Аймақтар • 03 Желтоқсан, 2018

Петр Шинкарев тоқсан жасқа келсе де, темір жонып жүр

302 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенесіз бе, сенбейсіз бе, Өскемендегі гидротехникалық материалдар өндірумен шұғылданатын «Гидросталь» ЖШС-інде 90 жастағы Петр Шинкарев деген кісі жұмыс істейді. 6-разрядты фрезерлеуші қызметін атқаратын, еңбек өтілі 70 жылдан асатын қария осы кәсіпорында 28 жылдан бері еңбек етіп келеді екен.

Петр Шинкарев тоқсан жасқа келсе де, темір жонып жүр

Зауыттағы әріптестері оның еңбекқорлығына таңданады. «Мен Петр Павловичті тұңғыш рет көргенде 37 жастағы қылшылдаған жігіт еді. Зауытта уақытша дағдарыс болған жылдары басқа мекемеде жұмыс істеуге тура келді. Міне, 10 жылдан астам уақыттан бері үйреншікті мекеніне оралып, жастардан қалыспай еңбек етуде. Осы жылдар ішінде қарияның біреуге дауыс көтергенін естімеппін. Қол қусырып отырған кезін де көрмеппін. Қашан көрсең, станок басынан шықпайды. Еңбекқорлығын көрмейсіз бе, Конденсатор зауытынан осында ауысқаннан кейін өзі жұмыс істейтін үлкен станоктың жанына «жұмыс арасында босқа отырмайын, ішім пыспасын» деп тағы да бір шағын станок қойып алды», - дейді «Гидросталь» ЖШС директоры Анатолий Синицын.

Расында, Петр Шинкаревті тоқсанға қиғыңыз келмейтіндей. Жүрісі ширақ. Әзілін де тастамайды. Әлі күнге дейін  көлікті өзі жүргізеді. «Көп нәрсе адамның мінезіне байланысты. Мен өзім ешкімнен ештеңені жасырмай ел алдында, ашық жүргенді жақсы көремін. Үйімді де елдің көз алдында салдым. Жұртты көріп жүрейін, жұрт мені көрсін деп. Әрине, 90 жасқа келіп, станок басында тұрғаным зауыттағы кейбір адамдарға ұнамайтын да шығар. Бәлкім, жастардың көзіне сүйел боп та көрінетін шығармын» дейді сөзін әзілге сүйеген қария.

Тоқсан жасқа келсе де, топтан қалмай, темір жонып жүрген Петр Шинкарев туралы бекерге айтып отырған жоқпыз. Тұңғыш Президент күні қарсаңында Қазақстан машина жасаушылар одағының директоры Ришат Асансейітов Астанадан арнайы келіп, еңбекқор қартқа «Құрметті машина жасаушы» төсбелгісін әріптестері алдында салтанатты түрде тапсырып, алғысын айтты. «Біз негізі өз саламыздағы үздік қызметкерлерді, еңбегі сіңген ардагерлерді жыл сайын қыркүйектің соңғы жексенбісінде, Машина жасаушылар күнінде марапаттаймыз. Өскеменде 90 жастағы осындай кісінің бар екенін, әлі де станок басында тұрғанын білгенде мекеме басшылығына Инвестициялар және даму министрлігіне ұсыныс хат жазуын өтіндік. Министрлік ұсынысымызды қолдады. Әрине, 90 жаста станокта тұру оңай шаруа емес. Бұл - жастарға үлгі боларлық дүние деп ойлаймыз. Жасыратыны жоқ, көбіміз станокта тұрмақ түгілі, осы жасқа жетсек деп армандаймыз», - деді ол.

 Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН