Осы бағытта экологиялық және экономикалық тұрғыдан тиімді интеллектуалды жүйелерді қолданысқа енгізудің әлеуеті зор. Жаңа технологиялар негізінде жасалған жарық беретін қондырғылар техникалық қызмет түрлерінің, жөндеу жұмыстарының азаюына, жарықшамдардың ұзақ уақыт қызмет етуіне мүмкіндік беруімен қатар қала үшін қауіпсіз.
Заманауи жарықшамдармен қамтамасыз ету қала көркіне әр беріп қана қоймай, энергия үнемдеуге де мүмкіндік береді. Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының басшысы Мақсұт Исаховтың айтуынша, қазіргі кезде қала бойынша жарықшамдардың саны 80 мыңға жуықтайды. Жыл соңына дейін қала көшелерін жарқыратып тұратын шырағдандардың 31,5 пайызы немесе 24 мыңы энергия үнемдейтін және жарықдиодты түрлеріне алмастырылады.
Бүгінде Бостандық ауданына қарасты Бағанашыл, Алатау, Ерменсай және Нұрлытау шағын аудандарында 35,3 шақырымға (1333 жарықшам) жарықдиодты шамдар қондырылса, әуежайдан бастап Майлин, Бұқтырма көшелері мен Құлжа даңғылы, әл-Фарабиден Саин, Торайғыров көшесіне (4314 жарықшам) дейінгі Шығыс айналма жолындағы жарықшамдар жарықдиодты түрлеріне алмастырылған. «Алатау Жарық Компаниясының» электр жүйелерін қайта қалпына келтіруі нәтижесінде қаланың 8 ықшамауданындағы 186 көшеде 3807 жарықшам жаңасымен ауыстырылды. Қазіргі кезде Жароков көшесінде, Өтепов көшесінен Төле биге дейінгі аралықта 720 шырағдан заманауи көрік беріп тұр. Алдағы жоспарға сәйкес жылдың соңына дейін Алатау ауданында 24 шақырымдағы 730 жарықшам қондырылатын болады. Ал Әуезов ауданындағы Дубок 1-2, Достық, Школьный, Мамыр ықшамаудандарында 49,5 шақырым жүйелердегі 1612 жарықшам жаңаланбақ.
Алматы қаласы Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы «Алматы қаласының сыртқы жарық көздерін жаңарту» мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2019-2026 жылдарда 1375 шақырым сыртқы жарық жүйесі мен 45829 жарықшамды және де 42052 тіректерді жаңартуды жоспарлап отыр. Жарық бергіш қондырғыларды алмастыруда отандық өндірушілердің өнімдері пайдаланылуда. Қайта жаңартылғаннан кейін Алматы қаласы энергия үнемді LED жарықшамдарымен толық қамтамасыз етілмек.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ