Оған еліміздің жол құрылысы саласындағы жауапты тұлғалардың барлығы шақырылды. Конференция жұмысына Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев пен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Илья Теренченко, Инвестиция және даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев, Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Фатима Жақыпова, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы Ермек Қизатов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рүстем Жүрсінов қатысты. Негізі бұл тақырыпты талқылауға Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаменті бастама көтерген болатын. Оған «ҚазАвтоЖол» АҚ мен Қостанай облысының әкімиаты қолдау көрсетті.
Қазақстанда автомобиль жолдарының ірі көлік жобасы – халықаралық транзиттік дәлізі саналатын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолын салу ісі жүзеге асты. Жолдың ұзындығы 8445 шақырым, соның 2787 шақырымы Қазақстаннан өтеді. Бұл ірі жол еліміздің транзиттік мүмкіндігін кеңейтіп, сонымен қатар көрші елдермен қарым-қатынасымыз бен әріптестігімізді нығайта түседі. Алайда автокөлік жолдарының өзекті мәселелері бар. Жолдардың құрылысы мен күтіміне бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы бөлінеді. Республикалық агенттіктің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, жолдағы басты өзекті мәселе тек ғана – сыбайлас жемқорлық.
«Аудан, облыс орталықтарын, селолық округтерді аудан орталықтарымен қосатын жолдар қарныңды ашырады.Өкінішке қарай, осы жолдардың жағдайы жақсармай-ақ қойды. Оның бірнеше себебі бар. Ауа райының ыстықты-суықтығы жергілікті жердегі жолдардың бұзылуына әкеледі. Ал басты себеп, оның құрылысына сыбайлас жемқорлықтың араласуынан жол сапасының төмендеуі дер едім» деді Алик Шпекбаев.
Ал Қостанай облысы жолдардың ұзындығы бойынша елімізде Шығыс Қазақстан облысынан кейінгі екінші орынды алады. Облыс өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдардың ұзындығы 1410 шақырымды құрайды. Жалпы, Қостанай облысында барлығы 9300 шақырым жол болса, соның 80 проценті жергілікті маңызға ие. Биыл жыл басынан бері жолдардың жөндеу жұмыстарына 36 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды. Соның арқасында 18,5 шақырым жол қайта жөнделді, 26,5 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті, 440 шақырым жолға орта деңгейлі жөндеу жұмысы жүрді. Дегенмен, жол құрылысында орын алатын сыбайлас жемқорлықтың көрінісі бұл саладағы жұмыстың берекесін қашырып, сапаны төмендететінін облыс әкімі Архимед Бегежанов та айттып өтті.
– Жол құрылысы саласы қаржы көлемі жөнінен шаруашылық салалары арасында лидер болып табылады. Қаржы болған жерде ондағы жобаларды жүзеге асыруға инвесторлар да, мердігер кәсіпорындар да мүдделілік білдіреді. Өкінішке қарай, қаржы мол бөлінетін бұл салада сыбайлас жемқорлық та қатар жүреді. 2016 жылы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бастығының орынбасары және осы басқармадағы техникалық бақылау бөлімінің басшысы пара алып, ұсталды. Осындай жағдайларға байланысты біз бірқатар шаралар белгіледік. Мысалы, біз басқарма қызметкерлері мен мердігер ұйымдар өкілдерінің тікелей байланысуын мүмкіндігінше азайттық. Жолдың құрылысы сапалы жүру үшін біз бес деңгейлі бақылау жұмысын енгіздік, – деді Архимед Бегежанұлы. Сонымен қатар өңір басшысы мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тізе қосып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу керектігін айтты.
Конференция барысында «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Жол картасына қол қойды. Мұнан кейін конференцияға қатысушылар үш жинақты секцияларға бөлініп, автомобиль жолдары саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелерін талдады. Онда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте мемлекеттік құрылымдар мен мемлекеттік сыңайлы секторлар арасындағы ынтымақтастық, оған азаматтық қоғам институттарының, кәсіпкерлік қауымдастық пен одақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың тізе қосуы әңгіме болды. Панельдік секцияларда мердігер ұйымдардың жауапкершілігін артыруға көңіл бөлінді.
Конференция аясында Қостанай қаласында еліміздегі алтыншы «Qostanai –Adaldуq alanу» жобалық кеңсесі ашылды.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай