Қазақстан • 07 Желтоқсан, 2018

Жасан Зекейұлы: Ұлттық рухымызды бекемдейді

1014 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Жасан Зекейұлы: Ұлттық рухымызды бекемдейді

Менің елім – Қазақстан! Қандай мәртебелі, кеудеңде мақтаныш пен өрелік отын лау­латар қасиетті ұғым. Бүгінде Қазақ елі жер-жаһан­ға татулық пен берекенің, бей­бітшіліктің ордасы ретінде танылды. Ал мұндай зор мәртебеге ие болу жолында ата-бабаларымыз жан аямай күресіп, Ұлы даланы ке­йінгі ұрпағына ұлы мұра етіп қалдырды.

Еуразия кеңістігінде орна­лас­қан Қазақстан бүгінде Мем­ле­кет басшысының сараб­дал саяса­ты­ның арқасында бейбіт­ші­лік пен тұ­рақтылықты ту еткен, әлем­нің қандай елімен бол­сын экон­оми­калық-саяси серік­тес ретінде өзінің орнын мығым­дап, қандай жағдайда да терез­есін тең ұстай алатын дәре­жеге жетті.

Еліміздің келешегі жолында іске асып жатқан әлеуметтік-эконо­ми­ка­лық бағдарлар Ұлы даланы әлі де жаңа қырынан, зор жетістіктер үде­сінен таны­татын­дығына сенім зор.

Осы тұста мына бір тари­хи дерек  көңілге оралады. «Абылай хан дүниеден озар алдында Бұқар жыраумен қош­­тасып: – Қанша жыл өмір сүріп, жасағанымнан не пайда, қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ, бұл – бір. Ақбозаттың құнын ер құнына теңегенім жоқ, екі.

Мылтығымның құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ, ұста мен етікшінің құнын жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұным үш. Осы үш арманым бойымда кетті», деген екен. Абылай ханның осы үш ар­маны­ның ар жағында үлкен тұжы­рым жатыр. Бұл оның қазақ­тың басын біріктірсем, яғни «Мәңгілік ел» етсем деге­нін, ел болашағын тереңнен ой­ла­ғанын білдіреді емес пе?.. Баба­ларымыздың өткен жолына зер салып қарап отырсақ, сонау өткен заманда арман бол­ған тәуел­сіз ел, Мәңгілік ел болу бүгін­де  Президенттің алға қой­ған игі бас­тамаларында жарқын көрі­ніс беріп отыр. Президент атап өтке­нін­дей, «Мәңгілік ел» – Қазақ елінің ұлт­тық идеясы.

Осы жолда еліміздің алдағы жарқын болашағын айқындап берген «Қазақстан-2050» стра­тегиялық бас құжаты білім, ден­саулық, экономика, т.б. салалардағы алар асулары­мыздың бағдаршамы іспетті.  Алдымызда әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндеті тұр.  «Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады» деген халқымыздың даналығын еске алатын болсақ, «Ұлы даланың жеті қырын» ел алдында нақтылап айтып берген Мемлекет басшысының алдында әлі де халқын биіктерге жетелейтін ұлы мұрат жатыр. «Қуана білгенге – құт қонады, бағалай білгенге – бақ қонады» дейді халық тәмсілі. Қазақстан бүгінде қыдыр дарып, бақ қонған, ырыс жайлаған елге айналды! 

Түсіне білген адамға Тәуел­­­­­сіздік – асыл ұғым, ұлы мұрат. Тәуелсіздік – халық­тың бақыты. Президент атап өтке­ніндей, еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азамат­тық намысың болса, Қазақ мемле­кетінің ны­ғайып, көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жер­дің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа! 

Ұлы дала  – қазақтың мекені, ежел­гі қонысы. Еліміз өлшеусіз та­би­ғат байлығымен ғана емес, көп­теген ұлт өкілдерін өзінің бауыры­на басып, бейбіт өмір кешіп отырған са­ли­қалы саясаты бар дара мемлекет. 

Ұлы дала мұраттары ұлттық  рухымызды бекемдеп қана қоймай, ұлттық дәстүрімізбен, дінімізбен, тілімізбен, рухани байлығымыздың қуатты­лығы­мен жаһандану дәуірінде өз биігіне бастайды. 2025 жылға дейін латын қарпіне көшеміз деген мақсат-міндеттеріміз рухани кемелденіп, ұлттық рухымыздың асқақтауына ықпал ететін маңызды қадам. Мемлекеттің өркениетті шешімі қазақ ұлтының ұлттық санасын бекемдеп, әлем халықтарымен рухани көкжиегін кеңейтіп, ғасырлар қойнауында жатқан әрі ғасырдан-ғасырға жалғасын табатын мол мұрамызды паш етуге бастайды. 

Ұлы дала ұрпағын ұлы мұ­рат­тарға жетелейтін ұлттық мүдде. Олай болса,  Мемлекет бас­шысы алға қойып отырған Ұлы даланың маңызды мақсат­тарына қадам бас­қан кезеңде  ұрпағымыздың кемел келешегі жолында ұлттық мүддені басты ұстаным ете отырып аянбай ең­бек етуге тиіспіз.

Арғымақ атқа қамшы салғандай, ендігі кезек­те сөзден іске көшетін, биік асу­ларға жететін сәт туды.  Ірге­сі мығым, бейбіт қазақ дала­сы Ел­басының көрегенді сая­са­ты­ның арқасында әлі де биік ме­же­лерге жететіндігіне сенім мол. 

Жасан ЗЕКЕЙҰЛЫ,

медицина ғылымдарының докторы, Денсаулық сақтау ісінің үздігі