Аударма • 12 Желтоқсан, 2018

Мұнай барлау жұмыстарының ақ аюларға әсері

875 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Альберта университетінің биологы Эндрю Дерокер ақ аюларды 30 жылдан бері зерттеп келеді. Ол жаһандық жылыну кезеңінде Арктикадағы аюлардың жағдайына, мұнай мен газ бұрғылау жұмыстарының табиғат өкіліне қаншалықты әсер ететініне жіті назар аударған. Таяуда онымен әңгімелесудің сәті түсті. 

Мұнай барлау жұмыстарының ақ аюларға әсері

Джош ХАНЕР, «Нью-Йорк Таймс»

Хенри ФОНТАН, Стив ЭДЕР, «Нью-Йорк Таймс»

– Арктикада шамамен 25000-ға жуық ақ аю бар. Олар­дың жағдайы қалай?

– Адамдар ақ аюдың бәрі қиын жағдайда деп пайымдайды. Бірақ мәселе ондай емес. Қазір Арктиканың көп бөлігінде олар мамыражай тірлік кешіп жатыр. Өңірде ақ аюдың 19 түрі бар. Сондықтан әр түрдің ахуалы әр алуан. 

– Аляскадағы Арктикалық ұлттық қорықтағы аюлар туралы не айтасыз?

– Ондағы ақ аюлар – 19 түрдің бірі һәм климаттың өзгеруінен зиян шегіп жатқандар да тап солар. Тарихқа жүгінсек, олардың саны 1500-ден асып жығылған екен. Қазіргі таңда 800-900-дей аю қалды. Сондықтан Аляска аюларының мұздың еруінен зардап шегіп отырғаны анық байқалады. Жаһандық жылыну әсерінен олар солтүстікке қарай қоныс аудара бастады. 

– 1980 жылдан бері Арк­ти­ка­дағы теңіз мұзы әр онжыл­дық­та 13 пайызға азайып отыр­ған екен. Бұл аюларға қан­ша­лықты әсер етті?

– Ақ аюлар морждарды аулау үшін теңіз мұзына шығады. Егер мұз жойылса, бұл аюлардың тамақтануынан бастап, аймақты мекендейтін балықтарға, содан кейін морждарға кері әсер етеді. 

– Демек, теңіз мұзының азаюынан аюлар құрлықта көп уақыт өткізе бастайды ғой. Мұның әсері қандай?

– Олар негізгі жемтігіне жете алмағандықтан, салмақ жо­ғал­тып, арықтай бастайды. Ең қауіптісі, аюлар құрлықта аштықтан бұралып, аналықтары май жетіс­пегендіктен ұрықтана алмайды. Бәлкім, біз морждардың көбейіп, аюлардың алысқа кетіп, ұзақ уақыт аш жүруіне себеп болып, тамақтануына кедергі келтіріп отырған шығармыз. Осының бәрі қосылып аюлардың қуатының кемуіне әкеп соғады. Осының салдарынан қонжықтар азайып, өмір сүру қиындай түседі. Уақыт өте келе олардың саны төмендейді.

– Газ және мұнай бұрғылау жұмыстарының ақ аюға әсері туралы ғалымдар не дейді?

– Кейбір аюлар адамдардан, қардағы машиналардан, әмбебап жүк көліктерінен қорықпайды. Енді бірі үркіп, алысқа қашып кетеді. Олар қонжықтарын ертіп жүрсе, сақ болады. Егер апанда жатқан аюды қорқытсаңыз, қонжығын ертіп қашып кетуі әбден мүмкін. Кішкентай қонжықтар толық жетілмегендіктен, қорғаныш үшін апан қажет. Оны тастап кету өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан аюларды үркітуге болмайтынын ескеруге тиіспіз. Қаншалықты зиян? Нақты жауап беру қиын. Алайда мына нәрсе анық, теңіз мұзының жойылуынан туындаған түйткілді одан әрі үстемелеу ақ аюлар үшін орасан зардап әкеледі. 

© 2018 The New York Times News Service

Мақаланы аударған Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»