тағайындалған кезінен бастап түсіріле бастады. Қандай жобаны бастағанда да, алғашқы бірінші, екінші аптада күдік пен күмәннің құрсауында жүресің, жұмыс та қиындықпен өрістейді. Біз фильмде Президенттің адами қасиетін, төңірегіндегі серіктестерімен, қарапайым жандармен қарым-қатынасын ашуды көбірек мақсат тұттық.
– Рөлге байланысты қандай сындар айтылды? Сынды қалай қабылдадыңыз?
– Сын, негізінен, ойынға қатысты емес, гримге байланысты көп айтылды. Фильмде Ресейдің «Один в один» сияқты телебағдарламаларында қолданылатын силиконды грим қолданылды. Бұл кемі 5-6 сағат жасалатын күрделі грим санатына жатады. Гримге таңғы сағат 4-тен бастап отырған күндерім болды. Телебағдарламаларда сәтті шыққанымен, бұл гримнің көркем картинада образбен тым үйлесім таба бермейтіні анық байқалды. Себебі сезім, адам жанының толқынысы, буырқанысқа толы көңіл күй реңкі экранда жанды әсерін жоғалтып алатынын аңдамау мүмкін емес. Кейде Президенттің аға жасына аяқ басқан кезеңін мен сияқты жас емес, өзімен замандас актер ойнағанда сенімдірек, сәттірек шығар ма еді деген ойлар келеді.
– Елбасы тарапынан рөл қалай қабылданды, экрандағы көркем бейнесі туралы қандай пікір айтты?
– Фильмнің премьерасынан кейін түсіру тобының төрт-бес адамнан құралған шағын ғана шоғыры Нұрсұлтан Әбішұлымен кездесуге шақырылды. Бәріміз бірге түскі ас іштік. Президент қалжыңдап, күліп отырып, фильм туралы жылы пікірін айтты. Нақты өзіме қарата айтқаны: «Әй, Берік, сен фильмде қабағың қатулы, тым салмақтысың. Мен өмірде сен сияқты тұнжырап жүрмеймін. Мен әзілді жақсы көремін, әнді жақсы көремін. Өмірде күліп жүретін адаммын» деді күліп.
– «Тракторшының махаббаты» мен «Жұлдыздар тоғысқанда» – бірі коммерциялық, бірі көркем жанрда түсірілген, жанры да, мазмұны да, идеясы да бір-бірімен салыстыруға келмейтін екі басқа дүние болғанымен, көрермен жылы қабылдап, танымалдылығыңыз да арта түсті. Тракторшының рөлінен Елбасының орбазына дейінгі аралықта киноактер ретінде қандай да бір өзіндік формулаңыз қалыптасты ма, мысалы, нашар фильмге түспеймін деген сияқты...
– Киноактердің басты жауы – амплуа. Біздің Әуезов атындағы театрда 2000 жылдардың орта шенінде «Сағыныш пен елес» атты трагедиялық драма жүрді. Әйгілі актеріміз Құдайберген Сұлтанбаевпен сахналас болып, мен немересін ойнадым. Сонда Құдайберген ағамыз сахнаға шығар-шықпастан, сонау түкпірден төбесі көрінгеннен көрермен жыртаңдап күліп, қол шапалақтай бастайтын еді. Құдай-ау, бұл трагедия емес пе? Несіне күледі? Неге қол шапалақтайды? Амплуаның тұтқыны болудың қандай екенін алғаш осы мысалдан көрдім. Кино мен театрдың тарихында мұндай мысалдар өте көп. Орыс комедиясының атасы Гайдайдың фильмдерінде ойнап, бас айналдыратын ғажап табысқа кенеліп, даңқы дүрілдеген атақты Демьяненко Шуриктің кесірінен актерлік тағдырын қасіретпен аяқтады. Ішкі қуаты мол драма актері бола тұра, комедиялық рөлден басқа рөлде ойнай алмай, ішқұса болды. Шебер актер осындай шаблонға түсіп қалудан сақтану керек. Өзімді тау қопарып тастаған керемет актермін деп есептемеймін, бірақ бір сарында, бір жанрда қалып қоймауға тырысамын. Бұл мәселе өзіңнің актерлік, азаматтық ұстанымыңа, кәсібіңе қарым-қатынасыңа байланысты қалыптасады. Мені ең алдымен материалдың маңыздылығы қызықтырады. Тракторшының рөлінен де басқа әлдеқандай әлеуметтік топтың өкілін ойнау керек болса және ол бейне қызықты, көрерменге ой саларлықтай мазмұнды болса, бас тартпастан бірден келісер едім.
– Төрт жыл бұрын сіз әкемтеатрдан кетіп қалдыңыз, неге кеттіңіз және жуырда театрға қайта оралғаныңызды естідік, оралуыңыздың сыры неде?
– Иә, төрт жылға жуық театрдан қол үздім. Ол менің жеке ұстанымым мен көзқарасыма байланысты қабылдаған шешімім болатын. Театрдағы бұл шығармашылық үзіліс өзіммен-өзім жұмыс істеп, рухани қайта түлеуім үшін керек болды. Егер театрдағы рөлдерім болмаса, мен бәлкім, бүгінгі Берік Айтжанов болмауым да мүмкін еді. Тіпті театр болмаса, киноға белсенді түсіп жүрген актердің өзінің ішкі органикасы, пластикасы әлсіреп, солып қалар еді деп ойлаймын. Трагедиядан комедияға, комедиядан психометафизикалық драмаға келіп ойнайтын, сол арқылы шеберлігі шыңдалып, ішкі қоры жинақтала түскен театр актері кино алаңда камераны өте нәзік сезінеді, кез келген рөлді қиналмай ойнап шығады. Сол себепті актер ең алдымен театрда ойнауы керек.
– Театрға келісімен орыстың ғана емес, әлем классикасының жауһарына айналған Чеховтың «Ваня ағайындағы» Астровты ойнағалы жатыр екенсіз. Әжептәуір үзілістен кейін көрермен назары алдымен сізге ауатыны белгілі, өмір туралы толғанғыш дәрігер Астровты қай қырынан ашуды көздеп отырсыз?
– Оны сахна көрсетер. Теорияда басқаша, ал іс жүзіне келгенде өңі айналып түсетін тосын жағдайлар театрда жиі кездеседі. Астров – күрделі образ. Қашпаған қашардың уызынан дәметіп: «Ойбай, Астровты мен былай ойнаймын, олай ойнаймын» дегеніммен, ертеңгі күні сөзің мен ісің қабыспай жатса, көрерменді қадірлемегенің болып шығады. Арық айтып, семіз шыққаннан артық не бар, бәрін уақыт көрсетер. Әзірге, ізденіс үстіндемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»