Маңызды құжаттар талқыланды
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысына ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшылары – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко және Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, сондай-ақ ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян қатысты.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің күн тәртібінде ұзын саны
15 мәселе талқыланды. Шағын құрамда қаралған бес тақырыптың ішінде интеграциялық процестер, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында газ, мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарығын қалыптастыру мәселелері талқыланды. Ал кең құрамдағы ашық жиында Иранмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісім мәселесі және Қытаймен сауда-экономикалық серіктестік орнату жөніндегі мәміле қаралды. Сонымен қатар Еуразиялық экономикалық одақтың келер жылға жоспарланған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары, одақ бюджеті туралы баяндалып, Еуразиялық экономикалық комиссияның биылғы жылы орын алған трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйі және кейбір бекітілген ережелерді бұзушылықтардың алдын алу бойынша қабылданатын шаралары туралы есебі тыңдалды. Отырыста Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ғарыштық және геоақпараттық қызметтерді ұсыну саласындағы ынтымақтастығын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Кеңесте қаралған ең маңызды құжат – Еуразиялық экономикалық одақтың алдағы бағыт-бағдары айқындалған декларация. Құжатты әзірлеуге
5 мемлекеттің үкіметі 9 ай уақыт жұмсаған.
Экономикалық салаларда өсім бар
ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер басшыларының басқосуы әдеттегідей шағын құрамдағы отырыстан басталды. Жиынды бекітілген тәртіп бойынша ұйымға биылғы жылы төрағалық етуші мемлекет – Ресейдің Президенті Владимир Путин жүргізіп отырды.Ол алдымен Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық салалардағы көрсеткіштерін тілге тиек етті. Ресей Президентінің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында өндіріс саласы 3,9 пайызға артса, ауылшаруашылық саласы 2,4 пайызға өсім көрсеткен. Ішкі сауда айналымы 12 пайызға артып,
44 млрд долларды құраған. ЕАЭО елдерінің сыртқы елдермен сауда-саттық саласында да 21 пайыз өсім бар.
Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде өткен жылы өзара тауар айналымы 54,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 26,1 пайызға жоғары. Ал одақтың үшінші елдермен сыртқы сауда айналымы 2017 жылы
633,8 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда
24,4 пайызға артық. Сондай-ақ былтыр одаққа мүше елдердің барлығында ІЖӨ көлемі ұлғайған. Нəтижесінде ЕАЭО-ның орташа ІЖӨ өсімі 1,9 пайызды көрсетті.
Шағын құрамдағы жиында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЕАЭО тарихында 2018 жылдың ерекше орын алатынын айтты.
– Әлемдік экономиканың құбылмалылығына байланысты сыртқы жағдайлар мен тәуекелдерге қарамастан, біз өсімнің оң қарқынын сақтап қала алдық. Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында сыртқы және өзара сауда-саттық көлемі айтарлықтай артты, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев бірлескен кәсіпорындар жұмысында оң үрдістің бар екенін атап өтті.
Қазақстан Президенті биыл Еуразия экономикалық одағының жаңа Кеден кодексі күшіне енгенін айтты. Онда кеден ісін әкімшілендіруге, соның ішінде бизнес-үдерістерді автоматтандыруға және «бір терезе» қағидатын енгізуге қатысты заманауи тәсілдерді қолдану қарастырылған.
Бұдан әрі Мемлекет басшысы күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерінің 2025 жылға дейінгі негізгі бағыттарын іске асыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелеріне тоқталды.
– Қазақстан және Ресей кеден қызметтері арасында транзиттік жүктерге спутник арқылы мониторинг жүргізу жөніндегі сынақ сәтті өтті. Өзара саудадағы кедергілер мен шектеулерді жою үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде. Халықаралық ынтымақтастық та белсенді дамып келеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті Еуразия экономикалық одағы аясындағы өзара ықпалдастықты одан әрі кеңейту үдерісіне қолдау білдіріп, Еуразия экономикалық комиссиясы мен оған мүше елдердің үкіметтері тарапынан жаңа жұмыс бағыттарының әрқайсысының экономикалық тұрғыдан мақсатқа қаншалықты сай келетіндігіне терең талдау жасау қажеттігін атап өтті.
– Еуразия экономикалық одағының негізгі мақсаттарына – тауарлар мен қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін айналымын қамтамасыз етуге батыл қадам жасап келеміз. Сонымен бірге Еуразия экономикалық одағының толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін тағы да күш жұмылдыруымыз керек, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев төрт «еркіндікті» қамтамасыз етуге бағытталған құжаттар, соның ішінде Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің азаматтарын зейнетақымен қамту туралы келісім жөніндегі жұмыстарды аяқтаудың маңыздылығын айтты.
– Бізге 2025 жылға қарай өзара саудадағы барлық кедергіні жою қажет. Бұл – бірлестігіміздің толыққанды қызмет етуінің маңызды талабы. Комиссия мен үкіметтер осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруы керек, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы экономиканың басты секторларындағы ірі жобаларды іске асыру қажет екеніне тоқталды. Осыған байланысты Комиссия мен Еуразия экономикалық одағына мүше елдердің үкіметтеріне осындай жобалардың тізімін жасау ұсынылды.
– Мен сонау 1994 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің қабырғасында осы интеграциялық жобаны құру идеясын алғаш рет жария етіп, тең құқылық пен еркіндік қағидаттары жөнінде айттым. Сол кезде бірте-бірте халықаралық аренаның белді мүшесіне айналатын қуатты экономикалық одақ қалыптасады деп ойладым. Бүгінде бұл идея шындыққа айналды. Келесі жылы Еуразия экономикалық одағы туралы келісімге қол қойылғанына 5 жыл және еуразиялық интеграция идеясына 25 жыл толады. Осы екі мерейлі сәтке арналған кезекті отырысты келесі жылы мамыр айында Астанада өткізуді ұсынамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Қазақстан Президенті бүгінгі отырыстың қорытындысы бойынша қабылданатын шешімдер ұйымның одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.
– 2019 жылы Еуразия экономикалық одағының органдарына Армения төрағалық етеді. Сіздердің төрағалықтарыңыз халықтарымыздың игілігі үшін табысты өтуіне тілектеспін, – деді Мемлекет басшысы.
Әрі қарай шағын құрамдағы жиын әдеттегідей бұқаралық ақпарат құралдары үшін жабық есік жағдайында өтті. Бір жарым сағат уақыттан соң ғана мемлекеттер басшылары күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді талқылауды кең құрамдағы ашық жиында жалғастырды. Оған ЕАЭО-ға бақылаушы мемлекет − Молдованың Президенті Игорь Додон қатысты. Өз сөзінде Молдова Президенті одаққа алғаш рет бақылаушы ел ретінде бекітілгенінің үлкен сенім екенін айта келіп, өз елінің Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен өзара сауда-саттық саласын дамытуға ниетті екенін жеткізді. Әсіресе кәсіпкерлік саласында тың бастамаларға қол жеткізу жоспарланып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар келер жылы одаққа мүше елдерге өнім жеткізу көлемін арттыру да көзделіп отырғанын айтты.
− Еуразиялық экономикалық одақтың жұмысын бақылаушы мемлекет ретінде экономиканың сан салалы бағыттарында одақ елдерімен әріптестікті нығайтуға ниетті екенімізді жеткізгім келеді, деді Молдова Президенті.
5 жылдық аясындағы кездесу Астанада өтеді
Келесі кезекте сөзді ЕЭК алқасының төрағасы Тигран Саркисян алып, шағын құрамда қаралған мәселелерді атап өтті.
− Біз бүгін 15 мәселе бойынша талқылау жүргіздік. Пікір қарама-қайшылығын тудырған тақырыптарды жан-жақты сарапқа салдық. Тағы бір айта кетерлігі, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі жиынын мамыр айында Астана қаласында өткізу туралы келісімге келдік, – деді комиссия төрағасы.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес жиынының соңында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Тигран Саркисян одақ аясындағы экономиканы цифрландыру жүйесіне қатысты мемлекеттер басшылары аса маңызды құжатқа қол қойғанын айтты.
− Экономиканы цифрландыру бойынша 40 бағыттың 8-і бекітіліп,
3 жоба іске асу үстінде. Сонымен қатар электронды сауда саласын жандандыру және шағын және орта бизнесті дамыту мәселесіне қатысты, сонымен қатар транзиттік сала бойынша екі жобаны іске асыру туралы келісім орнады. Мемлекет басшылары қол қойған аса маңызды құжаттың бірі – Еуразиялық экономикалық одақтың алдағы даму жоспарына бағытталған декларация. Маңызды құжаттардың тізімінде ортақ мұнай-газ нарығын қалыптастыру бағыты да бар. Бұл ретте мемлекеттер басшылары газ тарифіне қатысты өзара пікір алмасып, ортақ шешімге келді, – деді. Комиссия төрағасы одақтың Иранмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі уақытша келісім мәселесі және Қытаймен сауда-экономикалық серіктестік орнату жөніндегі мәмілесін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет басшылары Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кезекті отырысында өте маңызды мəселелерді талқылап, тиімді шешімдер қабылдады деуге толық негіз бар.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы биыл Ресей Федерациясында осымен екінші мәрте өтіп отыр. Бұған дейін Ресейдің Сочи қаласында өткен басқосуда одаққа мүше мемлекеттер әлемдік ахуалды ескере отырып, жанданудың жаңа бағытын бағамдайтын келелі келісімдер жасаған болатын.
Сонымен қатар отырыста мемлекеттер басшылары Еуразия экономикалық одағы өзара іс-қимылдың жəне экономикалық одақты одан əрі дамытудың бірқатар өзекті мəселелерін талқылап, Еуразиялық экономикалық комиссияның есебін тыңдады. Келіссөздер барысында Еуразиялық экономикалық одақтың қызметі оған мүше елдердің экономикасына оң əсер етіп отырғаны жəне интеграциялық үдерістерді күшейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес барысында ұзын саны 21 құжатқа қол қойылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан» −
Санкт-Петербургтен (Ресей)