Ит адамның досы ма?
НЕМЕСЕ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛМАҚ КЕРЕК?
Дәу дарбазаны ақырын ашып, үй ішіне ене бергеніміз сол еді, көздері қып-қызыл, өзі сұп-сұр ит жуан санға жармасты да, жабысып қалды. Ойда-жоқта, қаннен-қаперсіз келе жатқандықтан ба, зәреміз зәр түбіне кеткен. Бірақ бірден ес жидық. Жан-дәрмен сілкілеп, тепкілеп жүріп, құтылғандай болдық. Қазақы мінез дейсіз бе, әлде бейқамдық дейсіз бе, ит қапқан соң дәрігерге бармадық. Бала кезде есік алдындағы Құттөбет мұрынды жұлып ала жаздаған. Мынау жанымызға ондай батпағасын, аса елемегеніміз де рас еді.
НЕМЕСЕ ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАЛАЙ ҚҰТЫЛМАҚ КЕРЕК?
Дәу дарбазаны ақырын ашып, үй ішіне ене бергеніміз сол еді, көздері қып-қызыл, өзі сұп-сұр ит жуан санға жармасты да, жабысып қалды. Ойда-жоқта, қаннен-қаперсіз келе жатқандықтан ба, зәреміз зәр түбіне кеткен. Бірақ бірден ес жидық. Жан-дәрмен сілкілеп, тепкілеп жүріп, құтылғандай болдық. Қазақы мінез дейсіз бе, әлде бейқамдық дейсіз бе, ит қапқан соң дәрігерге бармадық. Бала кезде есік алдындағы Құттөбет мұрынды жұлып ала жаздаған. Мынау жанымызға ондай батпағасын, аса елемегеніміз де рас еді.
Арада бір апта өткен. Сол аяқ сыздап, ұйып қала беретін әдет тапты. Сылтып басып, тағы үш күнді өткіздік. Болмағасын, қалалық ауруханаға бардық. Мосқал тартқан ер кісі ит қапқаннан кейін он күн өткізіп алғанымызды естіп, ұрыса жөнелді. Мейірлі мейірбике жамбасқа бір, иыққа тағы бір дәрісін егіп, шығарып салды. Сосын қолға жолдама ұстатты. Сонымен тіркеуде тұрған емханаға баруымыз керек екен. Ондағылар енді құтырмаға қарсы дәрінің үш ай бойына егілетінін айтты. Ал керек болса…
Құтырма ауруы қалай тарайды?
Осыдан соң шындап ойландық. Ит қауып жатқан жалғыз біз емес. Қалалық ауруханадағы қызметкерлердің айтуынша, күніне оннан аса адам осындай жағдаймен алдарына келеді екен. Мұндай оқиғалардың күн санап артып бара жатқанын, қалада иттердің қаптап жүргенін, олардың адамдарға аса қауіпті болып тұрғанын қоса айтты. Енді осыдан кейін аталмыш тақырыпқа қызықпай гөр. Дендеп зерттеуге кірістік.
Алдымен, травматология бөліміндегі қызметкерлердің айтқан әңгімесін тұздық ете кетейік. Өткенде мектеп жасындағы бір бала ауыр сөмкесін иығына іліп, ілбіп басып көшеде келе жатады. Дәл сол кезде төбедей болған алабай тұқымдас ит балаға тап береді. Шөкедей балаға есектей иттің төне кеткенін елестетіңіз. Оқушының киімін дар-дар айырып, талап тастапты. Қайта көшеде кетіп бара жатқан адамдар ара түсіп, аман алып қалған. «Әйтпесе, ана баланы тірідей жейтіндей екен. Соның өзінде дымын қалдырмаған» дейді аурухана қызметкерлері.
Біз ауруханада отырғанда ит талаған екі әйел кісі келді. Алпысты алқымдап қалған апай қолдың сүтін сатып алмаққа көршісіне барыпты. Тура қолтықтан алып, жерге аунатқан. Онан соң арқасынан тістеп, сырт киімін іске алғысыз етіп тастаған. Екінші кісі көшеде кетіп бара жатқанында тобықтан тістеп, жарақаттағанын айтады. Айналасы жарты сағаттың ішінде үш адам болдық. Осыдан соң, қалалық ауруханаға күніне оннан астам адам ит қауып түседі дегенге сенбей көріңіз. Ал Құдайдың күні көп пе, он адам көп пе? Ой елегінен бір өткізе салыңызшы.
Қызылорда қаласында былтыр ит аулаумен айналысқан Ербол Ахметов мынаны айтты. Бір жыл бойына қаладан тапсырыс алып, иттерді ауладық. Сонда байқағанымыз, қаңғыбас иттер адамға шабуыл жасамайды. Олар алдымен тамақтарын тауып алсын. Оның үстіне күшік кезінен таяқтап тастаған олар адам көрсе алыстан қашады. Ал қолда тұрған, иесі бар иттер адам талағанды қызық көре ме, әлде күшік кезінен ызаландырып өсіргендіктен бе, босанып кетсе, бей-жай жүрген адамды талап тастайды, дейді ол.
Жоғарыда біз айтқан алабай итінің де қаңғыбас емес екені анық. Түркімен төбетінің бүгінде «түкірігі» жерге түспей тұр. Базарда бауырын енді көтеріп, көздерін кеше ашқан күшіктерінің өзі 100 доллардан кем бағаға сатылмайды. Ал әкесі пәленбай чемпион, шешесі түгенбай жеңімпаз болса, онда бағасы тіпті шарықтап кетеді. Бір қызығы, олардың тұқымының сондай екенін зерттеп, куәландырып жатқан ешкім жоқ. Құр сөзге сенген қазақ төбедей төбеттерді сатып алып жатыр.
Қош. Ит асырамасын деген заң жоқ. Оның тұқымы қандай, тегі қайдан шыққан деп тызақтап тексеріп жатқан да ешкім көрінбейді. Дегенмен, қолда ит тұрмақ, мал ұстаудың да өзіндік ережелері бар. Мысалы, иттің тұратын өз орны болуы керек. Оны қыдыртқанда міндетті түрде тұмылдырық тағылуы шарт. Күндізгі уақытта итті қораның ішінде бос жіберуге болмайды. Адамдардан алшақ болуы тиіс. Үнемі ветеринар дәрігердің қадағалауына апарып тұру қажет. Жылына бір рет құтырмаға қарсы дәрі егіліп, денсаулығы тексерілуі шарт. Бірақ осы айтылғандардың бірі де жасалмайтын жағдайлар көп кездеседі. Итті тексерту, қорада бос жібермеу былай тұрсын, есігінің алдындағы төбедей төбеттің қайда жүргенін білмейтіндер бар. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаменттегі мамандардың айтуынша, қолдағы иттердің жартысы «жартылай қаңғыбас» деген категорияға жатады екен. Ол қалай? Иттің нақты иесі бар. Бірақ қараусыз. Қолынан тамақтанады. Десек те, оны қадағаламайды. «Итің қайда?» десе, «әйтеуір осында жүрген» деген жауап аласың. Олай болатыны бар, ендеше неге ит асырайды?
Енді «ит құтырма ауруды қайдан жұқтырады?» деген сауалға келейік. Мамандардың сөзіне сенсек, бұл оларға жабайы жыртқыштармен қатынасының арқасында жұғатын көрінеді. Қарапайым тілмен айтар болсақ, қасқыр, түлкі, шағал секілді жыртқыштармен иттер қатынасқа түседі. Ал құтырма ауруын тасымалдайтын да негізінен осындай жыртқыштар болып табылады. Бүгінде бұрынғыдай далада мыңғырған мал жоқ. Ақбөкеннің өзі «Қызыл кітапқа» енудің алдында тұр. Қоян дегеннің де қарасы азайды. Сондықтан жабайы жыртқыштар елді мекендердің айналасын айналшықтайды. Тамағын осы жақтан табады. Содан келіп иттермен байланыс жасап, сілекейі арқылы оларға жұқтырады. Ал иттер адамдарды қабады. Сөйтіп, адамдар ауруға шалдығады.
Бұрын Қызылорда облысында құтырма ауруына шалдыққан адамдар болмайтын. Негізінен мұндай ауру Оңтүстік Қазақстан облысында тіркелетін. Бірер жылдың жүзі болды, Қызылордаңызда да құтырма ауруы тіркеліп жатыр. Мәселен, 2010 жылы 1 адам құтырма ауруына шалдыққан. Ол қаланың тұрғыны еді. Былтыр болса, 3 адам осы аурумен ауырған. Оның біреуі Қызылорда қаласының, екеуі Қазалы ауданының тұрғындары. Ал бұл аурудың шипасы жоқ. Емі әлі күнге табылмаған. Осы арада соңғы екі жылда облыс бойынша иттерден жапа шеккен адамдардың санын айта кетейік. 2010 жылы 2561 адамды ит талаған. Оның 10-ы жабайы жыртқыштар екен. Ал 2011 жылы 3894 кісі жарақат алған. Бұл жылы 33 адамды жабайы жыртқыштар жарақаттаған. Байқап отырған шығарсыз, иттерден зәрезап болған адамдардың саны жыл сайын артып барады. Ал оларды аулауға, жоюға қатысты жыл сайын қаншама қаржы бөлінеді. Сөйтіп, мыңдаған иттің өлгені туралы есеп беріледі. Бірақ нәтиже көңіл көншітерлік емес. Неге?
Жадыңызда сақтаңыз!
Егер ойда-жоқта сізді немесе танысыңызды ит қауып алса, онда міндетті түрде жараны кір сабынмен жуып, йод қышқылын жағу керек. Ал абзалы, дәрігерге барып қаралу. Дәрігер жараңызды таңып, қажетті дәрумендер егеді. Сонан соң емханаға тіркеуге алынасыз. Бірінші дәрі ит қапқан күні, одан соң үш күн өткеннен кейін егіледі. Сосын үшіншісі бір апта уақыттан соң салынады. Сол аралықта сізді қапқан итті мамандар тексеріп, құтырған-құтырмағанын анықтайды. Егер ондай аурудың нышаны байқалмаса, дәрі егу тоқтатылады. Ал ит табылмай жатса, не болмаса аурудың нышаны байқалса 3 ай бойына дәрігердің қарауында боласыз. Құтырма ауруы иттердің сілекейі арқылы тарайды. Бұл ауру екі жылға дейін ағзада сақталады. Сондықтан ондай ауруға шалдыққан-шалдықпағанын адамдар бірден біле алмайды.
күрес қалай жүруде?
Деректерге қарап отырмыз. «Құдай-ау, мынадан кейін ит қалмауы керек қой Қызылордада» деген ой жылт етіп өтті. Қараңыз: былтыр облыс бойынша 24 мың 174 ит атылған. Сұмдық сан ғой. Бұның арасында 346 мысық та кетіпті. Сонымен қатар, 2 қасқыр да морбиыпты. Ал қаңғыбас иттермен күреске облыстық бюджеттен 22 миллион 883 мың теңге қаржы бөлінген. Алдыңғы жылы бұл қаржы 13 миллион 683 мың теңгені құраған екен. Көріп отырғаныңыздай, ит атуға қаржы жыл сайын артып келеді. Бірақ…
Екі жыл қатарынан Қызылорда қаласында құтырма ауруының фактілері тіркелгенін айттық. Негізінен, иттердің көптеп шоғырланған тұсы да осы қала. Қалаңыз қалай күресіп жатыр екен? Қарайық. 2011 жылы қалалық бюджеттен 10 миллион 114 мың теңге қаңғыбас ит-мысықтарды аулауға жұмсалған. Қалалық әкімдіктегілер қаржы толығымен игерілді деген деректі алға тартады. Соның нәтижесінде 11149 қаңғыбас иттің мылтық нысанасына ілігіп, жойылғанын жеткізеді. Оның ішінде 20 мысық та бар екен. Байқасаңыз, облыс бойынша бөлінетін қаржының жартысы қала бюджетінен шығып отыр. Соған сәйкес өлтірілген қаңғыбас ит-мысықтардың да жалпы санының жартысы қала есебінде. Статистика жақсы. Дей тұрғанмен иттен зардап шеккен адамдар азаймай тұр. Мысалы, қала әкімдігі берген ресми дерек бойынша былтыр Қызылордада 710 тұрғынды ит қапқан. Бізге бұл перденің бергі жағы сияқты көрінеді. Өйткені, травматология бөліміндегі қызметкерлердің күніне 10 адам иттен зардап көргенін айтып келетінін жоғарыда жеткіздік. Қарапайым қисынға салсақ, 100 күнде 1000 адамның саны шыға келеді. Ал бір жылда 365 күн бар.
Биылдан бастап, қалада қаңғыбас ит-мысықтармен күресетін арнайы мемлекеттік-коммуналдық орталық құрылып жатыр екен. Былтыр онымен «Нұррахман» деген жеке кәсіпкер айналысқан. Оның басшысы Ерболат Ахметовтен мәселенің мән-жайын сұрадық. Ол былай деді:
– Бір жыл бойына қала әкімдігінің тапсырысымен ит аулаумен айналыстық. 11 мыңның үстінде қаңғыбас ит-мысықтарды жойдық, – дейді ол.
Біз айтамыз «11 мың болса, онда қалада ит қалмайтын жағдайға таяған шығар?» деп. Ол айтады:
– Ит пен мысыққа төленетін қаржы бірдей. Сондай-ақ күшіктеріне де қаржы солай төленеді. Мысалы, біз көптеген күшіктеп жатқан иттердің ұясын таптық. Соның бәрін жойдық. Ол да есептеледі ғой. Мысалы, бір ит кем дегенде 7-8 күшік табады. Анасымен қосқанда, сонда 9 ит болады. Ал жаңағы күшіктер бірнеше айдан кейін адамдарға қауіп төндіруі мүмкін.
Жөн екен. Түсінгеніміз, енді көзін ашқан күшіктер де статистикаға кіріп кеткен. Қисынға салар болсақ, өлтірілген 11 мың иттің тең жартысы күшік болып шығуы да ғажап емес. Сонда біздің қала қаңғыбас һәм қауіпті иттермен күресіп жатыр ма, әлде тісін енді жарған күшіктермен бе? Міне, сұрақ!
Жалпы, құтырма ауруын жұқтырған болса, күшік те қауіпті. Күшік дейміз-ау, құстан да қауіп бар. Дегенмен, қаңғыбас иттермен күрес дұрыс жүргізілмей жатқан сыңайлы. Айтпақшы, иттерді қалай жояды? Иттерді аулайды екен. Сосын өлтіріп, бір шұңқырға салып, өртеп, көміп тастайтын көрінеді. Болмаса, арнайы ит өртейтін орындарға апарып сүйегін тастайды. Әрине, бұл туралы тіркелген құжат бар. Бірақ құжатты екінің бірі жасай алатынын, сосын тапсырыс беруші мен орындаушының өзара келісім жасап, қаржыны басқа мақсатқа жұмсауға болатынын ескерсек, өлтірілген иттердің санына да күдік келтіруге болады. Қысқасы, бұл арадан да жемқорлықтың ізін байқауға болатын сыңайлы. Бірақ қолмен ұстап, көзбен көрмегесін пәлен дей алмайсың. Дей тұрғанмен, ондайдың ықтимал екенін айтқан да абзал.
Сонымен, атам қазақ жеті қазынаның біріне кіргізген итіңіз бүгінде адамға дос болмай тұр. «Қасқыр да қас қылмайды жолдасына» деген қисынға салсақ, ит адам досына қастық жасайтын дәрежеге жеткен. Қысқасы, ит иттігін жасайды. Соның салдарынан адамдар айықпас ауруға шалдығып, өліп кетіп жатыр. Енді онымен нақты, жүйелі, стратегиялық түрде күрес керек. Жылына мұнша қаржы бөлінді, оған мынадай көлемде ит өлтірілді деген жалаң цифр мен статистикаға сүйене берсек, ертең мұның бетін қайтару қиын болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті осы бастан мықтап қолға алған дұрыс. Өйткені, оның артында адам тұр…
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы.