Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2018

Президент күнінде туған перзенттерді құттықтады

621 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов 1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні дүниеге келген сәбилер мен олардың аналарын құттықтады. №2 қалалық көпбейінді ауруханаға арнайы барған елорда әкімі аналарды алғыс хатпен марапаттап, сәбиге қажетті дүниелерді сыйға тартты.

Президент күнінде туған перзенттерді құттықтады

Астана қаласы әкімдігі баспа­сөз қызметінің хабарлауын­ша, мереке күні аталған ауруханада 26 нәресте дүние есігін ашты. Яғни 10 ұл, 16 қыз бала дүниеге келген. Жалпы, 1 желтоқсан күні Астанада 80-нен аса сәби өмірге келді. 

«Біз үшін ең бастысы, нәресте­лер мен аналардың денсау­лық­тары­ның мықты болуы. Мереке күні дүниеге келген және келетін барлық сәбиге аман-сау болуы­мен қатар, айтулы ел азаматы болып өсуіне тілектеспіз», деді Бақыт Сұлтанов. 

Аналардың көбі екінші және үшінші баласын өмірге әкелсе, ал Диана Ысқақова тұла бойы тұңғышының дәл осы күні өмірге келгеніне өте қуанышты. «Бүгін отбасымыз үшін ерекше күн. Көптен күткен қуанышқа кенелдік. Өйткені бұл сәбиді 3 жыл бойы күттік. Шынымды айтсам, босануымды осы күнге сәйкес келеді деп ойламадым. Мен үшін баланы аман-сау дүниеге әкелу маңызды болды. Есімін әлі таңдаған жоқпыз. Елба­сы­ның есімін берейік де­сек, жолдасымның аты да Нұрсұлтан», деді жас ана Диана Ысқақова.

Аналарды құттықтау рәсі­мі­­­нен кейін Астана қалалық қоғам­дық денсаулық сақтау басқар­­масының басшысы Қамалжан Надыров пен аурухана­ның бас дәрігері Иван Ли әкімге екі емдеу мекемесінің арасындағы диагностикалық орталықтың қабылдау бөлімін ашуға қатысты жобаны таныстырды. 

«Бұл халықаралық стандарт­тар­ға сай қабылдау бөлімін ашу үшін жасалып жатыр. Ауа райы­­ның қо­лай­сыздығына қа­ра­­мас­­тан науқасты бір емханадан екіншісіне кедергісіз тасы­мал­дау­ға екі емхана арасында «әуе» өтпелі жолы жасалатын болады. Қазір бұл жоба әзірлену үстінде», деді Қамалжан Надыров.

Бас дәрігер Иван Лидің ай­туынша, көпбейінді аурухана мен перзентхананы біріктіргеннен кейін соңғы екі ай ішінде күрделі патологиясы бар 20 шақты әйел емделген.

Айта кету керек, осы жылдың күзінде № 2 қалалық көпбейінді аурухана № 1 перинаталды орта­лық­­пен біріктірілген бола­тын. Жыл сайын аталған орталықта 12 мыңнан аса сәби дүниеге келеді.

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»