Әр халықтың тарихы қасиетті құндылықтарының өміршеңдігімен бағаланады. Ол құндылықтар «мыңжылдықтар тасасында» қалғанымен, тұлғаға айналған ұрпақтары барда жарқырап жарыққа шығады. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызды дәріптеудің нақты дереккөздерін анықтап берді. «...зор мәдени жетістіктер шоғыры даламызға сырттан келген жоқ, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Терістікке таралды», дейді де, тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайтынына тоқталып, Ұлы даланың жеті қасиетті құндылықтарына назар аудартады.
Әрқайсысының жаһандық өркениеттің дамуындағы ықпалы мен ерекшеліктерін айшықтап, оларды зерттеу мен насихаттау жолдарын бағдарлы ұсыныстармен толықтырып отырады. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы болып саналатын бұл еңбегі тарихымызды бағалау мен зерттеп-зерделеудің жаңа үлгісіне – цифрлы форматтауға негізделеді. «Тарихи» десе, «тарихшыларға жүктелетін міндет» деген көзқарастан арылтып, ғылымның барлық саласына қатысты ортақ мақсаттағы ғылыми тақырыптарды міндеттейді. Бұрын тарихқа қатысты еңбектерде шолу жасалып, мағлұмат берілген құндылықтарымыз Атқа міну мәдениеті, Ұлы даланың ежелгі металлургиясы, aң стилі, Алтын aдам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы Жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың oтаны атауларымен тұлғаланып, жеке-жеке зерттеу нысанына айналды. Міне, ғылыми тақырыптар. Ұлан-ғайыр даладағы отырықшылық өркениетінің, ғылым мен өнердің қалыптасу жолдары, әлемдік сауда орталығына айналған қалалардың гүлдену негіздері ғылымға тереңірек үңілуді қажет етеді. Әсіресе осы күнге дейін көшпенділер өркениеті тұрғысында зерттеліп келген мәдениетіміз бен өнеріміз отырықшы халық жасаған өнер туындылары ретінде қаралып, зерттелетін болды. Мемлекет басшысының «Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» деп түйіндеуі де сондықтан болар.
Елбасының Ұлы даланың жеті қырын айшықтауының өзі – болашағымыздың рухани бағдары. Бағдарды жүзеге асыру жолындағы жастардың білімі мен іскерлігіне сенім артып, бүгіннен өткенге қарай емес, өткеннен бүгінге қарай зерттеуді міндеттейді.
Мысалы, қазақ фольклорында «Бес ғасыр жырлайды», «Жеті ғасыр жырлайды» секілді жинақтар жарық көргені белгілі. Бірақ фольклордың қай уақыттан басталатыны межеленген жоқ. Тұнып тұрған тарих осы фольклорда. Тарихи оқиғалармен қатар, сол құбылыстарды суреттейтін, сан түрлі бояулармен баяндайтын ауыз әдебиеті қатар қалыптасады. Тіпті көне жазба ескерткіштеріміздің өзі тарихи кезеңдерді әдеби үлгіде ұсынады.
Азаттық жолындағы көтерілістің ұлы тұлғалары жайлы сипатталған фольклорлық шығармалар архивтерде тұнып тұр. Жеті жылға межеленген «Архив – 2025» бағдарламасын жасаудың маңыздылығының мақалада ерекше атап өтілуі үлкен жауапкершілік жүктейді. Ұлы тұлғалар туралы өнер туындылары, көркем әдебиетте бейнеленген образдар жеткілікті. Бірақ олардың насихатталуы, оқылуы, таралымы көңіл көншітпейді. Ғасырлар әуендері сарынында жарық көрген күйтабақтар, аудиотаспалар біршама уақыт қолданыста болды да, уақыт өте тасада қалды. Яғни, заман талабының үрдісінен шыға алмады. Сондықтан Елбасымыз: «Ұлы даланың фольклоры мен әуендері заманауи цифрлы форматта, жаңа тыныс алуға тиіс», дейді. Бұл салада ...классикалық қалыптан тыс, баламалы жастар өнерінің креативті әлеуетін де пайдаланудың мәні зор екенін атап өтеді.
Ұлтын сүю – ұлтшылдыққа, жерін сүю – жершілдікке телінген заманнан арылғаннан кейін, отаншылдыққа баулудың бірден-бір жолы – өткенін бағалау, тарихи құндылығын қастерлеу екенін Елбасымыз өз еңбектерінде жиі қайталап келеді. Бұл мақаладағы ұрпақ мақтан тұтатын афоризмдік тұлғадағы «Жылқыны қолға үйрету арқылы біздің бабаларымыз өз дәуірінде адам айтқысыз үстемдікке ие болды», «Қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері Дала өркениетінің ерте кезеңінен тамыр тартады», «Қазақстан – күллі түркі халықтарының қасиетті қара шаңырағы», «Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз» – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар» секілді ұтымды қолданыстар ерекше екені ақиқат.
Қай саладан алсақ та, Елбасымыздың бұл мақаласы тарихи сананың жетілуі мен қалыптасуындағы өзекті мәселелердің түйткілін шешу жолдарын нақтылап берді. «Ұлы даланың жеті қырындағы» міндеттердің дені, мен үшін, еліміздің болашағы – жастарға жүктелгендей көрінеді. Алдағы Жастар жылында олардың осы мақала негізінде атқаруға тиісті ұсыныс-жобалары болуын қалар едім. Атап айтқанда: Ұлы тұлғалардың есімдерін ел жадында сақтау жолдары, Дала фольклоры антологиясы мен Ұлы даланың көне сарындары жинағын цифрлы форматқа негіздеу үлгілері. Әсіресе отырықшылық өркениетіміздің көрінісі – ескі қорғандарымыз бен көне қалаларымыздың ашық аспан астындағы мұражайларын «қара археологтардан» қорғайтын талабы қатаң заң үлгісін даярлауға ықпал жасаса, құба-құп болар еді. Бұрыннан өзімізде бар «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңымызға өзгертулер енгізуге өз ұсыныстарын дәлелді жеткізсе де, жастарымыздың рухани жаңғыру дәуіріндегі отаншылдығын танытар еді.
Қорыта айтқанда, Елбасымыздың бұл мақаласын жаһандану дәуіріндегі жастарымыздың алдына қойылған зор міндеттердің бағдаршамы деп айтуға болады.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Парламент Сенатының депутаты