Қазақстан, АҚШ және Украинадағы жарыстарда өзін жақсы қырынан көрсеткен 27 жастағы Айдос Ербосынұлы (9-0, 7 КО) 25 жастағы бельгиялық Илиас Ачергумен (12-3-1, 6 КО) күш сынасады. Орта салмақта өтетін бұл жекпе-жекте WBO Global нұсқасының алтын белбеуі сарапқа салынады.
Жартылай орта салмақтағы 26 жастағы Нұрсұлтан Жанабаев (5-0, 4 КО) WBC Asia нұсқасының аймақтық белбеуі үшін таласады. Оның қарсыласы – 34 жастағы Арнел Тинампай. Филиппин боксшысы өте тәжірибелі. Ол 48 рет рингке көтеріліп, 25 мәрте жеңіске жетті. 11 қарсыласын нокаутпен ұтты. 22 рет ұтылып, тағы бір айқас тең аяқталды.
Рейтингтік бәсекеде Әли Балоев пен Константин Брусенский бақ сынайды. 25 жастағы Балоевты жанкүйерлер жақсы біледі. Ол жеті рет жекпе-жекке шығып, барлығында жеңіс тойын тойлады. Алты қарсыласын есінен тандырды. Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі танымал бапкер Сағатбек Мұсахановтың шәкірті Эквадордың өкілі Жан Карлос Минамен (6-1, 2 КО) жұдырықтасады.
Ал кәсіпқойлар арасында тұсаукесер кездесуін өткізгелі отырған жеңіл салмақтағы Константин Брусенскийдің қарсыласы әзірге белгісіз.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»