Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2018

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

635 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымына осыған дейін ҚР Предиденті Әкімшілігінде қызмет еткен 43 жасар Ермағанбет Бөлекпаев тағайындалды. Бұл қызметте ол энергетика, коммуналдық шаруашылық және төтенше жағдайлар қызметіне жетекшілік етеді.

Қарағанды облысы әкімінің орынбасары тағайындалды

Кадрлық өзгерістер жайлы облыс әкімі Ерлан Қошанов актив отырысында мәлімдеді.

– ҚР Президенті Әкімшілігінің келісімімен және менің өкіміммен Ермағанбет Қабдоллаұлы Бөлекпаев облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Ермағанбет Бөлекпаев 1975 жылдың 2 қыркүйегінде Қарағанды облысындағы Шет ауданының Өспен ауылында дүниеге келген. «Қаржы және несие» және «Құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. 1996 жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін, 2003 жылы А.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетін тәмамдаған.

Мемлекеттік қызметте 1998 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Орталық мемлекеттік органдарда еңбек ету тәжірибесі бар. ҚР Индустрия және сауда министрлігінде түрлі лауазымдарда қызмет еткен. ҚР Парламент Сенаты депутатының көмекшісі болды. 2003-2009 жылдар аралығында Павлодар облысында облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары, Павлодар қаласы әкімі аппаратының жетекшісіқызметтерін атқарған. Павлодар ауданының әкімі, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы болды. 2009 жылдан 2013 жылға дейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің Қарағанды және Оңтүстік Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ Астанадағы басқармаларына жетекшілік еткен.2013 жылдың маусымынан бастап 2018 жылдың ақпанына дейін Астананың Сарыарқа, Алматы және Есіл аудандарының әкімі болды. 2018 жылдың ақпанынан бастап осы күнге дейін ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы қызметін атқарған.

«Ерең еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды