Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың осыдан бір жарым жыл бұрын жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қазақ қоғамының руханияты мен мәдениетінің көкжиегін ашқан мақала болса, кейін жарияланған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ұлттық мұраларымызды терең тануға серпін беретін үлкен тарихи мәнге ие.
Аталған тарихи құжат уақыт талабына сай еліміздің саяси, мәдени, рухани өмірінде дамудың нақты бағыт-бағдарын айқындап беретін құнды пікірімен ерекшеленеді. Мақалада көтерілген ұлтымыздың тарихы мен мәдениетіне қатысты тың ойлар мен нақты ұсыныстар жаңа ізденістер мен бастамаларға жол ашатыны анық.
Елбасының мақаласында жазылған ұлтымыздың рухани мұрасы мен мәдениетін жаңа заман талабына сай өркендету жолында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектеп-интернат колледжінің мерейтойына арналған «Өнермен өрнектелген 30 жыл» атты ауқымды іс-шара болып өтті. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген дарынды балаларға арналған республикалық арнайы көркемсурет мектеп-интернатының, Қазақстандағы көркемөнерден алғаш үздіксіз үш сатылы білім беру жүйесінің негізін қалаушы, aғартушы-ғалым, білім, ғылым және мәдениет саласының ұйымдастырушысы, өз ісіне жауапкершілікпен қараудың өнегесін көрсете білген іскер басшы, абзал азамат, профессор Ұлықбек Ибрагимовтің еңбегін кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында өткен бұл іс-шара өз ерекшелігімен жас ұрпақтың жадында қалмақ.
«Бүгінгі күнді түсініп, түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек», деп Елбасының атап өткеніндей, мектеп-интернат колледжі ұжымының ұйымдастыруымен өткен мерекелік шарада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық мұражайында «Естеліктер айнасы» атты көркем туындылар көрмесі, мектеп-интернат колледжінің ғимаратында көрмелер, шеберлік сабақтары, дөңгелек үстел ұйымдастырылып, көпшілік назарына ұсынылды.
Жетістіктерге жету, табысты еңбек ету үшін 30 жыл аз уақыт емес. Ұйымдастырылған әрбір іс-шараның мақсаты түрлі көзқарастар мен талқыланатын тақырып бойынша кең, ауқымды пікірлерді анықтау, оларды жас ұрпаққа жеткізу екендігі аян. Сондай-ақ білім алушы ұрпаққа ұлттық мұраларымызды терең танумен қатар, өркениеттің өзіндік өрнегін қалыптастырып, өнер мен ғылымның жетістіктерін жан-жақты ой елегінен өткізуіне, тереңнен зерделей алуына әсері мол. Еліміздің одан әрі дамып, өркендеуі мен рухани жаңғыруына өнер саласы бойынша алдыңғы қатарлы ұлттық білім беру жүйесін дамыту, әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілетті мамандар шығару ісін одан әрі күшейте беру мен жандандыру ісі ерекше болмақ.
Тарихи сананы жаңғырту бағыты бойынша отаншылдық тәрбие беру, өз тарихына деген мақтаныш сезімін ояту мақсатына арналған «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» жобасы аясында ұлтымыздың мұрасын дәріптеу ерекше назарда. Осыған орай білім ордасында Бостандық ауданы колледждері арасында ұйымдастырылған «Жас өркен» жастар фестивалі рухани құндылықтар мен оны кейінгі ұрпаққа жеткізу маңыздылығы жөнінде ой өрбітуге шақырады. Ұлттық мәдениетімізді дамытуға арналған мерекелік фестиваль күндерінде ұлттық аспаптар дәріптеліп, көркемсөз оқу мәнері мен дәстүрлі ән байқауы жас жеткіншектерге ерекше шабыт сыйлады.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласымен таныса отырып, Ұлы даланың ежелгі өнері мен технологиялар музейі ашылатыны әр азамат бойына мақтаныш сезімін ұялатады. Ол саналы жеткіншектің халқымыз жайлы тың мәліметтер алуына жол ашады. Болашақ ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеуде мәні зор асыл қазына, сарқылмас мұра көне жәдігерлерді дәріптеу арқылы тарихымызды ұлықтайтынымыз баршаға аян.
Еліміздің табысты болуы үшін төл тарихын білетін, бағалайтын, мақтан ететін халықтың болашақ ұрпақтарын тәрбиелеу – басты мақсатымыз болуы заңдылық. Ал «Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу мен болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі».
Зура ЖҰМАХМЕТОВА,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы жанындағы мектеп-интернат колледжінің директоры
АЛМАТЫ