– Ғарифолла аға, Елбасы «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Алтайды Ұлы даланың бесінші қыры ретінде атап өтті. Бұл Алтайды бүгінгі күн тұрғысынан тағы бір мәрте ой елегінен өткізіп, жаһандық ауқымдағы құндылық ретінде ұлт жадында жаңғыртудың қажеттілігін ұғындырғандай. Осыған қатысты не айтар едіңіз?
– Алтай – ежелгі түсінік. Қазақ халқының жұрт болып қалыптасып, Еуразия кеңістігіне тараған құт-мекені. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түркілер ұлан-ғайыр далада көшпелі және отырықшы өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырғанына, өнер мен ғылымның және әлемдік сауданың орталығына айналған ортағасырлық қалалардың өсіп-өркендеуіне жол ашқанына тоқталып: «Мәселен, орта ғасырдағы Отырар қаласы әлемдік өркениеттің ұлы ойшылдарының бірі – Әбу Насыр әл-Фарабиді дүниеге әкелсе, түркі халықтарының рухани көшбасшыларының бірі Қожа Ахмет Ясауи Түркістан қаласында өмір сүріп, ілім таратқан», деп жазды.
Алтай жайында айтпас бұрын аз-кем әл-Фараби және Қожа Ахмет Ясауи бабаларымыз туралы сөз етейін. Әл-Фараби 870-950 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол туралы араб, парсы дүниесінде жиі айтылады. Арабтар да, ирандықтар да әл-Фарабиді «өз адамы» деп санайды. Олай айтуға негіз – Фараби еңбектерін араб тілінде жазған. Бағдат қаласында ғұмыр кешкен. Әл-Фараби ғылымдарды жіктеуді арифметикадан бастап, метафизикамен, яғни пәлсапамен аяқтаған. Ағылшын ғалымы Карен Армстронг «Нағыз пәлсапаның негізін салушы Әбу Насыр әл-Фараби» деген. Пәлсапа әл-Фарабиден басталса, біздің зерттейтініміз осы ғұлама мұрасы болуы керек.
Түркі дәуірінің ғұламасы – Қожа Ахмет Ясауи. Ол кісі сопы-тақуа. Араб әрпімен түркі тілінде «Диуани Хикмет» («Даналық кітабын») жазған. Қожа Ахмет Ясауи түркі жұртына жаңалық әкелді. Ол еңбегін араб әрпімен түркі тілінде жазып, сопылықтың түркілік бағытының негізін қалады. Ясауи – ойшыл. Ол – исламның шарттарын мойындаушы әрі орындаушы. Алланың бір, пайғамбардың хақтығына ол шүбә келтірмеген. Оған тақуалық өмірі дәлел. Ол ойшыл болғанмен, исламның негізгі қағидаларын мүлтіксіз орындаған.
– Алтайды жырына қоспаған ақын, әніне арқау етпеген сазгер аз шығар. Алтайдың құдіреті неде?
– Жоғарыда айтылған екі ғұлама еңбектері рухани байлыққа жатса, Түркі әлемінің алтын бесігі аталған Алтай өңірінде материалдық мәдениеттің үздік үлгілері табылуда. Берел, Шілікті, Елеке сазы елді мекендерінде әлемдік деңгейдегі архифактор табылып, насихатталуда. Бұл өркениеттік үрдісте Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің еңбегі ерекше. Ол кісі өзі бас болып, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларды жүйелі түрде 2016 жылдан бастап, қатарынан 3 рет өткізді.
Айталық, Өскемен қаласында 8 қыркүйекте өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» деген іс-шараға Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэролин Браун және Моңғолияның Қазақстандағы елшісі Лувсан Баттулга қатысты. Өзге де шақырылған түркі әлемінің ғалымдары өз ойларын ортаға салды. Археологтар: Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев шамамен біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырларда өмір сүрген сақ ханзадалары жерленген қорғандарда зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижелерін жұртшылық назарына ұсынды.
Тарбағатай ауданынан табылған Алтын адам – Алтайдың алтын ғасырының адамы. Адамға құрмет болса, осындай болуы керек. Алтайлықтар бек құрмет тұтатын адамын көзінің тірісінде ғана емес, дүниеден озғаннан кейін де алтынмен аптап қойған. Мұндай жағдай әлем халықтары ішінде тек Сақ мәдениетіне тән. Ендігі жерде мен сақ дәуірінің данышпаны б.д.д VI-VII ғасырларда өмір сүрген Анахарсистің Алтай өңірінен шыққанына еш таластың жоқтығына көзім жетті. Алтайдың Анахарсисі ой маржанына ие, Алтын адам – Алтайдың алтын ғасырының адамы. Бабалар мінезі – архетип. Міне, соны археологтар оятуда. Алтын адам – тек архетип қана емес, ол Алтын идея. Ол – тарихи сана.
Елбасы өзінің мақаласында тарихи сананың кеңістігі және уақыты туралы терең әңгіме қозғаған. Бұл – кең-байтақ Қазақ елінің қай өңіріне болсын қатысты шындық. Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе өңірлерінен бастап, тегіс Жетісу, Сарыарқа бәрін тұтас алғанда, жеке-жеке алғанда әрбір тарихи оқиғалардың түп-тамыры – қазақ халқы қалыптасуының негізі.
Біз барымызбен мақтанамыз. Біз барымызды келер ұрпаққа мұра ретінде ұсынамыз. Біз барымызды біліп, танып, зерттеп ол архифакторды тек мұражайларға ғана орналастырып қоймай, оларды әлем халықтарының назарына ұсынып, өзіміздің тарихта кім болғанымызды, қандай рухани, материалдық құндылықтарға ие болғанымызды және оларды өмірге келтіріп, бүгінгі күнге жеткізгенімізді айтуымыз қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы