Ол тойдан қайтып келе жатқан болатын. Әрине ептеп қызулау еді. Бірақ... оның не сөкеттігі бар дейсіз. Той болған соң, ондағы жұрт: «Іш, же, тойып ал!» деп тұрады ғой.
Иә-ә, солай. Бірақ оның көңілі әлденеден секем алып келе жатты. Себебі... Себебі бұл той барша мұсылман үмметі құрметтейтін қасиетті Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйегі жатқан киелі Түркістан қаласында өтті емес пе.
Жо-жоқ. Болмады. Болмады бұл... Ішпеуі керек еді.
Оның үстіне, ол орналасқан қонақүй де қасиетті кесенеге жақын екен. Содан да болар, алға басқан аяғы кейін кетіп, әзер адымдап келеді. Ай жарығымен қарауытып көрінген кесене жаққа қарауға тіпті жүрегі дауламады.
Кенет оның есіне Ақан серінің әйгілі «Майдақоңыры» оралды. «Жігіттің падишасы Әмір Темір,» деп шырқамаушы ма еді сері атамыз.
Иә-ә... Иә, мына кесенені салдырып, ұлы бабамызға мәңгілік ескерткіш орнатқан сол Әмір Темір өзіне қарсы шыққандардың қанын судай ағызды...
«Ал оның жанында... оның жанында шарап дегеніңіз не, тәйірі?!» Кенет осы бір тентек ой оның еңсесін тіктеп, көңіліне қуат бітіргендей кесене жаққа көз салып еді, ай жарығымен қарауытып, сұлбасы ғана көрінген кесене бұған қырын қарап, томсырайып тұр екен.
Селк ете қалды. Өз көңіліндегі жаңа ғана бой көтерген ой қамалы әп-сәтте қирады.
«Айналасына білім шырағын жағып, ізгілік жолына бастаған Қожа Ахмет Ясауи баба, жарты әлемді жаулаған Әмір Темір және бүгінгі той... қан түсті шарап...».
Ол өз ойынан өзі шатаса бастағанын сезді. Қонақүйдің табалдырығынан әзер аттап, ішке кіріп бара жатып: «Бұл дүние өте күрделі, – деді күбірлеп. – Тек біздің ол туралы түсінігіміз тым-тым қарапайым...».
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»