Қысқы спорт • 06 Желтоқсан, 2018

Алматыда шорт-тректен әлем кубогының кезеңдік сайысы басталады

49 app.timeкөрсетілді

  Ертең Алматыдағы «Халық Арена» спорт кешенінде шорт-тректен әлем кубогының үшінші кезеңдік сайысы басталады. Бұл жайында «HUB» ақпараттық-спорттық орталығы хабарлайды.

Қазіргі кезде дайындық жұмыстары қызу жүргізілуде. Халықаралық  конькишілер одағы (ISU) мамандары «Халық Арена» спорт кешені заманауи талаптарына сай екенін айта келе, бұл жерде аса жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізуге болатынын атап өтті. Үш күнге созылатын осы бәсекелер барысында әлемнің 19 мемлекетінен келген 151 спортшы бақ сынайды. Олардың қатарында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында атой салған саңлақтар да бар.

Әлем кубогының алғашқы кезеңі 2-4 қараша аралығында Канаданың Калгари қаласында өткен еді. Сол жарыста біздің Абзал Әжіғалиев 500 метрлік қашықтықта 40.136 секундтық көрсеткішпен күміс медальді мойнына ілді. Жерлесіміз тек Олимпиада чемпионы деген дардай атағы бар қытайлық Ву Дайцзиннен (уақыты – 39.915) ғана қалып қойды. Үшінші орынды 1 000 метрлік қашықтықта Олимпия ойындарының жеңімпазы атанған венгриялық Лю Шаолин Шандор (40.194) еншіледі. Ал 1 000 метрлік қашықтықта біздің Еркебулан Шамуханов бесінші орынға жайғасты. Сол секілді қыздар құрамасы эстафеталық сайысты бесінші орынмен қорытындылады.

9-11 қараша аралығында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен әлем кубогының екінші кезеңінде қазақстандық спортшылар арасынан Денис Никиша ең үздік көрсетішке қол жеткізді. Ол 500 метрлік қашықтықта 40.047 секундтық көрсеткішпен төртінші орынға табан тіреді. Бұл жарыста бас жүлдені олжалаған Ву Дайцзин әлемдік рекордты жаңартты. Оның көрсеткіші –39.505 секунд. Қыздар сайысында Қазақстан құрама командасы мүшелері арасынан Ким Йонг А ең жақсы нәтиже көрсетті. Ол 1 000 метрлік қашықтықта сегізінші сатыға тұрақтады.

Әлем кубогының үшінші кезең Алматы өткелі отыр. Сөз орайы келгенде, шорт-тректен осындай дүбірлі доданың Алатау баурайында тұңғыш рет ұйымдастырылғалы отырғанын да естеріңізге сала кетейік. Олай болса, 7-9 желтоқсан аралығында барлығымыз «Халық Арена» спорт кешенінде бас қосып, өз спортшыларымызға қолдау көрсетейік! Ал жарыстың ашылу салтанаты 8 желтоқсанда өтеді.

Әлем кубогының төртінші кезеңі келесі жылдың 1-3 ақпан аралығында Германияның Дрезден шаһарында өтсе, бесінші кезеңдік сайысты 8-10 ақпан аралығында Италияның Турин қаласы қабылдайды.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Еділ мен Жайық суы араласты

Аймақтар • Бүгін, 10:04

Ұқсас жаңалықтар