«Ана мен балаға қамқорлық – қоғамға қамқорлық. Бұл іске барлығымыз атсалысуға тиіспіз. Біз мүмкіндігімізше облыс дәрігерлерінің елімізде және шет елде білім алуына, емханаларды жаңа медициналық құралдармен жабдықтауға қаржылай қолдау көрсетіп келеміз. Бұл жолы компания жас дәрігерлерді қолдауға назар аударып отыр. Жас мамандар аға буыннан өнеге алып, тәжірибе жинақтайды деп сенеміз», - дейді «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.
Салтанатты шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев денсаулық саласына ерекше көңіл бөлетінін, өңірімізде облыс әкімінің бастамасымен дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешуге баса мән берілгенін, жақын уақытта жас мамандар қызметтік пәтермен қамтылатынын атап өтті. «Мемлекеттен бөлек бизнес өкілдері, оның ішінде «Қазцинк» компаниясы облыстың денсаулық саласына жәрдемдесіп тұрады. Жуықта компанияның басқа да бастамаларын талқыладық, алдағы уақытта сәтімен жүзеге асар деп ойлаймыз», - дейді басқарма басшысы.
Реті келгенде айта кетейік, өндіріс орны 21 жылдан бері аймақтағы медициналық мекемелерге қол ұшын созып келеді. Биыл компания Ана мен бала орталығына нәресте бойындағы ауру белгілерін ерте анықтауға мүмкіндік беретін офтальмологиялық аппарат алып беріпті. Бұған дейін мұндай құрылғы Астана, Алматы және Шымкент қалаларында болыпты. Сонымен қатар кәсіпорын көмегімен Алтай ауданындағы аудандық аурухананың шатыры ауыстырылып, Риддердегі қалалық емханаға жөндеу жүргізіліпті.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
ӨСКЕМЕН