Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры жас әдебиетшілердің еңбегіне осымен төртінші рет қолдау көрсетті. Жылдан жылға байқауға деген қызығушылық артып келеді. Биылғы бәйгеге елдің түкпір-түкпірінен 108 шығарма жіберілді. Жеңімпаздар «Жылдың үздік прозасы», «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы», «Жылдың үздік драматургиясы» дәстүрлі аталымдар бойынша белгіленді. Әр аталым бойынша сыйақы қоры 1 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар байқау Астананың мерейтойына арналған «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» арнайы аталымымен толықты. Оның жүлде қоры – 1,5 миллион теңге.
Марапаттау рәсіміне Парламент депутаттары, белгілі қоғам, мәдениет, өнер қайраткерлері, сондай-ақ оқытушылар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Байқаудың маңыздылығы мен қазақ әдебиетін дамытуға қосатын үлесіне тоқталған Тұңғыш Президент-Елбасы Қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев: «Жыл сайын «Алтын тобылғы» байқауы бізге қазақстандық жаңа ақындар мен жазушыларды танытады. Бұл өз кезегінде жастар мен қоғам арасында қазіргі заманғы әдебиетті оқуға ынталандыруға, жаңа буын авторларының жарқын өкілдерін анықтауға ықпал етеді. Біз басты құндылық деп осыны санаймыз.
«Жылдың үздік прозасы» аталымында «Адасқандар» шығармасымен Айзат Рақышева үздік шықты. «Жылдың үздік поэзиясы» аталымы бойынша Қайсар Қауымбек («Күңіренбе, молалар») және Айбол Исламғалиев («Жалғыздық картинасы») қатар жеңімпаз атанды. «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Алина Гатина жеңімпаз болды. «Астананың 20 жылдығы» тақырыбына арналған үздік әдеби туынды» аталымының иегері болып Шерхан Талап («Астана бояулары») танылды. Биыл «Жылдың үздік драматургиясы» аталымы бойынша ұсынылған жұмыстардың қойылған талаптарға сай келмеуіне байланысты, жеңімпаз анықталған жоқ. Сондай-ақ «Жылдың үздік прозасы» аталымы бойынша Тұрсынбек Башаровқа («Чириме») және «Жылдың балаларға арналған үздік шығармасы» аталымында Марғұлан Ақанға («Жетіқарақшы») көтермелеу сыйақысы ретінде 500 мың теңгеден берілді.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»