Аталған жарыста Астана қаласының Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінен қатысқан 11 «А» сынып оқушысы Нұршат Жұмахан оза шауып, жүлделі 2-орын және күміс медаль иегері атанды.
Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, олимпиаданың алғашқы аймақтық кезеңіне 2461 оқушы қатысқан. Қатысушыларға берілген тапсырмалар жиынтығы жоғары халықаралық стандарттарға сәйкес даярланған. Бірінші кезеңнің қорытындысы бойынша еліміздің барлық аймағының 407 мектеп бітірушісі on-line режімінде өткізілген олимпиаданың қашықтық кезеңіне қатысып, олардың 161-і жарыстың қорытынды кезеңіне жолдама алған.
«Бұл олимпиада негізінен 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы екеуінен өтіп, жүзден жүйрік, мыңнан мықты шыққандар республикалық жарысқа жолдама алады. Осы жолғы сайыс өзіме қиын болды. Себебі бұл олимпиада болса да ҰБТ сияқты тексеру жағы да, бақылаушылар да қатал. Сынақты негізгі 4 пән бойынша тапсырдық. Оның ішінде физика, математика, химия, биология бар. Айта кететін тағы бір жайт, бұл олимпиада тек мектеп бітіруші түлектерге арналған. Мен өзім физика-математика пәнін таңдап, болашақта осы салада мұғалім болсам деген ойым бар. Маған ұнаған тағы бір нәрсе, аталған олимпиаданың Теміртау қаласында өтуі. Себебі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын осы шаһардан бастаған. Бұл болашақ өмірімізге үлкен сенім мен серпін берді. Осы белесті ұстаздарымның берген білімінің, жақындарымның артқан үмітінің, мектебімнің маған деген сенімінің арқасында бағындырдым», дейді Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Нұршат Жұмахан.
Қазылар алқасының шешімі бойынша алтын медальдар және І дәрежелі дипломдармен 8 қатысушы, ІІ дәрежелі дипломдар және күміс медальдармен 12 қатысушы, ІІІ дәрежелі дипломдар және күміс медальдармен 18 қатысушы марапатталған.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»