Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Қара алтынның құны қанша?

417 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы, Иран мен Ресейге қарсы салынған санкциялар және дамушы елдер нарығынан капиталдардың шығарылуы – мұнай бағасының құлдырауына әсер етіп отырған негізгі факторлар. Қара алтын құнының құлдырауы инвесторлардың сенімін сейілтсе, мұнайға экономикасы басыбайлы тәуелді елдер өндіріс көлемін бәсеңдету арқылы бағаны қалыпқа келтіруді көздейді.

Қара алтынның құны қанша?

Кері кеткен мұнай бағасына тосқауыл болмай тұр

Бірақ қазіргі жағдайда мұнай экспортындағы негізгі ойын­шылардың қайсысы басым болары, ОПЕК елдерінің өзара келелі келісімі қаншалықты ұзақ­қа созылары белгісіз. Еске­ре­тіні, АҚШ тақтатас мұнайы­ның әлемдік нарықтағы үлесі артып келеді. Қара алтын өндіруде алпауыт саналатын бұл елдің мұнай өндіру көлемі биыл 25 па­йызға артып, рекордтық көр­сеткіш орнатты. Құрама Штаттар Иранның мұнай экспортына санк­ция салып, елдің экономи­касын біржола тұралатып қоюд­ы жоспарлады. Ал мұнайға бай Сауд Арабиясының эконо­ми­касы соңғы жылдары «ауыр» жағдайды бастан өткеруде. Атал­ған елдің әл-ауқат қорын­дағы қаражат 250 млрд долларға дейін азайған. Ал іске асырылуы тиіс жобаларға 776 млрд АҚШ ақшасы қажет. 

Кейінгі кезде әлемдегі сая­си қақтығыстар мен алпауыт ел­дер арасындағы сауда соғы­сы жаһандық экономика­ны қос өкпеден қысып, мұнайға тәуел­ді елдердің қазына қара­жатын бірнеше мәрте екшелеп алуына себеп болуда. Осы орайда мұнай бағамына жасалған бол­жамдардың қай-қайсысы бол­са да жоғарыда аталған әлем­дік деңгейдегі аса ірі оқиға­лардан алыстай қойған жоқ. Төрт құрлықтағы қара алтын құ­нына қатысты айтылған әр­бір пайым мен меңзеулердің бір­сы­пы­расына назар аударып көрелік.  

Лондон мен Нью-Йорк биржаларында өткен сауда-саттық қорытындысы бо­йынша мұнай бағасы айтарлықтай арзан­дағанына тағы да куә болдық. Лондондағы ICE Futures биржасында қаңтарда жеткізілетін Brent маркалы мұнайдың фьючерстері 4,57 долларға төмендеп, 62,44 долларды құрады. Ал Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) қаңтар айында жеткізілетін WTI маркалы мұнай бағасы 3,77 долларға арзандап, барреліне баға 53,43 долларға жетті. Бір ай бұрын қара алтын құнының арзандауына АҚШ энергетика министрлігінің мұнай қорының өскендігі туралы мә­лім­демесі әсер етіп отыр деген ақпарат жа­рияланды. Онда мұнай көлемі 7 мил­лион баррельге дейін артқандығы ай­тылған болатын. Осыдан кейін мұнай нарығында бәсі жоғары елдердің мұнай өндіруде көлемді шектеу бойынша келі­сімдерді аттап, жүгенсіз кеткенді­гін шетелдік БАҚ жарыса жазды. Тамыз айы­ның басында Иранның мұнай министрі Бижан Намдар Зангане ОПЕК басшыларына және Сауд Арабиясының энергетика министріне хат жолдап, мұнай өндіру көлемін бақылауда ұстап отыруды ұсынған еді. Оның айтуынша, ОПЕК-тің 171-ші конференциясында жасалған келісімде мұнай көлемін 1 млн баррель шамасында өндіру бекітілген. Бұл бәтуаны белден басқан елдер бар көрінеді. Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ сарапшысы Жәнібек Арыновтың айтуынша, мұнай өнді­ру көлемін келісіп қадағалап отыру – бірінші кезекте ОПЕК елдеріне қажет. Себебі бұл мұнай бағасын жоғары дең­гейде ұстап отыруға мүмкіндік бер­еді. Егер ОПЕК елдері мұнай өндіруді қар­қынды түрде жүзгізетін болса, әлемдік мұнай бағасы айтарлықтай төмендейді. Сол себепті аталған елдер келісімге келуге мәжбүр. Мәміле аясында әр мем­ле­кетте өндіруге рұқсат етілген квота мөлшері белгіленген. Осы ретте кейбір мемлекеттер шектеу бойынша келіс­пеушіліктерге тап болып отыр. Десе де, ОПЕК елдері аталған келісімнің орындалуына мүдделі.

Мұнай бағасын реттеп отыруда өзіндік қағидалары бар ОПЕК елдері қара алтын өндіруде негізгі өсім көр­сету­ші мемлекеттердің қатарында Қазақ­стан, Бразилия, Канада және АҚШ барын хабарлаған болатын. Картелдің ай сайын­ғы есебіне сәйкес, аталған елдердің мұнай өндірісі әлемдік нарықтағы шикізаттың артуына тікелей әсер етпек. ОПЕК атаған бұл мемлекеттердің мұнай өндірісі биыл тәулігіне 2,22 млн баррельге дейін артпақ.

Ал келесі жылы тағы да 2,12 млн баррельге дейін өседі деген болжам айтылды. 

ОПЕК тарапынан айтылған тағы бір маңызды пайым – алдағы уақытта әлемдік деңгейде қара алтынға сұраныс бәсеңдейді. Өткен жылғы мұнай тұтыну көлемі 98,83 млн баррель шамасында деген ұйымның жобалауы өзгеріп, 98,79 млн баррельге жетеғабыл көрсеткіш бекітілді. 

Мұнай нарығындағы маңызды ойын­шы­лардың бірі – Венесуэла. Бұл елдің экономикасы қазір қиын кезеңді бастан кешуде. Мұнай құнының арзандауы жығылғанға жұдырық болып, саудада 70 доллардың шамасында сатылуда. Жақында аталған елдің президенті Нико­лас Мадуро қара алтын құны барреліне 90 доллар шамасында болады деп мә­лім­деме жасады. Бірақ бағаның күрт жоға­рылауына нақты қандай фактордың мұрындық боларын ашып айтпады. 

Өз кезегінде инвесторлар мұнай баға­сының төңірегіндегі жағымды жаңа­лықтардан әлі де дәмелі. Олар ОПЕК мұнай өндіру көлеміне шектеу қоярына үмітті. Жақында Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих мұнай қорының нарықта шамадан тыс артық екенін ашық айтып, ОПЕК елдері тұрақты профицит сақтал­ған жағдайда өндіруді қысқартатынын мәлімдеді. Артынша Ресейдің энергетика министрі Александр Новак асығыс шешім қабылдаудың қажетсіз екенін айтып, қыс мезгіліндегі жағдайды толық ескеруге кеңес берді. Schneider Electric шикізат секторының талдаушысы Робби Фрейзердің айтуына қарағанда, ОПЕК мұнай бағасы­ның тоқтаусыз құлдырауын тоқтату мақ­сатында өндіруді қысқар­ту бойынша талқылау процесі үстін­де. Алайда Ресей Сауд Арабиясы­ның жауап­кершілікті арттыруды көздейтін бұл идеясына қолдау білдірген жоқ. 

Мұнайды резерв арқылы сатудың тиімділігін дәлелдеді

Әлемдік мұнай нарығын қармап қалатын мүмкіндікке ие бірден-бір мемлекет – АҚШ. Оның бұл бағытта жоспарлы түрде қимылдауға кіріскенін аңғару да қиын емес. Күзде француздық «lemonde.fr» ақпарат агенттігі Кувейт 1990 жылдан бері алғаш рет АҚШ-қа мұнай тасымалын тоқтатты деген хабар таратты. АҚШ энергетика министрлігі бас­қар­масының ақпараттық сайты да қыр­күйек айынан бастап кувейттік мұнай­дың тоқтатылғанын жариялады. Кувейттік мұнайдың АҚШ-қа тасы­малы 2012-2014 жылдары ең үлкен көр­сет­кішке жетті. 1990 жылы Иракпен ара­дағы әскери қақтығыс салдарынан мұнай экспортын уақытша тоқтатқанын айтпағанда, 28 жыл бойы қара алтынын АҚШ-қа үздіксіз тасымалдап келген Кувейттің бұл шешімге баруына не себеп болғаны әзірге белгісіз. Есесіне АҚШ күзде Венесуэланың мұнайын импорттауды екі есе ұлғайтқандығы анық­талды. Яғни, тәулігіне 601 мың бар­рель мұнай сатып алынған. Жалпы АҚШ-тың мұнай өндірісінен бастап, экспорттаудағы, импорттаудағы саясаты өзгерістерге ұшырауда. Бұл турасында сарапшы Жәнібек Арынов: «АҚШ саясаты тек Вашингтонның мүддесін қор­­ғауға бағытталған. Сол себепті егер Кувейт­тен мұнай сатып алу АҚШ-тың мүд­десінде болса, аталған процесс жал­ғаса берер еді. Егер Венесуэладан сатып алу тиімдірек болса, АҚШ сөзсіз өз ба­ғытын өзгертеді. Мұндай саясат ал­дағы уақытта да жалғаса бермек» дейді.

Мұнай бағасын қым­бат­татпау үшін АҚШ күзде аукцион өткізді. Ондағы мұнайды жеткізу уақыты қазан-қараша айларында жүзеге асты. Осы уақытта Құрама Штаттар Иранның мұ­най экспортына ауқымды санкция сал­ған болатын. Сөйтіп бір оқпен екі қоян атқан АҚШ бағаның құлдырауын қол­дан жасады дейді сарапшылар. Бұл жағдай­дың саяси астары да сыр бере бас­тады. Қараша айында Конгресте сайлау өтті. Осы ретте америкалық билік бензин бағасын өсіріп, көпшіліктің көңіл күйін түсіргісі келмеген сыңайлы. Ең маңыздысы, АҚШ құрған мұнайдың стратегиялық резерві әлемдік нарыққа ықпалын үдете түсе ме деген қауіп. Мұнай нарығындағы ойыншыларды алаңдатып отырған сауда алаңында «базар» алдағы уақытта қыза түспек. Оған дәлел, былтыр АҚШ-та екі аукцион ұйымдастырылып, 18 млн баррель мұнай резерв арқылы сатылды. Бұл шараға 20-ға жуық компания қатысқан. Ал жоспар бойынша биыл резерв арқылы саудаға қойылатын мұнайдың көлемін 25 млн баррельге жеткізу көзделген. Сауда-саттықтың шарықтау шегі 2024-2025 жылдарға жоспарланып отыр. Ол кезде 35 млн баррель резерв арқылы сатылмақ. Сөйтіп 2025 жылға қарай 190 млн баррель немесе стратегиялық отын қорының 28%-ын нарыққа шығару көзделіп отыр. Құрама Штаттардың соңғы өткізген аукционында интервенция көлемі 11 млн баррельді құраған-ды. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта 30 млн-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл дегеніміз – мұнайдың бағасы аталған нарықта «су тегін» сатылады деген сөз. Айта кетерлігі, АҚШ резерві арқылы мұнайды сату туралы тарихи шешім Барак Обаманың тұсында қабылданған. Мұнайдың стратегиялық резерві АҚШ-қа ОПЕК елдері шикізат жіберуден бас тартқаннан кейін 1973 жылы құрылды. Бұл кезде Израильдің Таяу Шығысқа көрсеткен қысымына Вашингтон қолдау білдірген-ді. Сөйтіп тығырықтан шығар жолды резерв құру арқылы тапқан АҚШ 1991 жылы Кувейт шикізат экспорттауға шамасы келмей қалған тұста оны тиімді пайдаланды. Сол кезде резерв арқылы аса ірі сауда-саттық жүргізіліп, оның көлемі 30 млн баррельді құраған. 

АҚШ экспорты артып келеді

«АҚШ мұнай өндіру технология­сы бойынша ең үздік ел. Әлемдік жетекші мұнай компаниялары аталған елге тиесілі. Олардың қолында техноло­гия мен қаржы шоғырланған. Міне, осы жайт АҚШ-ты алдыңғы қатарлы мемлекет етеді», деді сарапшы Ж.Арынов. Мұнай нарығы туралы сөз болғанда АҚШ өнді­ріп отырған тақтатас мұнайына тоқталмай өту мүмкін емес. 

− Тақтатас мұнайы мен газын өндіру технологиясы – мұнай өндіру саласын­дағы революциялық жетістік. Бұл АҚШ-қа айтарлықтай артықшылық береді, себебі оны өзге мұнай өндіруші алпауыт­тар игеріп үлгерген жоқ. Сол себепті АҚШ-тың мұнай саласын­дағы рөлі арта түсетіні сөзсіз, – деді Ж.Арынов.

Десек те, жеті қат жердің астынан мұнай өндірудің де қиындықтары бар. Тақтатас мұнайын өндіруге кететін шы­ғынның көлемі айтарлықтай жоғары. Осы саладағы көптеген америкалық ком­паниялар ұзақ жыл бойы шығынға жұмыс істеп келген. Тақтатас мұнайын өндірудің пайда алып келуі үшін, кейбір сарапшылардың есептеуі бойынша, әлемдік мұнай бағасы барреліне 53 доллардан кем болмауы керек. Алайда технология бір орында тұрмайды, бұл мәселе жайлап шешіліп келеді. Мы­салы, мұнай бұрғыларының жұмыс өнім­дігі 4 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шамамен 300%-ға арт­қан. Технологиялық жетілдіру алдағы уақытта да жалғасатыны сөзсіз. 

Әлемдегі қара алтын құны үшін қар­балас алдағы уақытта да жалғаса бер­мек. Мұнай бағасының шамадан тыс арзандауы әлемдік экономиканы екі өкпеден қысары сөзсіз. Сын сағатта мұ­най нарығындағы алпауыт ойыншылар бірлескен ортақ шешім қабылдарына сенімнен гөрі күдік басымырақ.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»