Экстремизмге қарсы күрес және заңсыз көші-қон бойынша шекаралық ынтымақтастық мәселелері талқыланған кездесуге Қазақстан ІІМ Штаб бастығы полиция полковнигі Серік Сүйінбаев, Өзбекстан ІІМ Ұйымдастыру департаментінің бастығы Шухрат Норгитов, сондай-ақ Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков бастаған шекаралас аудандардың, генерал-майор Гайрат Кадиров бастаған Жизақ, Ташкент, Сырдария облыстарының полиция қызметкерлері қатысты. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы шекаралық аймақ жөніндегі өзара келісім мен байланысқа қатысты бірқатар құрылымдар шеңберінде халықаралық келісімшарттар бар. Дегенмен трансұлттық және есірткі тасымалдаудың өсу қаупі, көші-қон процестері мен қылмыстық ахуал бірлесе жұмыс істеуді талап етеді.
Екіжақты кездесуде тараптар экстремизмге қарсы іс-қимыл, жедел-профилактикалық іс-шараларды өткізу, көші-қон жөнінде ақпараттар алмасу секілді басқа да бірқатар мәселелер бойынша нақты ұсыныстарды ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстан мен Өзбекстан ІІМ өкілдері қылмыспен күрес және шекаралық ынтымақтастық саласы бойынша бірлесе ұйымдастыратын және жүзеге асыратын бірқатар құжаттарға қол қойды.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы