Қазақстан • 10 Желтоқсан, 2018

«Сергек» сенімді серікке айналса

419 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы 5 қа­зан­дағы Жолдауында құқық қорғау саласын жаңғыртудың маңыз­ды­лы­ғына тоқталып, ішкі істер орган­да­ры­ның құрылымы мен штатын оңтай­лан­дыруды, сондай-ақ өзіне тән емес функ­цияларды алып тастауды тапсырды. 

«Сергек» сенімді серікке айналса

– Артық нәрсенің бәрінен арылып, қылмыспен күрес жүргізу және құқықтық тәртіпті сақтау ісіне мән беру керек. Бізге жаңа формацияның полицейлері қажет, – деді Елбасы. 

Бүгінде жергілікті поли­ция қыз­меті қалалық әкімдікпен мем­­ле­кет­тік-жекешелік әріптес­тігі аясын­да «Сергек» бағдар­ламасын жүзеге асыруда. Қоғамдық орындар мен көшеде­гі қыл­­мыс­тарды азайту мақ­са­тында шара­лар жүргізуде. Жол тәртібін бұзу фактілері арнайы бейнекамералармен бақыланады.

Бұл мақсатта өңірдегі Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында «Сергек» деп аталатын 1700-ден астам бейнебақылау құрылғылары алынды. Құрылғылар осы қалаларда қылмыс жиі жасалатын көше қиылыстары мен жол апаттары көбірек орын алатын көшелерге, тұрғын үйлердің кіреберістеріне орнатылуда.

Қалалық жергілікті полиция қыз­­ме­­­тінің мә­лім­етінше, облыс орта­­лығында қа­зан айында өткен «Қа­уіп­сіз жол» ак­ция­сында 2500-ге жуық құқық бұзу­шылық тіркеліпті. Анық­талғандай, 452 жүргізуші ұялы телефон қолданса, жетеуі жылдамдықты шамадан тыс арттырған, ал 328-і қауіпсіздік белдіктерін тақпаған. Биыл 349 жол-көлік оқиғасы болған. 

Сондай-ақ 63 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізіп, 186 жүргізуші бағдаршамға қарамай өтіп кеткен. Салдарынан «Қауіпсіз жол» шарасы барысында 123 көлік айыппұл тұрағына жеткізіліп, жаяу жүргіншіге қатысты 521 факті тіркелген. 

29 қазан мен 2 қараша аралығында «Назар аудар, жаяу жүргінші!» жедел алдын алу шарасы өткізіліп, нәтижесінде жол қауіпсіздігіне жауапты қызметкерлердің көмегімен 325 құқық бұзушылық анықталған.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 600-бабы бойынша 35 адам жауапқа тартылған, 9 жүргізуші көлікті мас күйінде жүргізсе, 65 жаяу жүргінші жол ережесін бұзған. 

Сол сияқты, 18-20 қазан аралы­ғында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Автобус» жедел алдын алу шарасы өткізіліп, нәтижесінде 56 әкімшілік хаттама толтырылған. Жол-көлік оқиғасына қатысты 129 сот ісі қаралған. Полицей қызметі, сонымен бірге облыс орталығы көшелеріне тағы да қосымша 14 бағдаршам орнату керек деп отыр. 

Жоғарыда біз жазған бұл мә­лі­меттер барысы полицейлер қыз­ме­тінің тынымсыз жұмыс ауқы­мын көрсетеді. Жергілікті полиция қызметінің басшысы Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, елімізде енді жол-патрульдік полициясы атауы патрульдік полиция деп өзгермек. Полицейлердің көліктері рация, бейнекамера, планшет сынды құрылғылармен жабдықталыпты. 

Өңірдегі жол-патрульдік поли­ция­­сы қызметкерлерінде 74 планшет бар. Бұл әкімшілік хаттаманы толтыру уақытын үнемдеуде. Электронды құжаттың тиімділігі жол бойында кез­десетін жемқорлықты жоюға тос­қауыл. Мысалы, бұған дейін әкім­шілік хаттама 45 минут толтырылса, қазір бар-жоғы 4 минут кетеді. 

Қазір құқық қорғау органдарының жұмысына өзгерістер енгізілу керек­тігі жиі айтылуда. Мысалы, еліміз­дегі қалаларда пәтер иелері коопе­ра­тивтерін жаңғырту жұмысы бастал­са, бұл полицейлер қызметін жеңіл­дете түседі.

Өйткені әрбір учаскелік инс­пек­тордың қызметі осы ПИК-тер­мен тығыз байланысты екені бел­гілі. Аулалар өз деңгейінде жарық­тан­дырылса, қылмыс саны да азая түседі. Тұрғын үйлерде бейнеба­қы­лаулар мен электронды құрылғылар орнатылуда. 

Яғни, тұрғындардың тыныш өмірге деген сенімділігі, жайлы тұр­мысы мен қауіпсіздігі поли­цияның қа­жеттілігін, олардың қызметін баға­лаудың негізіне айналады деген сөз.

Қазір полицейлердің еңбек­ақы­сын көбеюту және тұрғын үймен қамтамасыз ету шаралары жүргі­зілуде. Өткен жылы жол-патрульдік полициясының жас мамандарына жатақхана берілді. 

Бұл күндері облыстық ішкі істер департаментінің жол-патрульдік полициясы батальоны бөлімшесі орналасқан аумақта 120 пәтерлі 4 по­дъезді тұрғын үй салынуда. Полицейлер де «7-20-25» бағдар­ламасына қатыса алады. 

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ПАВЛОДАР