Сарайшық сыры
Тарихтың сарғайған беттері
«Дүние шіркін тегермеш, айналып алдыңнан келмес дейсің бе!» дейтін үлкендер. Тарих дөңгелегі қанша айналса да Жаратушының жұмылмас жанарынан сырт қалар оқиға болар деймісіз?!
Мамай қанша жерден Жәнібек ханның баласы Бердібектің күйеу баласы болса да Шыңғысханның тікелей ұрпағы еместігінен хандық билікке жетпегені, ал осы билеушінің көзі тірісінде Литва князьдерімен одақтасқаны да мәлім. 1380 жылы Мамай баласы Мансұр-Қият кейбір деректерде Мансұр-Хасан Днепр бойында Глинитца қаласының негізін салып, оның билеушілері Глинский князьдері деп аталады. Осы Глинский әулетінің қызы Елена Глинская орыстың Ұлы князі Василий III-ге ұзатылып, бұл некеден әйгілі Қаһарлы Иванның дүниеге келгені тарихтан белгілі.
Тарихтың сарғайған беттері
«Дүние шіркін тегермеш, айналып алдыңнан келмес дейсің бе!» дейтін үлкендер. Тарих дөңгелегі қанша айналса да Жаратушының жұмылмас жанарынан сырт қалар оқиға болар деймісіз?!
Мамай қанша жерден Жәнібек ханның баласы Бердібектің күйеу баласы болса да Шыңғысханның тікелей ұрпағы еместігінен хандық билікке жетпегені, ал осы билеушінің көзі тірісінде Литва князьдерімен одақтасқаны да мәлім. 1380 жылы Мамай баласы Мансұр-Қият кейбір деректерде Мансұр-Хасан Днепр бойында Глинитца қаласының негізін салып, оның билеушілері Глинский князьдері деп аталады. Осы Глинский әулетінің қызы Елена Глинская орыстың Ұлы князі Василий III-ге ұзатылып, бұл некеден әйгілі Қаһарлы Иванның дүниеге келгені тарихтан белгілі.
1580 жылы Иван жиен Сарайшыққа келіп, оны қиратып, Ұлы Жібек Жолының тармағындағы гүл жайнаған қаланы жермен жексен етеді. Даланың жиендері турасындағы әңгімеге алда тағы да оралармыз, әзірге Сарайшықта мәңгілік тыныс тапқан жеті ханның бірі Жүсіп хан ұрпақтарына қатысты тарихты қозғап көрейік.
Ұлы билеуші Шыңғысхан дүние салғаннан кейін Алтын Орданың басына қонған бағы ұшып, бұрынғы алып империя әлденешеге бөлінгенде туған орданың бірі Ноғай Ордасы болатын. Олар Еділ мен Ертіс арасында, Каспий мен Арал теңіздерінен Сібірге дейінгі аралықты мекен етеді. Орданың орталығы Жайық өзені сағасындағы Сарайшық қаласы болып, рулық құрамы маңғыт, қыпшақ, қоңырат, арғын, қарлұқ, қаңлы, кеңгерес, алшын, тама сияқты түркі тайпаларынан тұрған бұл ордаға Едіге би мен оның ұрпақтары билік етеді. Бірақ ел іштен ірісе, ұлтанды жұрттың бөлінуі ары қарай жалғаса бермей ме. Ақырында сол алауыздықты тиімді пайдаланған орыс патшасы Еділге келіп қол салған. Ағайындылар бірімен бірі алысып, ақыры Жүніс ханды інісі Исмайыл өлтіріп тынады. Ол аздай оның ұлдары Елмырза мен Ыбырайымды 1565 жылы орыс патшасына адалдығымыздың кепілі боласыңдар деп аманатқа жібереді. Ал осы Жүсіп ханның қызы Сүйінбике соның алдында, 1520 жылы Қазан ханы Еналыға ұзатылған еді. Бұл татар халқының тарихындағы басқыншылыққа қарсы күресте аты аңызға айналған атақты «Сүйінбике мұнарасы» салынатын Сүйінбике ханым.
Ресей патшалығына алғаш аманат ретінде келген Жүсіп әулеті осы елдің тарихында белгілі орын алатын князь Юсуповтар әулетінің негізін салады.
Алғашында Жүсіп балалары орыс патшасына қызмет еткенімен өздерінің салт-дәстүрлерін ұстап, мұсылман қыздарына үйленіп, діндерін таза сақтайды. Алайда, бірде Жүсіп немересі Абдул мырза өз иелігіне берілген Романов қыстағында патриарх Иоаким әкейді қонақ етеді. Орыстардың діни рәсім бойынша ет өнімдерін жеуге тыйым салынатын уақыты болса керек. Иоаким әкейге дастарқанға қойылған балық керемет ұнап, үй иесінен тағамның қандай балықтан жасалғанын сұрайды. Сонда Абдул мырза отырып: «Менің аспазым керемет шебер, тіпті қаздың етінен балық жасайды», дейді. Дінбасы ашуға булығып: «Сен маған ет жегізіп күнәға батырдың», деп қатты ренжіп, шапанын сілкіп шығып кетеді. Бұл оқиға патша Федор Алексеевичке жетіп, қаһарына мінген ол Абдул мырзаны бар байлығынан айырады. Қатты қамыққан Жүсіп немересі үш күн ойланып барып: «Қой, Ресейде шоқынбасаң, өзіңе де, ұрпағыңа да қиын екен», деп православиені қабылдап, Дмитрий Сюеушович Юсупов болып шыға келеді.
Дінін өзгертіп, азан шақырылған атын өзгертіп, ұйқыға кеткен Дмитрий таңертең тұрғанда түнде өзіне елестің келіп дауыстап: «Сен дініңнен бездің, енді сенің ұрпағыңның әр бұтағында тек бір ғана ер бала болады, ал екеу болса, онда 26 жастан аспайды», дегенін естігенін айтады. Артынша Сүйеуішұлы Дмитрий князь қызы Татьяна Федоровнаға үйленеді. Осы некеден Григорий есімді жалғыз ұл туады. Григорийден де жалғыз Петр дүниеге келеді. Петрден де жалғыз Борис туып, ол кейін Мәскеу губернаторы болады. Борис баласы Николай Эрмитаждың ең алғашқы директоры, Италиядағы патша өкілі, Кремль экспедициясы мен Қарулар палатасын басқарып, Мәскеу түбіндегі «Мәскеу Версалі» атанған Архангельское имениесін салдырып, негізінен Петербургте тұрып, көз жұмғанында оның да артында жалғыз ұл Николай қалған болатын. Ал осы Николай Жүсіп ұрпағының еркек кіндікті соңғысы еді. Алайда, Ресей тағына Жүсіпхан ұрпағы еткен адал еңбекті ұмытпаған ақ патша Николайдың жалғыз қызы Зинаиданы Кутузовтың шөпшегі, прусс королінің немересі, орыс графы Феликс Сумароков-Эльстонға ұзатылғанында графқа Юсупов фамилиясын қатар алып жүруге әмір етіп, бұдан былай осы әулеттің тұңғыш ұлы осы фамилияны иеленетінін айтады.
Бұл некеден Николай және Феликс атты екі ұл дүниеге келіп, елдің бәрі баяғы қарғыс күшін жойды-ау деп қуанып жүргенде, 26 жасқа толайын деп тұрған Николай күйеуі бар әйелді жақсы көріп қалады. Оны біліп қалған күйеуі князь Юсуповты дуэльге шақырып, Николай 26-ға толуына шамалы күн қалғанда көз жұмады. Енді Юсупов тегі кіші ұл Феликске ауысады.
Феликс Юсупов, граф Сумароков-Эльстон Николай II-шінің апасы Ирина Александровнаға үйленіп, патша отбасымен туысады. Ал осы Феликс Юсупов, қайнағасы Ұлы князь Дмитрий Павлович және Владимир Пуришкевич үшеуі тақ мұрагерінің гемофилия ауруына байланысты көмек көрсетіп, аяғында мемлекетті басқару ісіне араласқан шала сауатты Григорий Распутин ісіне тосқауыл қоямыз деп оны өлтірмек болады. Распутин өз өлімін алдын ала болжап: «Егер мен династия өкілдері қолынан ажал құшсам, мен өлген соң династия құриды», деген. 1916 жылдың 30 желтоқсанында жоғарыда аты аталған үшеу Распутинді өлтіреді. Одан кейінгі оқиға жалпыға мәлім. Тарих дөңгелегі, тағдыр дөңгелегі бір сәтте шыр айналып, дүние астаң-кестең болған.
Осылайша Сарайшықты даланың жиені Қаһарлы Иван құлатса, Жүсіп патшаның жиені Феликс Юсупов жанама түрде болса да патша тағының опырыла құлауына атсалысты. (Юсуповтар әулетінен қазір де еркек кіндікті азамат жоқ.)
Сарайшық жайындағы алғашқы жазба деректерді қалдырған араб саяхатшысы Ибн Батута болыпты. Шаһар жөнінде ол: «Біз ат жегкен арбамен он күн жол жүріп, Сарайжук қаласына жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала екен және дүние жүзіндегі Бағдадтан кейінгі екінші жүзбелі көпір осында екен» деп 1334 жылғы саяхатының жазбасында келтірген дейді. Ал Сарайшықтың картаға түсірілуі ағылшын көпесі Энтони Дженкинсонның 1558-1560 жылдары Орта Азияға жасаған сапары барысында жүзеге асырылған. «Бетімізді оңтүстік-шығысқа беріп жүріп отырып, Жайық деген Каспий теңізіне құятын бастауын Сібірден алатын үлкен өзеннің жағасымен жүрдік. Осы өзеннің бойымен жоғарыға бір күн жүргенде орыс патшасымен достас Исмаил мырзаның билігіндегі Сарайшық атты қалаға келдік», деп жазып, картаға түсіреді.
Қалаға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары оның негізінің Шыңғысханның немересі Батудан бұрын қаланғанынан да дәйек береді. Сарайшық жайындағы деректерді іздестірушінің бірі Ж.Ғизатов орта ғасырлық кезеңде үш жарым ғасырдай өмір сүрген тарихи қаланың үш түрлі мемлекет кезінде өмір сүріп, оның басты ордасы болғанына тоқталады. Олар: ХІІІ-ХІV ғасырларда дәуірлеген Алтын Орда мемлекеті, ХV-ХVІ ғасырларда дәуірлеген Ноғай Ордасы және ХVІ ғасырдың бас кезінде осы қаланы астана еткен Қазақ хандығы десе, республика Ғылым академиясының 1950 жылы Батыс Қазақстанға жүргізген археологиялық экспедициясының қорытындысы негізінде белгілі археологтар С.П. Толстов пен Г.И. Пацевич: «Сарайшық XI ғасырдағы араб тарихшылары еңбектерінде аталатын, орта ғасырда өмір сүрген Саксин қаласының орнында бой көтеріп, жаңа атауға ие болған қала. Саксин X-XI ғасырларда Хорезм тұтқындарының көмегімен сауда жолының бойына салынған еді», дейді де Сарайшықтың өмір сүру дәуірін шартты түрде үш кезеңге бөледі: 1.X-XI ғасырларда қала іргесінің қаланып бой көтеруі. 2.XIII-XIV ғасырларда Алтын Орда өмір сүрген кезеңдегі Еуропаны, Орта Азия, Қазақстанда, моңғолдар және Қытаймен жалғастырған ірі сауда орталығы болуы, яғни қаланың гүлденіп, өркендеу дәуірі еді дейді. Қалай дегенде де қаланың даму тарихының түрлі кезеңдерді бастан кешкені хақ.
1580 жылы жазда Ноғай Ордасының астанасы Сарайшыққа орыс казактары тұтқиылдан шабуыл жасайды. «Атаманы же Митя Бритоус, Иван Юрьев, Иван Кольцо и Барбоша спустились к Каспийскому морю, где ходили в морские походы «за зипунами», т.е. грабить купцов и послов захаживали в Яик, где объектом их частых нападений стали ногайские улусы».
Ноғай бекзадасы Орыс (бұл да орыс тарихындағы князь Урусовтар династиясының негізін қалаушы) қаланы қорғай алмай, тастап қашып, Сарайшықтың халқын қырып, қазына іздеген казактар молаларды тонайды. Ол туралы Н.М.Карамзин былай дейді: «Даже столицу Ногайскую, город Сарайчик, не оставили там камня на камне и вышли с знатною добычей, раскопав сами могилы, обнажив мертвых». Сарайшықты Жайық казактарының осы тонауынан соң, қала қайта бұрынғы дәрежесіне көтеріле алмайды.
Сарайшықтың шырақшысы
Көнеден тербеп сыр шертер, Жайықтың жағасында, өзен суына тұнған шежіресі шайылып жатқан шаһар орнының топырағын басып тұрып, жәдігерлерді бойына сыйдырған сары даланың қанша жұмбағы әлі де ашылмай жатыр-ау деп толқисың. Өн бойыңды бабалар тарихын құрметтеген ерекше сезім билейді. Осы ойыңмен Атыраудан шығып Сарайшыққа дейінгі жолда тербеліп, қасиетті топыраққа табаның тигенде мына жерлерді халқымыздың талай марқасқа перзенттері басты-ау, егер топырақ пен мына өзенге, табиғатқа тіл бітсе қандай тарих, қандай сыр шертілер еді дейсің?!
Махамбет ауданындағы “Хан Ордалы Сарайшық” мұражай-қорығының директоры Молдаш Бердімұратов аға Атыраудан Сарайшыққа жеткенге дейін көкейде болған сан түрлі ой мен сауалдарға жауап тауып беретін көшелі, жер тарихын жадына жаттап, қаттап киелі жерге деген құрметіңді еселей түсетін жан екен. Қасиетті орынның шырақшысындай Молдаш ағаны әңгімеге тарттық.
– Келіп тұрған жеріңізді «Сарайшық» елді мекені деп атайды. Ал Сарайшық қазақ даласындағы ең киелі орындардың бірі болып саналады. Бұл жерге кезінде қазақтың үш жүзі толықтай мойындаған 12 әулие жерленген. Кезінде Сарайшықта 100-ден астам хан хандық құрған. Мына 17 метр биіктікте қойылып отырған ескерткіш сол хандардың рухына кейінгі ұрпақ тағзым етсін деген ойдан туған. Осында жеті ханның сүйегі, бір ханның басы жатыр. Сол себептен мұнда Мөңке темір (1266-1282 ж.ж), Тоқтағу (Тоқты) (1291-1312 ж.ж.), Жәнібек (1343-1353 ж.ж.), Әмір Оқас (14…-1447 ж.ж), Қасым хан (1511-1518 ж.ж), Шейх Мамай (1549-1554 ж.ж), Жүсіп хандарға (1549-1554 ж.ж) арналып 7 құлпытас қойылған. Алдыңғы үш хан Алтын Орданың хандары, яғни Шыңғысханның Жошыдан тараған бұтағынан, ал көрсетілген жылдары хандық дәуір сүрген кезеңдері.
Сарайшыққа 1334 жылы келген Ибн Батута содан кейін жазылған «Өмірлік саяхат» атты кітабында өзінің жер-жиһанды аралағанын, сонда Сарайшық қаласының Бағдадтан кейінгі үлкен қала екенін жазып, мұндағы көпірді, хан сарайын, мешіт пен көптеген қонақүйлерді көргенін жазады. «Бірақ мен оларға таңданбадым, ал мені таң қалдырғаны, мұнда су әрбір үйге өзі барады екен», дейді. Өйткені Сарайшықта су құбырлары болған. Қаланың орнына қазба жұмыстарын жүргізгенде 1999 жылы 45 бөлмелі қонақүйдің екінші қабаты қазылды, ал келер жылы бірінші қабатын қазғанда оның қасынан ХІІІ ғасырдағы монша табылды. Табанына қазіргі кафель тәрізді тас төселген, бояулары сол қалпындағы кәріздік жолдары мен кәдімгідей септигі де бар болып шықты.
ХVІІ ғасырдың аяғында батыс өңірде қатты су тасқыны болып, Жайықтың арнасы бұзылуына байланысты қаланың 6/5 бөлігі судың астында қалған. Сарайшықты 1937 жылы алғаш қазған Н.Арзютов деген орыс ғалымы, ал 1950 жылы мұнда Ә.Марғұлан экспедициямен келеді. Кейінірек З.Самашев та қазба жұмыстарын жүргізді. Арзютов қазба жұмыстарын жүргізгенде қаланың 100 бен 80 метрдей бөлігінің судың астында қалғанын жазады. Оның үстіне жылда көктемде су тасыған сайын 5-10 метрдейі құлап, кертіліп жатыр. Бұл жайында Үкімет алдына мәселе қойылып, қазір жағаны бекіту мәселесінің шаруасы қарастырылды. Егер оңынан жүргізіліп кетсе, ашық аспан астындағы мұражай ісін қолға алмақпыз.
Мынау 1996 жылдан бергі табылған артефактілер. Ал бұған дейінгілері бізде жоқ, Саратов музейіндегі Сарайшықтан қазылып алынған жәдігерлерді сұратып едік, жоқ, ол кезіндегі одақтың қаражатына қазылып алынған дүниелер, қайтара алмаймыз деп жуықтатпады,– деді Молдаш аға.
Сарайшықтың тарихи қабатында жатып, бүгінгі күнге жетіп, көз алдымызға өткен мыңжылдықты елестеткен жәдігерлер шынында да таңғаларлық. Нумизматикалық түрлі теңгелермен қатар Сарайшық тұрғындарының күнделікті өмірлерінде пайдаланған қыштан жасалған бұйымдар (құман, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб әріпімен жазылған бедерлі бұйымдар, сонымен бірге, Трапезунд және Қырым амфораларының бөлшектері, Қытай фарфорынан жасалған табақ, әйелдердің әшекей заттары, бала бесікте жатқанда пайдаланылатын шүмек, асықтар, тіпті екі ортасына ауа қалдырылған сол кездің термостары –сфера конустар дейсіз бе, толып жатқан экспонаттар қала мәдениетінің қандай деңгейге өскенін, оның сол кездегі астаналық мәртебеге лайық озық қала болғанын танытқандай.
Молдаш ағаның Сарайшыққа қатысты айтар әңгімелерінің де ұшы-қиыры жоқтай. Жеті ханға орнатылған құлпытастардың қасына қашан қурағаны белгісіз үлкен ағаш қойылыпты. Оның кейуананың еті жоқ тарамыс саусақтарындай жалаңаш бұтақтарына келушілер ақтық байлап кеткенін көріп сырын сұрадық.
– 1935 жылдан бері Сарайшық түбінде осы Атырау өңірін алмамен қамтыған 70-80 гектар жерде бақ болатын. Жекешелендіру тұсында дұрыс ие табылмай бақ жайына қалды да қурады. Осы кешенді салудың жұмысымен Маңғыстауға бара жатқанда жолда Түркіменстаннан көшіп келген Төлепберген деген ақсақалмен Бейнеуге дейін бірге бардым. Жол үстінде әлгі қария:
– Шырағым, қасиетті бір орман өсіріпсіңдер, соның рахатын көріпсіңдер, бірақ сол орманды жазықсыздан-жазықсыз өздерің құртыпсыңдар, халық игілігін көрген заттың киесі болады, соның есесін иесі сендерден алып отыр. Сол жердегі ең ескі ағашты қазып алып, жұрт зиярат ететін жерлеріңе апарып егесіңдер. Сонда жергілікті жердегі өзіне-өзі қол салу тыйылады, ал әйтпесе ол тағы да 7 жылға созылады, – деді. Ол ағашты мен қалай табамын, – дегенде оның белгісі болады деді Төлепберген қарт. Сол белгі бойынша осы ағашты қалай әкеліп қойдық, солай асылып өлу тыйылды, – деген ағадан ол белгі қалай берілгенін айтып беруді сұрадық.
– 1999 жылы осы кешенді салу ісі бітті. Елбасы келеді деп күтіп жүрміз. Алдында сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовке Төлепберген ақсақалмен кездескенімді әңгімелеп берген соң архивті ақтарып біраз іздестіріп көріп едік, бірақ ең көне ағаштың қайсы екенін таба алмадық. Ағаш табылмаған соң көңіл-күйім түсіп жүр едім, бірде ауылдың бір баласы келіп: «Ата, сізге мені апам жіберді. Сіз бір ағаш іздеп жүр дейді. Мен күнде ескі баққа барып, қой жаямын, 3 күн болды бір ағаштың түбінен қояндар шығып, қойыммен бірге жайылады. Ал иттерім қоянды көре салысымен қашып кетеді», деді. Қайталап сұрап: «Қалай дейсің, қоян қаша ма, ит қаша ма?» дедім. «Жоқ, ата, иттер қашады, ал қояндар тіпті қорықпайды», деді. Содан балаға мені сол ағашқа алып бар дедім. Барсақ, ағаштың түбінде қоян емес, аю кіретіндей үлкен апан тұр. Е, балам, мына апаннан қоян емес, қасқыр шыққан ғой, иттер соны көріп қашқан ғой десем, жоқ, ата мен кеткенде бұл жерде ешқандай апан болған жоқ дейді. Бір ғажабы, жаңадан қазылғандай болып суланып тұрған апанның жиегінде бір уыс топырақ жоқ. Баладан: «Сен бәлкім қателесіп тұрған боларсың, басқа ағаш емес пе?» десем, бала: «Жоқ, міне белгі ретінде байлап кеткен орамалым», – дейді. Шынында да ағашта орамал байлаулы тұр. Салып ұрып ауылға келіп, көпті көрген қадірлі ақсақалымыз Шайдоллаға бардым. Сонда ол кісі: «Ее, алдымен сенің өзің сыналыпсың ғой. Қайтер екен, көрінген ағашты апарып отырғызып қояр ма екен деген ғой. Сен бүгін емес, бір малыңды сойып, бата жасап, ертең ал», деді. Қария айтқандай жасап, ертеңіне ағашқа барсақ, кешегі апанның ізі де жоқ. Содан бері ағаш осы жерде тұр. Елбасы осы әңгімеден хабардар болса керек, Сарайшыққа келгенде жиналған халықтан кешірім сұрап, алдымен осы ағаштың басына келді.
Молдаш аға жоғарыда айтылған қонақүйді қазғанда 7 метрдей тереңдіктен шыққан құмыра мен кесені де әдемі әңгімелейді. «Құмыраның қасиеті – таңертеңгі бояуы бір бөлек, түстегі түрі бір басқа, кешке мүлде басқа реңкте. Құбылмалы құмыраның бүйірінде: «Бұған адамның көз жасы құйылмасын», деген арабша жазу бар. Дүние жүзі бойынша мұндай құмыра екеу ғана, соның бірі Сарайшықтан табылып отыр. Ал кесенің қасиеті сонда, ішіне біреу аярлықпен лас нәрсе салып жіберсе, кесенің түсі сол сәтте өзгеріп сала береді», дейді. Расында, Сарайшық қышының құпиясы мол тәрізді. Молдаш аға шетелдерге конференцияларға барғанда апаратын қыш ыдысты алып көрсетті. Оның құпиясы сол, ұстап тұрып, бір парақ қағаз құрлы салмағының жоқтығы қайран қалдырады. Сенің ұғымыңда әбден қалыптасқан қыш ыдыстың ауырлығы тас-талқан болады. Қолыңа қыш емес, қағаз ұстағандайсың.
Молдаш ағамен әңгімеден кейін: «Қасиетті топырағына талай тарихты қаттаған көне Сарайшықты зерттеуде ел болып, мемлекет болып қолға алатын көп жұмыстар жатыр-ау. Жанында 1-2 көмекшісі бар 75 жастағы қарияның мойнына ауыр жүкті арқалатып, шырылдатып қойған елдікке жараспайды-ау. Сарайшық тарихын кешенді түрде зерттеп, ашық аспан астындағы ел тарихын сөйлетер музей салсақ», деген әдемі ой маза бермей-ақ қойды
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы,
Махамбет ауданы.