Аймақтар • 01 Желтоқсан, 2018

Рудный қаласында жекеменшік жаңа емхана іске қосылды

390 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жекеменшік «Жемчужина» емханасы тұрғындарға көп салалы медициналық және стоматологиялық қызмет көрсетеді. «Желқуар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты емхананың құрылысы өткен жылы тамыз айында басталған болатын. Емхананың жалпы құны 500 миллион теңгені құрады. Инвестициялық қаржыға емхана құрылысымен бірге ішіне заманауи медициналық жабдықтар алынды.

Рудный қаласында жекеменшік жаңа емхана іске қосылды

«Бұл – Рудный қаласындағы бірінші цифрландырылған емхана. Осыған дейін іс қағазсыз жүргізілетін емхана болған жоқ. Мұнда алынған шетелдік жабдықтар да цифрландырылған. Мысалы, цифрлық рентген сырқат адамды түсіргеннен кейін сол сәтте нәтижесін қолына береді. Тіркеу орнында келушілерге қызмет көрсету небәрі 3 минутқа созылады. Мұндай стандарт бұрын кеншілер қаласында болмаған» дейді осы емханаға инвестиция салған «Стомед» компаниясының президенті Владимир Клименко.

Емхананың ашылу салтанатына облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қатысып, рудныйлықтарды мерекемен және қалаға жаңа әлеуметтік нысанның қосылуымен құттықтады.

«Бұл жаңа, заманауи емхана 15 мың қалалыққа қызмет көрсетеді. Ол өзінің толық қуатында жұмыс істегенде тағы да 5 мың адам қосымша бекітілетін болады. Емхана мемлекет пен жеке меншіктің ынтымағы арқасында пайда болды. «Стомед» компаниясы инвестиция салды, бюджеттен 19,9 миллион теңге бөлініп, емхананың инженерлік желісі жасалды, субсидия бөлінеді» деді Архимед Бегежанұлы.

Емхана 26 адамға жұмыс беріп отыр. Медицина мамандары да жеткілікті. Күніне 200 адамды қабылдай алады.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай