Аймақтар • 06 Желтоқсан, 2018

Құс шаруашылығымен айналысатындар алаңдаушылық танытуда

606 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін құс өсірумен айналысатын кәсіпкерлер Алматыдағы Қазақстан баспасөз клубында БАҚ өкілдерімен кездесіп, арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастыруға мәжбүр болды.

Құс шаруашылығымен айналысатындар алаңдаушылық танытуда

Бұл жиынға құс шаруашылығында қызмет ететін кәсіпорындарға мемлекеттік қолдаудың түгел көрсетілмеуі кәсіпорындардың көрсеткіштеріне теріс әсер етіп, олардың көпшілігінің банкротқа ұшырауына әкелуі әбден мүмкін деген ақпараттар себеп болды. Ал бұл өз кезегінде жұмыс орындарының қысқаруына, салық түсімдерінің азаюына, инвесторлардың салаға деген сенімінің жоғалуына, сондай-ақ, елдің басты азық-түлік өнімдерін импорттауға тәуелді етуі кәдік.     

Құс шаруашылығымен айналысатын кәсіпорындар «тікелей» субсидиялық төлемдер тоқтайды, бұл субсидиялар кәсіпкерлерді қолдауға арналған басқа құралдарға, атап айтқанда, инвестициялық субсидияларға алмастырылуы мүмкін деген қауесеттерге қатысты алаңдаушылық білдіруде.

«Құс шаруашылығы басымдыққа ие сала болмағандықтан әрі Алматы облысының бюджетінде қаржы жетпегендіктен, Алматы облысының құс фабрикаларына үстіміздегі жылдың сәуірінен бастап субсидиялау тоқтатылды. Осы тұста республикамыздың басқа облыстарындағы құс шаруашылықтары уақытылы түрде мемлекеттік қолдауға ие болып келеді. Қазір республика нарығында экономикалық теңсіздік орын алып отыр. Сондай-ақ, құс еті мен жұмыртқасы бірінші кезекте қажет өнімдерге жататындықтан, бұл өнімдердің бағасын монополияға қарсы органдар қатаң қадағалап отырады. Оның үстіне ал осы тұста жем-шөптің бағасы 30%-ға өскенін де ескеру қажет», - деп мәлімдеді «Көгер ЛТД» ЖШС құс фабрикасының директоры Иванова Светлана Петровна.

Иванованың айтуынша, облыстағы құс шаруашылығы өнімдері ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да бәсекеге қабілеттілігінен айырылып отыр.  Осының нәтижесінде облыстағы құс шаруашылығы қиын-қыстау кезеңнен өтіп, Алматы облысындағы 7 құс шаруашылығы банкрот болған.

Нәтижесінде құс фабрикаларының директорлары өндірістік қуаттылықтарды 40-50%-ға азайту туралы шешім қабылдауға мәжбүр. Бұл жұмыс орындарының қысқаруына әкеліп, жалпы құс шаруашылығына және еңбек ұжымының әлеуметтік жағдайына теріс ықпалын тигізетіні аян.

Ал 2018 жылға арналған бюджет пен қаржылық болжам субсидияны ескере отырып құрылғандықтан, қазір күрделі жағдай орын алып отыр. Субсидия төлене ме, жоқ па, бұл жағы әлі түсініксіз.

Осы мәселеге орай Алматы облысы құс шаруашылығының өкілдері 2021 жылға дейін құс шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсету аса қажеттігін алға тартуда.  Өйткені осы кезең ішінде құс шаруашылықтары, әсіресе, жұмыртқамен айналысатын кәсіпорындар қарыздарын өтеп, өз шығынын өзі өтейтіндей қауқары пайда болады.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ