Біздің басты құндылығымыз – тәуелсіздік. Оның тамырын тереңге жіберіп, мәңгі сақтау бүгінгі біздің де, келешек ұрпақтың да басты міндеті. Осы орайда Қазақ елінің тағдыр-тарихын, қым-қуыт азабын жан-дүниесімен түсініп, елінің ендігі тарихын биік рухта жаңғыртып, жалғастырып әкететін ер мінезді, қазақтың намысынан жаралған хас қаһарман Ер, яғни Елбасы керек болды. Біз осындай тұлғаны жаңылмай, дөп баса таңдап, тағдырымызды қолына бергеніміз күні кеше сияқты еді...
Сәл шегініс жасай сөйлесек, 1991 жылғы 1 желтоқсанда елімізде өткен тұңғыш жалпыхалықтық сайлауда Н.Назарбаев дауыс беруге қатысқан қазақстандықтардың 98 пайызынан астамының қолдауын алып, бүкіл халық сайлаған еліміздің Тұңғыш Президенті болды.
Елбасы болып сайланған Н.Назарбаев сол жылғы 10 желтоқсанда Қазақ мемлекетінің Тұңғыш Президенті мәртебесінде іске кіріскен бетте бірден қолға алғаны – халқымыздың ары мен абыройының қайнар көзі, түп-төркіні – ұлттық намысқа тың мағына дарытты. Бостандықтың да, тәуелсіздіктің де алғашқы қадамы осы болатын.
1992 жылдың наурыз айында Президент Әкімшілігі мен Үкімет қорғанысқа, Қарулы Күштерге байланысты көптеген құжаттар дайындап, игі бастамаларға ұйытқы болды. 1992 жылы 8 сәуірде Елбасы өткізген отырыста өз әскеріміз құрылсын деген шешім қабылданды. Бұл шешім Президенттің сол жылдың 7 мамырындағы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлығымен бекітілді. Осы Жарлыққа сай еліміздің аумағындағы барлық әскери құрылымдар Қазақстан Республикасының юрисдикциясына алынды. Бұл еліміздің Қарулы Күштерінің құрылуының басы болды. Одан кейін істі жүргізу, тәуелсіздікті сақтау үшін біраз заңдар мен құқықтық құжаттар дайындалды.
Қарулы Күштердің алдында тұрған басты міндеттер 2000 жылы қабылданған Әскери доктринада жан-жақты көрсетілді. Мұндай құжатпен халықтың ашық түрде танысуы тарихта бірінші рет жүйелі түрде жүзеге асты. Салаға қатысты жұмыстар қарқын алып, ішкі-сыртқы жағдайларға сәйкес әскери округтер құрылды.
Отан тірегі Қарулы Күштер екені белгілі. Оның дамуына, қалыптасуына тек әскерилер ғана емес, Ата Заңда атап көрсетілгендей, тәуелсіз елдің әрбір азаматы да жауапты. Біздің әскерімізге негізінен Отанымыздың мемлекеттік шекарасын сұғанақ қолдардан сақтау, териториямыздың тұтастығын елдің егемендігін қорғау жүктелген. Ел қорғау халықтық міндет екені Конституциямызда нақтыланған.
Отанымыздың тәуелесіздігін қорғау, егемендіктің сенімді сақшысы болу «мен қазақпын, мен қазақстандықпын» деген әр азаматтың сана-сезімі мен адалдығына сын. Егер осыны түсіне білсек, еліміздің келешегі жарқын, дүниеге келетін ұрпақ қайғы-мұңсыз өседі. Оның бәрі осы күнгі азаматтардың қолында десем артық айтқандық емес.
Қазақстанның шекарасы шегенделіп, көршілес елдермен достық келісімге қол қойылған. Жақында Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін нақтылаған Конвенция бекітілді. Қысқасы еліміздің қауіпсіздігі нығайды.
Елбасы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың беделінің, дипломатиялық дарынының, көрегенділігінің арқасында еліміздің қауіпсіздігі, көрші елдермен бейбітшілік қарым-қатынасы нақтыланып, заңды түрде бекітілді.
Әскери білім мен әскери кадрлар дайындау мәселелері туралы Н.Назарбаев: «Қарулы Күштердің кадр саясатының негізі, оның кезең-кезеңмен кәсібилендірілуінде» деп атап көрсеткен еді. Бұл бағдарлы сөз басшылыққа алынып, әскери білім мен әскери кадрларды даярлау мәселелерін шешуді жетілдіруде көптеген игі шаралар жүзеге асты.
Қарулы Күштердің әскери академиясы құрылды. Кейіннен бұл академия Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті болып өзгерді. Ақтөбе қаласында Талғат Бигелдинов атындағы жоғары әскери ұшқыштар әскери институты өмірге келді. Кіші мамандар дайындау үшін Кадет корпусы ашылды. Болашақта әскери мамандықты қалайтын жасөспірімдерге де үлкен назар аударылуда. Алматы, Шымкент, Қарағанды қалаларында оларға арналған арнайы мектеп-интернаттар, Астанада «Жас ұлан» мектебі бар.
Әскери доктрина талаптарына сай офицерлік кадрларды даярлауды жетілдірудің бірден-бір бағыты – жаңа әскери оқу орындарын ашу. Осы орайда Радиоэлектроника және байланыс әскери институты ашылғанын да айта кетейік.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіз Қазақ елінде тарихи маңызы зор көптеген істер атқарылды. Соның бірі 1991 жылдың 29 тамызында 40 жылдан астам уақыт бойы адамзатқа қасірет тартқызып, апат қаупін төндіріп келген Семей ядролық сынақ полигонының тұншықтырылуы еді.
Кеңес Одағынан Қазақстанға «мұра» болып жойқын күш – аса қуатты ядролық қару қалған еді. Ол әлемдегі төртінші ядролық арсенал болатын. Туған елінің тыныштығын, адамзаттың қауіпсіздігін ойлаған Н.Назарбаев АҚШ, Ресей, Франция басшыларымен ұзақ та күрделі келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде ядролық қаруды Қазақстаннан аластатуға 1994 жылы келісті. Ядролық державалар Қазақстанның тәуелсіздігіне, территориялық біртұтастығына қарсы күш қолданбауға міндеттенді. Қазақстанға экономикалық қысым көрсетуге бармайтындарын мәлімдеді. 1995 жылы соңғы ядролық қару қазақ жерінен әкетілді. Осылайша адамзат тарихында тұңғыш рет жойқын қарудан ерікті түрде бас тартқан мемлекет пайда болды. Ол – Қазақстан.
Елбасымыз Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының биік мінбесінде тұрып, өзінің туған елін осынау аса мәртебелі халықаралық ұйымға мүше етіп енгізді. Қазақстан осылайша әлем мойындаған егемен ел болды. Бұл қазақ тарихында бұрын-соңды болып көрмеген орасан зор тарихи оқиға еді.
Елорданың Алматыдан Ақмолаға көшірілуі де – үлкен тарихи оқиға. Елбасы әлемдік тәжірибені ой елегінен өткізіп, Қазақстанның сан ғасырлық тарихы мен тағдырын ескере отырып, оның геосаяси, территориялық, демографиялық ерекшеліктерін назардан тыс қалдырмай ұзақмерзімді басымдықтарды анықтады, таяу болашақтағы межелерді белгіледі. Ал жаңа Астана еліміздің болашағының символына айналғанына енді ешкім күмәнданбайды. Санаулы жылдар ішінде Батыс пен Шығыс өркениеттерінің мәнді белгілерін бойына жинаған әсем шаһар пайда болды. Сөз жоқ бұл дерек Н.Назарбаевтың ел басшысы ретіндегі ғажайып қажыр-қайраты мен ел ісіне бел шеше кіріскенін, сонымен бірге тоталитарлық бұғаудан босанған елдің мемлекеттік басқару жүйесіндегі, әсіресе президенттік институт аясындағы іс-қимылдардың қаншалықты сенім мен серпінге толы екенін де айқын аңғартады.
Қазақстан халқының татулығы мен ынтымағы еліміздің халықаралық аренадағы абыройын арттырып отырғаны сөзсіз.
Елбасы – өз Отанына деген сүйіспеншілігі зор, дүниежүзілік ауқымда танылған Көшбасшы, қазіргі заманның көрнекті саясаткері. Көп жағдайда оның реформалық қызметінің және халықаралық бастамаларының арқасында бүкіл әлем Қазақстанды құрметтейді.
Мұхтар АЛТЫНБАЕВ,
Халық Қаһарманы, армия генералы,
«Қарулы Күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық Кеңесінің төрағасы