Академияның Баспасөз орталығынан хабарлағанындай, Польшаның Фридерик Шопен атындағы әуежайда домбыра, қобыз және жетіген бір уақытта күй ойнады. Ерекше әуенге құлақ түрген жолаушылар қазақ өнеріне тәнті болып, үлкен қошемет көресетті. Академия студенттерінің мың бұралған әсем билері де көрермендің ыстық ықыласына бөлінді. Әуежайдағы естен кетпес концертті Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының музыканттары қойды. Бұл олардың Қазақстанның Тұңғыш Президенті күніне орай шетелдіктерге жасаған тосынсыйы болды.
Поляк көрермені Ханна «Маған музыка мен би өте қатты ұнады. Сіздің елдің мәдениеті мен музыкасы әдемі. Қазақстанда болған емеспін. Бірақ ондай мүмкіндік туып жатса, қуана-қуана барамын» деген лебізін білдірді.
Сондай-ақ «Алатау» фольклорлық ансамблі Варшавадағы Қазақстан елшілігінің ұйымдастыруымен болған салтанатты жиында халқымыздың әндері мен күйлерін, Еуропа елдерінің классикалық шығармаларын орындады. Мерекелік-мәдени көш Варшава сапарынан Прага қаласында жалғасып, артынша 5 желтоқсан күні Будапештте өз мәресіне жетеді.
Эльвира Серікқызы,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ