Жалпы, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетін нығайтуда және халықты жеделдікпен қамтамасыз етуде, ішкі және сыртқы байланыстарды орнықтыруда әуе көлігінің де маңызды рөл атқаратыны белгілі. Осы орайда Қазақстан арқылы өтетін авиатасымалдау транзитінің дамуында тұрақты өсім бар екенін айта кеткен ләзім. Мәселен, 2022 жылға қарай, еліміздің аумағын басып өтетін ұшулардың саны 2011 жылғы деңгеймен салыстырғанда кемінде 1,5 есеге артады деп күтілуде.
Әлемдегі ең жас елордалардың бірі саналатын Астана Еуразияның ірі іскерлік, мәдени және ғылыми хабына айналып келеді. Жаһан экономикасында жылдан-жылға жедел өркендеп келе жатқан санатқа енетін Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайы да елорданың тұрғындары мен қонақтарының өсіміне оң ықпал етіп отыр.
Қазіргі Астана әуежайының өткізу мүмкіндігі 3,6 млн жолаушыны құрайды. Бұл келешекте жолаушылар ағынындағы трафиктің өсіміне лайықты жауап бере алатын әлеует. Осыған байланысты елорданың әуе қатынасындағы тұтынушы сұранысын қамтамасыз ету және ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге дайындық мақсатында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында астаналық әуежайдың жаңа терминалы жобасы жүзеге асырылған болатын.
2017 жылдың 31 мамырында Мемлекет басшысының қатысуымен Астана қаласындағы заманауи халықаралық терминал ашылғаны мәлім. Бұл терминал халықаралық рейстерді қабылдауға арналып салынған болатын.
Жаңа терминалдың жалпы ауданы халықаралық жолаушылар және VIP терминалын қоса алғанда 47 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда жолаушыларды ұшаққа отырғызу жолағымен бірге әуе кемелеріне арналған 6 жаңа тұрақ және 4 автобусқа арналған шығу жолдары бар. Халықаралық талаптарға сай жаңа терминал аумағында заманауи қауіпсіздік жүйесі орнатылды. Сондай-ақ әуежайдың қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында жоғары технологиялы жүйелер енгізілді. Терминалда елімізде алғаш рет жүкті өңдеудің заманауи жүйесі орнатылды. Бұл жүйе Еуроодақ талаптарына сәйкес келеді. Сонымен бірге сағатына 1200 дана жүкті өткізу қабілетіне ие. Жеке куәлікті тексеруге арналған 50 кабина жұмыс істейді. 27 тіркеу бағаны және 4 өзін өзі тіркеу бағаны қызмет көрсетеді.
Т1 терминалының жалпы өткізу мүмкіндігі жылына 5,2 млн жолаушыны құрайды.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»