27 Маусым, 2012

Тартыста танылған тұлға

418 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тартыста танылған тұлға

Жолдыбайдың жолы жеңіл бол­ған жоқ.

Отыз жетінші жылдың ерте көктемінде дүниеге келген ғой. Әкесі Ендібай ашаршылықтың азабын тартқан. Отыз үшінші жылы Ташкентті паналаған. Отыз бесінші жылы кәрі шалға ұзатылғалы жат­қан Хадиша қызды алып қашады. Ташкенттен. Жүк пойызымен Арыс стансасына жетеді. Қос ғашық қы­рық бес шақырым жаяулатып, Те­мірлан түбіндегі ауылға келгенде, ағайын-туғандар қатты қуанады. Жас отауға жандары қалмай қам­қор­лық көрсетеді.

Осы қос мұңлықтан туған Жолдыбай жеті-сегіз жасынан-ақ «Бей­нетқор» колхозының қара жұмы­сына араласқан. Әкесі Ендібайдан, сұрапыл соғыс жақтан алғаш хат келуші еді. Кейіннен екі мәрте қара қағаз жетіпті. Қаншама қиыншы­лықтарды бастан кешіп, талайлар­дың табасына тап болғанымен, Хадиша күйеуге шықпайды. Ұлдары Жолдыбай мен Малдыбайды, қызы Қарлы­ғаны қалай да оқытуға ұмтылады.

 

Жолдыбайдың жолы жеңіл бол­ған жоқ.

Отыз жетінші жылдың ерте көктемінде дүниеге келген ғой. Әкесі Ендібай ашаршылықтың азабын тартқан. Отыз үшінші жылы Ташкентті паналаған. Отыз бесінші жылы кәрі шалға ұзатылғалы жат­қан Хадиша қызды алып қашады. Ташкенттен. Жүк пойызымен Арыс стансасына жетеді. Қос ғашық қы­рық бес шақырым жаяулатып, Те­мірлан түбіндегі ауылға келгенде, ағайын-туғандар қатты қуанады. Жас отауға жандары қалмай қам­қор­лық көрсетеді.

Осы қос мұңлықтан туған Жолдыбай жеті-сегіз жасынан-ақ «Бей­нетқор» колхозының қара жұмы­сына араласқан. Әкесі Ендібайдан, сұрапыл соғыс жақтан алғаш хат келуші еді. Кейіннен екі мәрте қара қағаз жетіпті. Қаншама қиыншы­лықтарды бастан кешіп, талайлар­дың табасына тап болғанымен, Хадиша күйеуге шықпайды. Ұлдары Жолдыбай мен Малдыбайды, қызы Қарлы­ғаны қалай да оқытуға ұмтылады.

Күндердің күнінде, Хадиша мақ­талықта жүргенде, күйеуі Ендібай елге оралып келе жатыр деген хабар тиеді. Не сенерін, не сенбесін біл­мейді. Азып-тозған, сақал-мұрты өсіп кеткен, қап-қара боп түтіккен Ендібайды алғаш көргенде, балалары әкеміз деуге намыстаныпты. Сөйтсе, сорлы әкелерінің шекпеген азабы қалмапты ғой. Соғыстың оты­на оранып, небір шай­қасқа қа­тысып, майданның алғы шебіне шыққанда, фашистердің тұт­қынына түсіпті. Германияға айдалыпты. Одан соң Франциядағы конц­лагерде болған. Ұйымдасып жүріп, үлкен топ түрмеден қашқан. Кеңес әскеріне қосылған. Алайда, сатқын атанып, жиырма бес жылға сотталып кете барыпты. Тек Сталин қайтыс болған соң, 1953 жылы ғана бостандыққа шығыпты. Әнекиіңіз, әке тағдыры сондай болған.

Сол Ендібайдың ұлы Жолдыбай 1956 жылы Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтының силикат технологиясы факультетіне оқуға түсті. Бірақ, оқудың бәрі орыс тілінде екен. Ауыл баласы Жолдыбай азапқа буылды. Бір ауыз орысша білмейді. Араларында Кеңес Бекішев, Шәміл Омаров, Дәрібай Андаров дей-тұғын орысша оқып түскен жігіттер бар еді. Соларға хат жаздырды Ендібаев Жолдыбай. «Ауылдың қазақша мектебін бітір­ген­дер қатты қиналыста. Тіл мәсе­ле­сінен. Орыс тілін үйрену қиын боп жатқанда, тағы да неміс тілін оқытады. Көршілес Өзбекстанда, Ташкенттің жоғары оқу орындарында неміс тілін емес, орыс тілін шетел тілі ретінде үйретеді. ҚазХТИ-да неге солай етуге болмайды? Көмектесіңіздер!» деген мазмұнда­ғы хатқа қол қоюшылар көп емес-ті. Қорқады. Бәрі. Тіпті, институтты тас­тап, қой бағатындар қатары артқан.

Алматыдан арнайы комиссия жетті. Қол қойғандардың бәрі бас тартты. Тек Жолдыбай Ендібаев қаймықпады. «Хатты жолдаған мен. Жағдай сонда айтылғандай. Қазақ балалары математиканы, химияны, физиканы «шемішкеше» шағады, орыс тіліне бола қайтадан қой бағамыз ба?» деп қасқая қарады. Комиссия мүшелері түсінді. Көп ұзамай-ақ, шет тілінің орнына орыс тілі оқытылатынға айналды.

Орысшаға нашарлау қазақ балаларына бұл әжептәуір жеңілдік еді. Өкінішке қарай, жасыратыны жоқ, орыс мұғалімдерге мұндай жағдай ұнай қоймады. Ғылым докторы, про­фессор И.Т.Лагунина бастап, тағы біреулер қостап, бесінші курста жүрген Жолдыбай Ендібаев, Кеңес Бекішев сияқты бір шоғыр талантты студенттерден кек қайтаруға кірісті.

Жағдай ушыға түсті. Декандар да, олардан жоғарылар да дәрменсіз. Лагунинаға ашық қарсылық жасай алмайды. Сол кездегі институт басшысы Сұлтан Сүлейменов «сыбырлады». Студенттерге. Жоғарыға хат жазу керектігін меңзеді. Алматыдан тап төрт жыл бұрынғыдай комиссия жетті. Қырғын айтыс-тартыс үдеді. Ақырында қазақ студенттерінің білім сапасы бәрін жеңіп шықты.

Арада қаншама айлар аунап, жылдар сусыды. Түлектер ҚазХТИ-дің 40 жылдығына шақырылды. 1983 жылы ғой. Ректор Шаяхмет Молдабеков еді. Лагунина да салтанатқа қатысқан. Қиын ғой. Сонда атақты профессорыңыз өз түлектерінің беттеріне тіке қарай алмады. Институт қырыққа тол­ғанда баяғы Бекішев Кеңесіңіз – рес­публика Құ­рылыс материалдары минис­трінің бі­рінші орынбасары, ал Жол­дыбай Ен­дібаевыңыз – «Талды­қорған құрылыс материалдары бірлес­тігінің» Бас директоры болатын.

«Айналайындар, Тәуелсіздіктің қа­дір-қасиетін терең ұғынып, терең түй­сінуіміз керек. Бәрін тізбелеп айтсақ, әңгіме ұзап кетеді ғой, – дейді Жол­де­кең күрсініп. – Бүгінгі жастардың біл­гені дұрыс, кеңестік кезеңдерде ұлт кадр­ларының көрмегені жоқ қой, жоқ…»

1961 жылы Жолдыбайлар мен Кеңестер ҚазХТИ-ді тәмамдады. Шымкент цемент зауыты жаңадан іске қо­сыл­ған. Жас мамандарға жолдама берілді. Сол кәсіпорынға. Арман жолында алып-ұшқан албырт инженер­лер­дің маңдайлары тасқа тиді. Әуел­ден-ақ. Социалистік Еңбек Ері, ШЦЗ директоры А.Д.Туманов таңертеңнен қара кешке дейін күткен мамандарды қабылдамады. Сөйлеспеді де. Кейіннен: «Орын жоқ, тек қатардағы жұмысшы етіп қабылдай аламын, әйтпесе, қой бағуға бара берсін», депті. Тауы шағы­лып, ұстаздарына қайта келген Кеңес­тер мен Жолдыбайларға олар да: «Біз ештеңе істей алмаймыз, Тумановтың герой екенін білесіңдер, оны обкомның біріншісі Ливенцовтың өзі қолдайды», – деді. Лажсыздан жолдаманы қайта жазып, Састөбе цемент зауытына жіберді.

Алыстау аймақтағы Састөбеде де жағдай мәз емес-ті. Зауыт директоры А.П.Хлебов, орынбасары М.Иванников, цех бастықтары да, бас инженерлер де, тіпті, қалған мамандар да түгелдей орыс ұлтынан екен. Бір жыл жұмыс істеді  Ендібаев Жолдыбай. Күндердің күнінде цех бастығы В.Ф.Люстаев тізесін батыра бастады. Қазақ жастары жоғары білімді. Білгір-ақ. Орнымды алып қоя­ды деп қауіптенетін. Зауыт басшылары қатысқан бір жиналыста Жолдыбай кәдуілгі мінезіне салып, тіке тартты: «Біздің цехымыздың бастығы Люстаев­тың бес кластық білімі бар. Өзі араққа салынған адам. Зауыттың көмірін ұрлатып саттырады. Арақ үшін. Мені ең артта қалған ауысымға жіберді. Істеп жүрмін. Бірақ тәртіп жоқ. Цехтың экономикалық көрсеткіштері көтеріл­мейтіні осыдан», деді.

Зауыт басшылары Жолдыбайды сәл де болса өсіруге мәжбүрленді. Жоғары білімді, тәжірибелі, ұлты қазақ маман Тұрар Рахманқұлов цех бастығы қызметіне жоғарылады.

Баяғы Кеңес Бекішевті республика Құрылыс өнеркәсібі министрлігі Састө­бе цемент зауытына директор етіп тағайындап, бірақ обком хатшысы Ливенцовтың қарсы болуы, ақырында бұл мәселеге Д.А.Қонаевтың араласуы – өз алдына үлкен хикая. Осы жағдай жөнінде біраз жылдар бұрын «Егемен Қазақстан» газеті жазған да еді.

«Өмір – өзен деген сөз керемет ұнайды маған, – дейді Жолдекең біразырақ ойға түсіп кетіп. – Уақыт өте берді. 1977 жылдың соңында, сол Сас­төбеде, цемент зауыты директорының орынбасары едім. Алматыға министр­лікке шақырды. «Талдықорғанда көп жылдан бері артта қалып келе жат­қан темір-бетон зауыты бар екенін жақсы білесіз. Жақында обком сол зауыттың директорын орнынан алды. Сізді сонда жіберуді ұйғарып отырмыз», – деді министріміз.

Ары ойланып, бері ойланып, келісімін берген Ендібаевыңыз енді­гі қорлықты Талдықорғандағы об­ком­ның екінші хатшысы Т.М.Кур­­ган­скийден көрген. Құ­рылыс саласының хатшысы В.И.Коп­тин дегенді шақырып алып: «Министрдің бұйрығын біз мойындамаймыз. Өзімізде тамаша маман бар», – дейді. Қайтадан министр араласып жүріп, обкомыңыз Енді­баевыңызды уақытша қабылдауға келіседі.

Ендібаев Жолдыбай жұмысқа ширығып кірісті. Шаш-етектен шы­ғынға батып қалған темір-бетон зауытының шылбырын иығына салып, өршелене өрге сүйреді. Басшылары бар, мамандары мен жұмыс­шылары бар, барша кадрларының 95 пайызы өзге ұлт өкілдері екен. Салқындық сезіледі. Жан-жақтан. Обкомнан да. Ұжымнан да. Не істемек керек? Темір-бетон зауыты туралы қалада да, бүкіл облыста да тек нашар әңгіме айтылады екен.

Бәріне шыдады. Төзді. Топ-топ боп, не жұмысы жоқ, не бас­қасы жоқ күйде кө­ше­лерде жүрген қа­зақ балаларынан сыр тартты. Зауытта қуана-қуана жұ­мыс істер еді. Бәрі «прописка» деген тәртіптен зардап шегулі. Жек­кө­рі­нішті болатынын біле тұра Ендібаев  Жолдыбай «про­пискасыз» қазақ ұландарын қа­был­дауға кірісті. Та­балдырықты тоздырып жүріп, Ал­матыға барып жү­ріп, 60 пәтерлік тұрғын үй салуға қол жеткізді. Ол пәтерлер «тәртіп» бойынша бөлінсе, қазақ жас­тарына түк те тимейтін болған соң, ебін тауып, отбасылық жатақ­хана ретінде ресімдеді.

Ойхой, бұл Ендібаевыңыз осылайша Талдықорған темір-бетон зауытын он жыл басқарды ғой. Осы он жылдың ішінде ол зауыт озат кә­сіп­орындар қатарына қосылды. Оңай болған жоқ, әрине. Талай айқасқа кірді. Талай сөз естіді. Қуғынға да түсті. Қайтпады. Қайрат танытты. Қажыр көрсетті. Қазақ басшыларды, қазақ мамандарды, қазақ жұмыс­шыларды көбейтті. Жастардың қам­қоры ретінде танылды. Міне, осындай шақта қазақтың айтулы азаматы, Талдықорған педагогика институ­тының ректоры, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбековпен танысыпты. Ойда жоқта. Бір қазақ басшының үйінде. Сол таныстық адал да айнымас достыққа ұласыпты.

«Мырзатай Жолдасбековпен танысып-достасуым мені биік белеске көтергендей еді, – дейді Жолдыбай ағаңыз. – Рухани жағынан нығай­дым, көп жағдайда мұңдасып-сыр­ласып, ақылдасып-кеңесіп жүретін едік. Ұлтжанды тұлға ғой менің Мырзатайым…»

Алпыс пәтерлік, отбасылық жа­тақхана салып, басым бөлігін ұлт­тық мамандар мен жұмыс­шыларға беруі беделін биіктетіп әкеткен. Одан кейін қаншама құрылыстар салды. Қаншама үйлер бой көтерді. Талдықорған темір-бетон зауыты қала мен облыс бойынша ғана емес, республикада да таңдаулы кәсіп­орындар қатарында аталуға айналды. Өзі «Құрмет белгісі» орденін омырауына тақты. Он жыл. Аз уақыт емес, әрине. 1988 жылы Ендібаев Жолдыбай «Талдықорған құ­ры­лыс материалдары» бірлестігі­нің Бас директорлығына жоғарыла­тылды. Тағы да төрт жыл зулап өте шығыпты.

1991 жылы Оңтүстік Қазақстанға оралды. Талдықорғандықтардың жі­бергісі келмеген. Қимай-қимай шығарып салған. Жасының егде тарта бастағанына қарамастан, АҚШ-қа, Германияға барып оқыды. На­рық­қа икемделді. Ізденуден жалық­пады. «Жергілікті құрылыс материалдары» бірлестігінің Бас директоры болды. Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Ендібаев Жолдыбай­дың Шымкенттейін шырайлы ша­һардың, облыстағы басқа да қалалар мен аудандардың көркеюінде үлкен-үлкен үлесі бар. 1996 жылдан бері «Құрылыс материалдары» ЖШС директоры. Зайыбы Шәмшияға да, үлкен ұлы Асқар бастаған бала-шағасына да, түрлі-түрлі кездесулерде сырласатын жастарға да: «Е-е, тәуелсіздікке ештеңе жетпейді, бос­тандығымызды бағалайық, азатты­ғымызды аялайық», – дейді тебіреніп.

Мархабат БАЙҒҰТ,
жазушы.