Қазақстан • 06 Желтоқсан, 2018

Арқалықта күніне 10 тонна өнім шығаратын ет комбинаты ашылды

746 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арқалық қаласында күніне 10 тонна ет өнімдерін өндіретін заманауи ет комбинаты жұмысын бастады. Бұл арқалықтықтар үшін біткен үлкен іс болды. Комбинат тек арқалықтықтар үшін ғана емес, тұтас Торғай өңірі, одан қалса, көрші Ақмола, Қарағанды облыстарының іргелес жатқан аудандарының шаруа­шылықтары үшін де тиімді болғалы тұр. 

Арқалықта күніне 10 тонна өнім шығаратын ет комбинаты ашылды

Нарықтың келуіне байланыс­ты қиын жыл­­­дары Арқалық қаласында ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­дейтін ешқандай нысан қал­маған еді. Барлығы 60 мың шар­­шы метр жерді алып жатқан ет ком­бинатының орнында бұ­рын құрылыс ма­териалдарын сақ­тайтын қойма болған. Инвес­тициялық қаржының арқасында ірі үш цехтан тұратын комбинат кешені түгелдей жаңадан салынды. Оның бірін­де мал сойылады, екіншісінде шұ­жық өнімдері, үшіншісінде қалбыр­дағы бұқ­ты­рылған ет дайындалады. Жаб­дықтардың барлығы да Еуро­па­дан, Украинадан, Қытайдан әке­лінді. Өңдеу өнеркәсібі нысаны то­лық қуатында жұмыс істегенде күніне түрлі аталымдарымен 3 тонна бұқтырылған ет, 3 тонна шұжық өнімдері және 4 тонна сапалы ет да­йындайтын болады.
– Бұл инвестициялық жобаның құ­ны 3 миллиард теңгеге түсті. Оның 2 миллиард теңгесіне тұ­тас ком­бинат кешені салынды, үздік заманауи жабдықтар сатып алынды. Ал 1 миллиард тең­­­гесіне келесі жылы 3000 бас ірі қараға арналған бордақылау ала­ңы салынады. Оның сметалық құ­­жаттары дайын­далып жатыр, келесі жылдың басынан бас­тап құрылысы бастала­ды, – деді Ар­қалық қаласының әкімі Элдар Күзембаев.
Ет комбинатының ашылуына­ қатысқан облыс әкімі Архимед Мұ­­хам­­бетов облыстың оңтүстік өңі­рін­­дегі соңғы кезде салынған ең ірі инвес­тициялық жоба екенін айтты. Инвес­тицияны «Торғай ЕТ» жауап­кершілігі шектеулі серік­тестігі салды. Оның 500 мың теңгесін «То­был» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан аз мөлшердегі үстемемен несиеге алды. 
Бұрын шаруа қожалықтары, тұр­ғындар малын өткізу үшін бі­рі Астанаға, бірі Қостанайға сабылатын еді. Олардың бақ­қан ма­­лының құнын жолдың алыс­тығы, көліктің шығыны «жеп» қоя­тын. Енді міне, осы төңі­рек­тегі Амангелді, Наурызым, Жан­гел­­дин аудандары мен Арқа­лық қа­­ласына қарасты елді ме­кен­дер­дегі шаруашылықтар мен же­ке сектордағы тұр­ғын­дар малын осында әкелетін болады­. Оның сыртында Ақмола және Қа­ра­ғанды облыстарының Арқа­лыққа ір­гелес аудандары үшін де малды Ар­қалыққа тасу әлде­қайда тиімді екенін шаруа жақсы біледі.
– Ендігі міндет – тек мал басын көбейту болады. Оған мемлекет тарапынан беріліп отырған көмек жетеді. «Сыбаға», «Қос қолдау», «Еңбек» сияқты 5-6 бағдарлама бар. Ниет еткен, еңбек еткісі келген адамға осылардың қайсысын пайдаланса да мүмкіндік жетеді. Мал тасымалын жеңілдету үшін Торғай кентінен, Амангелді мен Нау­р­ызым аудандары арасынан және Ақмола, Қарағанды облыс­тарының іргелес аудандарынан дайындау орталықтары сервисін ашамыз. Малды сол жерлерге тапсыруды, тіпті кейін сойып, еттей тасуды да қамтамасыз етуге болады. Ол үшін біз қаржы көздерін тауып, қосымша жабдықтар алуы­мызға толық мүмкіндік бар, – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Заманауи ет комбинатының құ­­ры­­­лысына «Торғай ЕТ» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігі 2 мил­лиард теңге қаржы салға­нын айттық. Ірі өндірістің ин­фра­құрылымына бюджеттен 83 миллион қаржы жұм­салды. 
– Желтоқсан айынан бастап ша­­­­руа­шылықтардан, жеке сектордан мал қабылдай бастаймыз.­ Қа­зір өзіміз елу шақты мал сойып,­ шұжық, қалбырдағы еттің ал­ғаш­қы түрін тәжірибе үшін шы­­ғарып көрдік. Алматыдан, Ас­танадан технологтер шақырып, ма­ман­дарды үйретіп жатырмыз.­ Малды тірілей салмақта 400 ки­ло­грамға дейін килограмын 500 теңгеден, ал 400 килограмнан ас­са категориясына қарай 600-650 теңгеден аламыз, – деді «Торғай ЕТ» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Расул Мұ­қанов. Қазір ет комбинатында 60 адам жұмыс істейді, өн­діріс 2020 жылға жоспарланған толық қуатына жеткен кезде жұ­мыс­шы­лар саны 120-ға дейін көбей­тіледі. Ал комбинат өнімінің өтуі­не өн­діріс басшылығы өте сенімді.
– Торғайдың дәмді еті брендіміз болып саналады. Ең бастысы, Ас­тана қаласын және еліміздің өз­ге шал­ғайларын қамтамасыз ете­­міз, сонымен қатар іргемізде Ре­сей нарығы тұр. Ресейдің ше­кара іргесіндегі өндірістік қала­ларының барлығына  ет, ет өнім­дері қажет. Демек, өнімді сыртқа шығаруда да кідірмейтін боламыз, – дейді Расул Абайұлы.
– Семірген малды дер уақы­тында сатпаса, оның шығын еке­нін айтып жатудың өзі артық. Бұ­рынғы Тор­ғай облысы кезінде салынған ет комбинаты жабылған 27 жылдан бері Торғай өңірінің жұртына малды баққаннан оны са­тып, пайдасын көру қиын болатын. Себебі ет комбинаттары өте шалғайда, шы­­­нын айтқанда, дағдарыста едік­. Осы мәселе ше­ші­мін таппай­ келді. Ен­ді міне, бір жылдың ішін­де ет ком­бинаты пайдалануға берілді, өте қуа­ныштымыз, – деді «Сыма К» ша­руа қожалығының құрылтай­шысы, еңбек ардагері Кәкімжан Кәрбозов.
Бұған «Торғай ЕТ» заманауи ет комбинаты Арқалық қаласының көркеюіне тірек болады» деген се­ні­мі бар арқалықтықтар қуаны­шын қосыңыз.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ, 

«Егемен Қазақстан»

Арқалық қаласы