Аталған еңбекте тарихи санамызды қалыптастыруда батыл көзқарастар білдіріліп, маңызды бағыттар көрсетілген.
Санаңа сілкініс орнатып, көкірегіңде Ұлы даланың ұлымын, қайсар сақтың ұрпағымын деген мақтаныш сезімін оятып жүрегіңді атша тулататын мақаланы оқығанда түп тарихымыздың терең түкпірлеріне керемет саяхат жасағандай боламыз.
Иә, біз – батыл бабалардың, данышпан даналардың, аруақты аталардың, өр намысты әкелердің ұрпағымыз. Тұлпарларының тұяғы көлденең жатқан көк тасты саз балшықтай илеп, алдаспаны жасындай жарқылдап, көбе бұзар сайгез оғын дұшпанына жаңбырдай жаудырған жауынгер аталарымыздың қарқынына шыдағандар аз болғанын өткен күн жылнамасын парықпен парақтағандар жақсы біледі.
Елбасы «Жылқыны ең алғаш қазақ даласында қолға үйреткен бабаларымыз өз дәуірінде орасан үстемдікке ие болды, шаруашылық пен әскери саладағы теңдессіз революцияға жол ашты» деді. Бойына бес қаруын асынған салт атты сарбазы бар айбарлы көшпенділер дәуірдің символына айналды. Ту ұстаған салт атты жауынгердің бейнесі – батырлар заманының ең танымал эмблемасы.
«Тарихты халық жасайды» дегенмен, тарих тұлғасыз – тұл. Еліміз бен жерімізді қорғауда ерлік көрсеткен батырларымызды, халқына сүйеу болған ақылман абыздарымызды, рух жыршысы ақын-жырауларымызды, қайраткер хандарымызды, туған халқын дамудың биігіне сүйреген біртуар тұлғаларымызды ұлықтау, олардың қызметін насихаттау, болашақ ұрпақ жадында жаңғыртудың тиімді жолы мен керемет үлгісін осы еңбектен көреміз.
Президентіміз мақаласы арқылы тарихшыларға Қазақ елінің көнеден бүгінге дейінгі тарихының көптомдығын шығаруды міндеттейді. Жан-жақты сарапталып жазылған еңбекті түсіндіру мен насихаттаудың жүйелі жолын іске асыру да бізге зор міндет.
Дүние жүзі тарихына көз жүгіртсек, бірнеше жүз жылға созылған кескілескен айқас, қанды қырғын, сұрапыл соғыс жүргізген санаулы ғана ел бар. Соның бірі ойрат – қазақ арасындағы екі жүз жылдық қырғынның ең соңғы жаңғырығы – Алаш жұртының санасында «Шаңды жорық» деген атпен қалды. Сегіз-тоғыз атаға созылған соғыстың жұртшылыққа қаншама ауыртпалық әкелгені өз алдына, жеңіс шеруіне айналған «Шаңды жорықтың» өзі өлшеусіз шығынға түсті. Ат жалында мыңдаған сарбаз қаза тапты.
Шүршітке қарсы шайқастарда беті қайтпай соғысқан Жанатай батырдың қазасын естіген Абылай хан «Қайрау бермеген қара-қанжарым-ай!», деп еңіреп жылапты дейді. Қашқан қалмақтың жұқанасын Жоңғарға асырып қайтар жолда көлденең індеттен батыр Баян қайтыс болады. «Баян есімі Шоқан жазбаларынан және Мағжан дастанынан белгілі. Ал Жанатай батырдың ерлік тұлғасын Алаш жұрты әлі толық таныған жоқ», дейді Мұхтар Мағауин ағамыз.
Қазақ ордасын қайта көтерген ең атақты қолбасылар − Жалаңтөс Баһадүр, Қаракерей Қабанбай, Әбілпейіз сұлтан, Мүйізді Өтеген, Нұралы хан, Қанжығалы Бөгенбай, Ералы сұлтан, Әділ сұлтан, Орыс сұлтан, Жанатай, Баян, Шапырашты Наурызбай, Малайсары, Олжабай, Керей Жәнібек, Сағымбай, Құлке, Жауғаш, Дат, Көкжарлы Барақ, Құлашбек, Тұрсынбай, Нарбота, Қожаберген. Сондай-ақ Жабай, Сырымбет, Байғозы, Елшібек, Сары, Дерпісәлі, Райымбек, Шыңғожа, Айбас, Жаназар, тағы да басқа көптеген батырлардың есімін атауға болады.
Елбасымыздың архивтердің шаң тозаңдарының астында көміліп қалған көп тарих, ұмыт қалған ұлылар есімдері туралы айтқанда ұзақ жылдар бойы тарих сахнасынан өз орнын ала алмай келген Қожаберген жырауды айтпасақ болмас. Ол қазақтың қос бірдей ханы − Тәуке мен Абылайдың тұсында батырлығымен көзге түсіп, «сардар», «елші», «қолбасшы», «ордабасы» тіпті хан кеңесшісі атанған. Әйгілі Бұқар жырауға, Қаракерей Қабанбай мен Қанжығалы Бөгенбайға ұстаз болған, оларға бағыт-бағдар беріп отырған. Оған Бұқар жыраудың «Ғаділет ер», «Ұстазыма» атты өлеңдері айғақ.
Дауылпаз бабамыздың 350 жылдығына орай арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізіп, соның нәтижесінде көптеген белгілі ғалымдардың еңбегін жинақтап кітап шығардық. Мұны ата тарих алдындағы парызымызды аз-маз болса да атқарғанымыз деп түсінемін.
Даланың қос бөрісі арасындағы соғыстың соңы жер бетінен жоңғар ұлысының жоғалып, қазақ халқының әлсіреуіне әкеліп соқты. Бұдан соң басымызға бодандық бұғауы кигізілді. Еркін елдің егемендік аңсаған көптеген бұлқыныстары, бас көтерулері, аяусыз жанышталуы ақыры темір құрсаулы кеңестік жүйенің күйреуіне жол ашқан «Желтоқсан» көтерілісі, Одақтың ыдырауы Тәуелсіз тарихымызбен ұштасты.
Нұрсұлтан Әбішұлы бір сөзінде «біздің ұялатын тарихымыз жоқ» дейді. Иә. Түп тарихымызда біз мақтанатын, мақтан тұтатын жеңістер мен жетістіктер жетерлік. Бірнеше жүздіктермен-ақ сан мыңдаған жаудың құтын қашырған жауынгерлік ерліктер қаншама.
Көнеден бүгінге дейінгі тарихымызды зерделегенде тарихшыларымыз Ұлы далада қолбасшыларының ерекше соғыс тактикаларына да терең зерттеулер жүргізіп, насихаттау міндетін де ұмытпағандары жөн.
Сондай-ақ «Ұлы дала» ойындарын әр аймақ, әр өңірлерде өтуін жандандырып, ұлттық спорттық және жауынгерлік ойындарды кең көлемде насихаттасақ, жас ұрпақтың жүрегінде отансүйгіштік сезімді дамытады деген ойдамын.
Ұлы даладағы үлкен тарихи оқиғалар мен қазақ батырларының ерлік пен батырлық жолын насихаттау жолында Елбасы тапсырмасын іске асыруда «Қазақ барыстарын» бір-бір батырдың образын ашатындай етіп киіндіріп, жасандырып, деректі және кинофильмдер түсірілгені үлкен нәтиже береді. Рухы күшті елді ішкі де, сыртқы да жау ала алмайды. Жүрегінде жігер, көзінде от, көкірегінде намыс, басында ақыл бар елге қандай басқыншының да батылы жетпейді. Біз Елбасы мақаласынан туындаған міндеттерді жүйелі жүргізу арқылы үлкен идеологиялық шараларды іске асыратын боламыз.
Елбасы мақаласын оқып отырып, көпшілік қауым соншалықты мән бере бермейтін тарих беттерінің де айтарлықтай құндылықтары барына көз жеткізесіз. Төл тарихымыз тек қанды ұрыстар мен кескілескен шайқастардан ғана тұрмайды, ақыл-парасатының биіктігімен, жалпы өркениеттің қарыштап дамуына ықпал еткен жаңалықтарымен, шаруашылық салты, тұрмыс сапасымен де даңқты екенін түсінесіз.
Біздің бабаларымыз сонау бағзы замандардың өзінде металл өңдеудің де қыр-сырын терең меңгеріпті. Қызғалдақ пен алманың да отаны − біздің Қазақстан. Осы орайда әлем жұртын таңдай қақтыратын өркениеттер орталығын жасақтап, «Ұлы даланың ежелгі өнер және технологиялар» мұражайын ашу туралы бастаманың да маңызы зор.
Елбасымыз «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның туын, елтаңбасын, әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», деген болатын. Аңсап жеткен азаттығымыздың баянды болуын қамтамасыз ету, Президентіміздің алға қойған мақсаттары мен міндеттерін іске асыру жолында бар күш-жігерімізді жұмылдыру керек. Бұл − Елбасы алдындағы да, ел алдындағы да басты парызымыз.
Абай ТАСБОЛАТОВ,
генерал-лейтенант,
Парламент Мәжілісінің депутаты