Тәуелсіздік күні мерекесіне орайластырылып отырған бокс кешінде Айдар Шәрібаева, Асхат Уәлиханов, Руслан Мырсатаев, Абылайхан Құсайынов және Елшат Нығматоллаұлы сынды саңлақтар өнер көрсетеді. Бұл жігіттердің барлығын да жанкүйлер жақсы біледі. Мәселен, бұл күндері Асхат АҚШ-та, Абылайхан Канадада жұдырықтасып жүр. Айдар мен Руслан біраз жыл өз елімізде, одан кейін шет мемлекеттерде шаршы алаңды шайқады. Ал Қытайда туып-өскен қандасымыз Елшаттың сол елдің және Азияның чемпионы деген атақтары бар. Осы күнге дейін ол 14 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен.
Басты мақсатымыз – Қазақстанда кәсіпқой боксты дамыту. Қазіргі кезде әр облыста орта есеппен 10 мыңға жуық адам бокспен айналысады. Солардың арасынан санаулы ғана өрендерге Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында ел намысын қорғау бақыты бұйырады. Ал қалғандары сонда не істемек? Осының барлығын ой елегінен өткізе келе, спорттың бұл түрінің елімізде кеңінен құлаш жаюына барынша мол үлес қосқымыз келеді, – дейді Қанат Ислам.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»