Аймақтар • 08 Желтоқсан, 2018

Тарбағатай ауданының әкімі семейлік жастармен кездесті

722 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

 

Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев Семей қаласының студент жастарымен кездесті. Семей медицина университетінде өткен кездесуге шаһардағы университеттер мен колледж басшылары, зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындары мен колледждерінің студенттері қатысты. Іс-шараның аясында ұйымдастырылған жәрмеңкеде Тарбағатай ауданы әкімдігінің өкілдері білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және тағы басқа салалардағы бос жұмыс орындарын ұсынды. Бұл туралы оқу орнының фейсбуктегі парақшасы хабарлады.

Тарбағатай ауданының әкімі  семейлік жастармен кездесті

Жиынды ашқан Семей медицина университетінің ректоры Ерсін Жүнісов Тарбағатай ауданының әкімін Құрмет грамотасымен марапаттады.

Ділдәбек Оразбаев өз кезегінде ауданның қазіргі жағдайы, даму бағыттары, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы жөнінде баяндама жасап, аудан ардагерлерін «Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы» атағымен марапаттады. Оқуда өздерін үздік көрсеткен студенттерге сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Кездесу барысында «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Айдос Төлеуқанов сөз сөйлеп, осындай шаралардың оқуын тәмамдаушы жастарға да, жас кадрларды қажет ететін аудандар үшін де пайдасы мол екенін атап өтті. Кездесуде Тарбағатай өңірінің тумалары - Семей медицина университетінде ұзақ жылдар қызмет атқарған ардагер Жеңісбек Базарбекұлы және терапия мамандығы бойынша интерн Жанерке Жұмағалиева сөз сөйледі. Жүздесу университеттің өнерлі студенттердің концертімен аяқталды.

«Қазіргі таңда Семей медицина университеті Тарбағай ауданы әкімдігімен бірқатар бағыттар бойынша әріптестік қатынастарды дамытуда. Университеттің білікті мамандары мен профессорларынан құралған мультидисциплинарлық топ Тарбағатай ауданында болып, аудан тұрғындарын қабылдаған болатын. Аудан дәрігерлерінің біліктілігін көтеру мақсатында семинар жүргізілді. Сонымен бірге, Семей медицина университеті әзірлеген SMU-Консультант жобасының пилотты ауданы ретінде Тарбағатай аудандық ауруханасы тағайындалған болатын. Кездесу барысында университет ректоры Ерсін Тұрсынханұлы келер жылы Тарбағатай ауданында ғылыми-практикалық конференцияны өткізу жөнінде ұсыныс тастады. Аталған бастамаға аудан әкімі Ділдәбек Тәжібайұлы қолдау білдірді», - деп жазады университеттің фейсбуктегі парақшасы.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Семей