Жарықтық Қаратау арқарлары... «Негізі Тянь-Шань арқарынан өзгешелігі де сол болса керек, – дейді Қаратау қорығы директорының орынбасары Шора Жанатаев бір әңгімесінде, – олардың өзгешелігі мүйіздері жуан әрі оралымдары қысқа бұйраға келмейтіндей, аталықтары жылқы тектес болып келеді».
Басқа арқарларды үйіріне жолатпайды. Қаратау арқарлары басқа таудың арқарларына қарағанда мүйіздері қызғылт қоңыр болып келеді. Көктемде бәйшешек енді шыққанда бүр жарған шөпке жайылады. Осы жайлауды халық Тоңқайма деп атап кеткен. Сол жерде олар желге артын беріп бастарын көтермей жайылатын болған. Ақпан айының аяғынан бастап аталық пен аналық арқарлар екіге бөлінеді.
Ал жас аталық арқарлар топ ішінде аналықтарымен қалады. Құлжалары тау басына биіктеп кетеді. Қаратау қорығына қарайтын Түркістан және Созақ аймағындағы бұл қорықтың Қаратау тауында мамандар бүгінгі санақ бойынша 365 бас арқар барын айтады. Оның құлжасы 160 бас, аналық басы 190, биылғы төлі 15 бас. Қорық ішіндегі Біресек өзенінің бастау жағында Көкбел кезі үстінде құлжалар сол жердегі қой тастарды жалайды. Содан барып күйіс қайырады. Ақсақалдар сол тастар құлжа бойына күш беретінін айтады. Бәлкім, алыстан болса да қой тастарды іздеп келетіні рас та шығар.
Ақсақалдар айтады: арқарлардың аналығы егіз тууы өте сирек, ал ел аузындағы әңгімеде, егіз қозылары өте көп болатыны айтылады. Кім біледі, рас шығар... Қаратау етегінде андыздай ағылған арқарлар... Көріп қалсаңыз көз қуанады.
Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ