Әдебиет • 05 Желтоқсан, 2018

Алыстағы жас жыршының арманы

1349 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қарашаның басында Астанада шетте жүрген қандастардың біраз өнерпаз жастарының басын қосқан өнер фестивалі өткен еді. Сонда жыр-терме аталымы бойынша сахнаға шығып Наурызбек жыраудың «Сөз басынан» бастап «Ал, жырауың толғасын», «Ал, жігіттер сал құлақ» толғауларынан бірінен соң бірін төгіп-төгіп жіберген Жанғар Мәмбетназаров деген жас жігіт жұрт назарын өзіне ерекше аудартып еді. Өзі Қарақалпақстан Республикасының астанасы Нөкіс қаласынан келген екен.

Алыстағы жас жыршының арманы

Көңіліміз елең ете қалды. Кезінде әйгілі ғалым Рахманқұл Бердібай «жыршылық өнерді ерекше қастерлейтін эпикалық аудан» деп бағалаған жұрттан келіп отырған жыршы жігітпен танысып, арғы-бергіден әңгіме қозғағымыз келді. Ертедегі Бесқала өңірінде сонау XVI ғасырда өмір сүріп талай жырға арқау болған Ер Қосай батыр сүйегінің Нөкіс қаласының іргесінде жатуының өзі бұл жердің жыршылықтың жырынды бір қайнары екендігіне айғақ болса керек. Бесқала жайлы кішкене ғана түсінік бере кетсек, кезіндегі Шымбай, Хожелі, Қоңырат, Шаббаз, Көне Үргеніш қалалары XVΙΙΙ-XΙX ғасырларда Бесқала деп аталған екен. Бүгінде Көне Үргеніштен басқасы бұл күнде Қарақалпақстан Республикасының аумағында.

Бесқаланы ежелден мекен еткен қазақтардың сол өңірде өзіне тән салт-дәстүрі, өнері, мәдениеті, әдебиеті қалыптасқаны талассыз. Солардың ішіндегі бөгенайы бөлектеу, шоқтығы биігі жыршы-жыраулық өнер екенін зерттеушілер жазады. Ғылыми еңбектер мен зерттеу мақалаларда Бесқала өңірінің ХVΙΙΙ-XΙX ғасырлардағы жыраулық өнер өкілдері ретінде Жиеней Өтім, Қосым, Тұрманқожа, Оразбай, Қазан, Амантұрлы, Сағыр Дүйсенбай, Тілеумағамбет (Қу молда) Лепес, сияқты ақын-жыраулардың аңыз боп айтылса, олардан кейінгі толқында Әбдімұрат, Мыңбай, Төртқара Теңізбай, Ережеп, Жоли Жақсылық, Алдаберген, Наурызбек сияқты өнер иелерінің  есімдері ел жадында ерекше сақталған екен. Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, жыршы, әрі зерттеуші Күнқожа Қайрулла: «Ертеректе өмір сүрген ақын-жыраулардың шығармалары мен музыкалық мұралары бүгінгі күнге түгел жеткен жоқ. Ал ХХ ғасырдағы жыраулардың шығармалары біршама сақталып, бүгінде халық кәдесіне жарап отыр. Атап айтар болсақ, Құдайберген Кердері, ­Ережеп Тілеумағамбетұлы, Жақсылық Мамытұлы, Жақсылық Төлепов, Ерғожа Құлпыбайұлы, Жалғасбай Аралбаев, Қайролла Иманғалиев, Алдаберген Тасқынбайұлы, Наурызбек Нұржаубайұлы, ­Атаубай Мәмбетов, Өмірзақ Қалбайұлы, Қарасай Әбдімұратұлы, Тұрғанбай Жаңабайұлы т.б. ақын-жыраулардың мұралары мол» деп жазады. Өнер зерттеушісі осыларды айта келіп, қазақ жеріндегі Сыр бойы, Жетісу, Батыс Қазақстан, Маңғыстау жыраулық мектептері секілді қарақалпақстандық қазақтар арасында қалыптасқан мектеп «Бесқала жыраулық мектебі» деп аталатынын да алға тартады.

Сонымен, Жанғарды сөзге тарттық. Бұл өнерді қайдан, қалай үйреніп, кімнен жалғастырып келе жатқандығын, сонымен қоса қазіргі Қарақалпақстандағы жырдың жағдайы қалай, жыршылардың халі нешік деген сауалдар төңірегінде әңгімелеп беруін сұрадық.

– Менің атам Бесқала өңіріндегі жыршы-термешілердің, күйшілердің өнерін зерттеп, зерделеген ғалым, профессер, Бердақ атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қалбай Мәмбетназаров деген кісі. Сондықтан жыр менің бесіктегі кезімнен құлағыма құйылды десем болады. Атам тіпті той, мерекеден тыс, жер-жерден жыршыларды шақыртып, үйде жырлататын. Сол дастарқанда айтылатын «мынау Теңізбайдың жолы», «Наурызбектің жолы ғой», «Жоли Жақсылықтың жолы» деген секілді сөздер де құлаққа сіңісті болды. «Жолы» деп отырғаны мақамы» деген сөз ғой, кейін ержете келе сол мақамдарды салып өзім айта бастадым.

Бала күнімде «үш күн, үш түн жырлайды» деп Наурызбек жыраудың есімін, ол кісімен замандас әйгілі «Асау Барақ» дастанымен танымал болған Алдаберген Тасқынбай жыраудың атын көп еститінмін. Сол «Асау Барақ» дастанын 1979 жылы Алматыда жырлап, үнтаспаға жазып таратқан екен. Соларды тыңдадық. Алдабергеннің шәкірттері саналатын Еркінбай, Бауыржан, бұл күнде Ақтауда тұратын Наурызбек жыраудың шәкірті Өсербай жыршылардан бата алып, сабақ үйреніп, Қазақстандағы Алмас Алматов, Амандық Көмеков және тағы да басқа жыршыларды үнтаспадан тыңдап, өнерімді ары қарай ұштай түстім, – дейді Жанғар.

Оның айтуынша қазір мектепте, университетте жыршылыққа дайындайтын арнайы сабақ, курс жоқ екен. Баяғы дәстүр бойынша талаптанған жастарды көнекөз жыршылар үйінде тәрбиелеп, той-томалақта жөн айтып дегендей жол-жөнекей баулиды. Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының музыка факультетінде де жыршылық бөлім жоқ екен. Жас жыршы бұл өнерді қазір той-жиынға арнайы шақырумен келіп, ат мініп, шапан киіп қайтатын баяғы жыршы-жыраулардың даңқты жолы ғана ұстап тұрғанын айтады.

– Тақтакөпір, Қоңырат секілді қазақы қаймағы қалың жерлердегі жиын-тойларда жыр сұрайтын халықтың қарасы аз емес, әсіресе Наурызбек жыраудың мақамындағы жырды тыңдамай тойдың асы батпайтын тыңдарман көп. Біздердей жас жыршыларды алдырып жырлатып, шапанын жауып жатады. Алайда салтқа айналып, санаға сіңіп қалған сол үрдіс те қазір әлсіреп барады. Жастар жағы эстрадаға елегізіп тұратыны белгілі ғой, көп насихаты болмаған соң да жыршылықтың бәсі биік болмай тұр. Дегенмен, жанынан жақын, тамырындағы қанындай тулап жатқан өнерді өлтірмеуге тырысып, жансебілдікпен жыр жырлап жүрген өнерпаздар жоқ емес. Олардың ішінде жастар да бар. Тек оларды алға ұмтылдыратын белгілі бір нысана, өнеріне берілетін бағыт пен баға болса, - дейді жас жыршы.

Жанғар сөз арасында «Balapan» телеарнасына мың рахметін жаудырып өтті. – Кейде нағыз қазақы тіркестерді үлкендер балалардың аузынан естіп қалып жатады. Бұл, әрине зор қуаныш. Қазақ елінен жеткен ыстық лептей күндіз-түні қазақша сарнап тұратын «Balapan» телеарнасының арқасы. – дейді.

Сонымен, жырдың жайы не болмақ? Алтын қайнардың бітеле бастаған көзін ашу үшін не істеуге болады, не ойлап жүрсің? - деп Жанғардың өзінен сұрадық.

- Меніңше, алдымен оның пән ретінде жолға қойылғаны дұрыс болар еді. Одан кейін оның насихатын күшейту керек. Ол үшін қаржы шығындап беделді конкурс ұйымдастырылса. Жалпы, жыл басынан бастап, ең төменгі ауылдан бастап сатылы бәйге ұйымдастырылса деймін. Тек Қарақалпақстанда емес, Қазақстан да солай болса, екеуі қатар басталса. Аудандық жарыста жеңімпаз болған жыршы облыстық додаға жолдама алса, олардан шыққан жеңімпаздар жыл қорытындысы ретінде өтетін халықаралық бәсекеге түссе деймін. Қазақстанның облысынан шыққан жеңімпаз секілді Қарақалпақстаннан бір ғана жыршы жолдама алуы мүмкін, сол келіп қатысса. Сонда біздің жақтағы ел келесі жылы болса да, сол конкурсқа назары ауады, Қазақстанға жолдама алған жыршыны жыл бойы телеарнадан әспеттесе өнердің бағасы арта түседі, қызығушы жастар молая түседі деп ойлаймын. Бір жағынан бұл екі елдегі қазақты бір-біріне онан сайын жақындата түсер еді. – дейді. Сонымен қоса Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің жыршы-термешілік бөлімінде баклавр және магистратура дәрежесін алу үшін оқуға түсуге қайсы тарап болса да грант бөлсе деген тілегін де жеткізді.

Деректерге қарап отырсақ, Қарақалпақстандағы жыршылық дәстүр туралы Қазақстанда ертерек жазылған екен. Қарақалпақстандық ғалым Қаржаубай Жұмажановтың «Қарақалпақ аймағындағы қазақ әдебиеті» атты монографиясында 1960-63 жылдары Қазақ Ұлттық Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қызметкерлері Т.Бекхожина, Т.Қанағатов, Б.Ысқақов, Б.Байділдаев, Т.Сыдықов, музыка зерттеушісі А.Серікбаевалардың арнайы сапарлап материалдар жинақтағаны айтылады. Одан кейін де бірнеше дүркін экспедициялар ұйымдастырылған екен. Жоғарыда аталған Қаржаубай Жұмажанов пен Тұрсынай Төрткүлбаева құрастырып, өткен жылы Алматыдағы «Дәстүр» баспасынан шыққан «Қарақалпақстандағы қазақ ақын-жырауларының мұрасы» атты оқулық-хрестоматияға алғысөз жазған ақтөбелік ақын Бауыржан Бабажанұлы: «Менің ұстазым, белгілі ғалым Алма Қыраубаева Қайролла жыраудан 4 дастан жазып алғандарын айтатын. «Әттең, әбден шау тартқан шағында жолығыппыз. Он жыл бұрын кездескенімізде, көп дүние алып қалар едік...» деп өкінетін» деп жазады.

Міне, қазынаның қайнары қайда жатыр!? Осы жерде айта кететін маңызды бір мәселе тағы бар. Ол – мақам жайы. Біз сөзіміздің басында Бесқала өңіріндегі жыраулар тізбегін сөз еткен, Күнқожа Қайрулла өзінің «Бесқала бастауы» атты мақаласында: «Бұл өңірдегі жыршылық дәстүрді сөз еткенде жыр саздарын, мақамдарын ерекше атап өтуіміз қажет. Бесқаланың солтүстігі мен оңтүстігіндегі жыршы-жыраулардың жыр айту стилі, репертуарлары, жыр саздары мен терме мақамдары бір-біріне ұқсамайды. Бесқала қазақтарының жыраулық дәстүрін зерттеушілердің дені негізінен әдебиетші ғалымдар болды да, музыкалық тұрғыдан зерттелуі бүгінгі күнге дейін назарға іліне қойған жоқ. Қазіргі кезде ертеректе өмір сүрген жыраулардың саз-мақамдары табылып отыр, бұл көңіл қуантарлық іс. Ел арасынан мұндай ұмыт бола бастаған дүниелерді әлі де көптеп кездестіруге болады. Жоғарыда аталған жыраулардың қанша мақамы болғанын дөп басып айту қиын. Кешегі өткен Наурызбек жыраудың бір өзі отыздан астам мақаммен жырлаған», деп жазады.

Мақам – жыршылық өнердің қан тамыры. Бұл күнде бұрынғы жыраулардың біраз мақамы айтысқа түсіп, жаттанды бола бастады. Жаттандылығы жақсы, бірақ бірінен кейін бірі шыққан ақынның да, жыршының да айналасы алты-жеті мақамды айналдыра бергенінен жұрт жалыға бастайтыны да белгілі, ендеше, жоғарыда айтылған жаңа мақам жаңалықтарды жерде қалдырмай, неге жалғап, жандырып әкетпеске!?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының «Ұлы даланың фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімінде  «... фольклорлық дәстүрдің ортақ тарихи негіздерін іздеу үшін Қазақстанның түрлі өңірлері мен өзге елдерге бірнеше іздеу-зерттеу экспедицияларын ұйымдастыру қажет», деп өте анық жазып, бағдар ұсынған. Тіпті бұл мақалада «Біздің мәдениетіміздің негізгі сюжеттерінде, кейіпкерлері мен сарындарында шекара болмайды, сол себепті оны жүйелі зерттеп, бүкіл Орталық Еуразия кеңістігі мен барша әлемде дәріптеуге тиіспіз» деген болатын. Енді дәл осы мүмкіндікті қолдан жібермей, Бесқаладағы музыкалық мұраны түгендеп қалуға, Қарақалпақстанда қалғып бара жатқан қазақ жырының қарлығыңқы дауысының қайта аспандауына бар күшті салу ғана қалып тұр.

П.С:. Әңгімеміз аяғына жақындағанда Жанғар Қазақ ұлттық өнер университетіне барғысы келетінін, ондағы жыр бөлімінде өтіліп жатқан сабақтың біреуіне болса да қатысып кеткісі келетінін айтты. Қонақ жігітті сонда ертіп бардық. Жолымыз болды, оншақты жас жыршы қыз-жігіттерді әңгімеге ұйытып атақты жыршы Амандық Көмеков ағамыз отыр екен. Жанғардың көзі жанып кетті. Амандықтан соң-ақ әңгіме ауаны Бесқалаға бет алып, сағат жарымда барып сағасына түсті. Өз шәкірттеріне «ауылдың алты ауызын» айтқызып, Жанғардан «қонақкәде» сұрады. Бала күнінде еміс-еміс есінде қалған ескі сарыннан естігісі келді ме, «көнелеу жағына қарай көсілші» дегенді қосып қойды Көмеков жыршы. Жанғардың жан аяр жері емес бұл, жырлап бақты. «Ана бір жерін ащылау алшы, мына бір жерін бүлкілдетші» деді тағы да ұстаз. «Былай ма? Былай да айтылады» деп жаңа шәкірттің жаны кіріп барады... Жас шәкірттер тап бір кісінесіп табысқан тай-құнандай құлдыраңдап Жанғарға жан тартып барады. Жыршылар ғой, бұлардың жан дүниелері анау арғы жақтағы жырлар жолдарында тоғысып жатқандай. Жабыла келіп, танысып, суретке түсіп, телефондарын алмасты. Олар бұны, бұл оларды қимай тұрғандай. Қайта-қайта қарағыштап қипақтап қояды.

Жыр жайының арғы-бергі әңгімесін ағынан ақтарыла айтып, шынайы болмысымен өзіне бауыр бастырып үлгерген жас жыршыны шығарып салып тұрып қайта-қайта құшақтап бауырымызға бастық. Көп ішіне сіңіп бара жатқан Жанғардың жалғыз өзі кешегі жүздеп саналатын Бесқала ақын-жыршыларының жоғалмай келе жатқан жалқы жұрнағындай сезіліп, көңіліміз толқымасы бар ма...

Шыны керек, содан оншақты күн ғана кейін жарияланған Елбасы мақаласын оқып отырғанда көз алдымызға тағы да Жанғар келе берген. Енді сол кездегі айтылған армандардың барлығы да орындалатындай...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»