Қазақстан • 03 Желтоқсан, 2018

«Нұр Отан» қатары толықты

380 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Тұңғыш Президент күніне орай әртүрлі саланың үздіктерін партия қатарына қабылдау рәсімі өтті.

«Нұр Отан» қатары толықты

Мерекелік іс-шара «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенованың құттықтау сөзімен ашылды.

«Тәуелсіз Қазақстан халқы осыдан 27 жыл бұрын өзінің Тұңғыш Президентін сайлап, өз таңдауын жасады. Еліміздің бүгінгі жетістіктеріне қарап сол кезде қазақстандықтардың қателеспегенін аңғаруға болады. Біз азаттықтың 27 жылында Елбасы саясатының арқасында көптеген жетістіктерге жеттік. Халықаралық аренада да өз орнымызды айқындап, үлкен абырой-беделге ие болдық. Сондықтан Мемлекет басшысының елге сіңірген еңбегін дәріптейтін бүгінгі мерекенің мәні мен маңызы зор. «Нұр Отанның» жаңа мүшелеріне партия билеттерін табыстау рәсімі осы бір атаулы күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Әрбіріңіз ел әлеуетінің дамуына өз үлестеріңізді қосасыздар деп сенемін»,  деді ол.

Бұдан әрі Т.Дүйсенова ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген 20 қазақстандыққа партия билеттерін табыстады. Оның айтуынша, жас және белсенді азаматтардың «Нұр Отан» партиясына мүше болуы олардың Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға дайын екенін білдіреді.

«Нұр Отанның» жаңа мүшелері қатарында белгілі журналист, «Қазақ радиолары» ЖШС-на қарасты «Қазақ радиосы» республикалық радиоарнасының директоры Серік Әбдуәлиев те бар. Ол Елбасы күні қарсаңында Президент партиясының мүшесі атанғанына қуанышты екенін айтты.

«Қазақта «екі дүниең абат болсын, екі тойың қабат болсын» деген сөз бар. Сол сияқты бүгін мен үшін екі бірдей қуаныш қатар келіп отыр. Тұңғыш Президентіміздің күнінде осындай үлкен құрметке бөленіп, Елбасымыздың барлық саясатын дәріптеп, сенімді тірегі болып отырған «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанып отырмын. Бұл мен үшін үлкен абырой әрі зор жауапкершілік. Сондықтан алдағы уақытта Елбасы бастамаларының жүзеге асуына өз үлесімді қосу үшін аянбай еңбек етемін», деді ол.

Дәстүр бойынша әр жыл сайын Тұңғыш Президент күніне орай еліміздің барлық өңірінде партияға қабылдау рәсімі өтеді. Биыл Республика бойынша 2 мыңнан астам қазақстандық партиялық билетке ие болды.

Маржан ТІЛЕУБЕК,

«Егемен Қазақстан»