Жиынды ашқан университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Қажымұрат Ахмеденов Тұңғыш Президент күні – мемлекеттік билік институтының символы, Тәуелсіздік іргетасын бекіте түскен мәртебелі мейрам екенін айтты.
– Қазақстандағы ең көне жоғары оқу орындарының біріне саналатын Махамбет Өтемісұлы университеті Мемлекет басшысы жүргізіп келе жатқан барлық бастаманы қызу қолдайды. Өйткені бұл реформалар – әр адамның көкейіндегі арман-мақсатқа жақындата түседі, – деді Қажымұрат Мақсұтұлы.
Жиында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлық профилактикасы басқармасының басшысы Біржан Хайруллин сөз алып, Ақжайық өңіріндегі мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі талапқа сай жұмысына сараптама жасады.
Тарих ғылымдарының магистрі Даниял Танзенов болса, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ халқының рухани жаңғыруына қосқан үлесі туралы тарихи тұрғыдан сөз қозғады. Елбасының қазақ қоғамының тұрақтылығын сақтаудағы еңбегі гуманитарлық білім магистрі Гүлбарам Жәлекенованың баяндамасына да өзек болды.
Ал облыстық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық жетілдіру басқармасының бас маманы, экономист Нұрлан Ташкенов елімізде кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып берді. Жиналғандар заң ғылымдарының магистрі Дәурен Сағынғалиевтің «Жаңа келбеттегі Қазақстанның жаһанға танылуы» атты баяндамасын да ықыласпен тыңдады.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»