Қазақстан • 14 Желтоқсан, 2018

Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадыровамен әңгіме

815 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Архивінің директоры Жәмилә Әбдіқадыровамен әңгіме

– Жәмилә Үсіпжанқызы,  «Архив-2025» бағдарламасын іске асыру үшін Президент Архиві тарапынан қолға алынатын маңызды істердің басында қандай мәселелер тұр?

– Президент Н.Назарбаев елі­міздің мәдени мұрасының құрам­дас бөлігі болып саналатын Ұлттық архив қорының сақ­талуына және ұлғайтылуына үнемі аса үлкен мән беріп, тұ­рақ­­ты түрде қамқорлық жасап келеді. Мемлекет басшысының жуыр­­да ғана жарияланған «Ұлы да­ла­ның жеті қыры» атты мақа­ласында ұсынған «Архив-2025» бағдарламасы осының айғағы болып табылады. Өз мақаласында Елбасы Тәуелсіздік жылдарында еліміздің өткен тарихы мен мәдениетіне қатысты деректік құжаттар мен жәдігерлерді іздес­тіру бойынша ауқымды жұ­мыстар атқарылғанын атап өтті. Енді «Архив-2025» бағдар­ла­масы аясында отандық тарих­шылар мен архившілердің алдында барлық отандық және шетелдік архивтерде ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын іргелі зерттеулер жүргізу бойынша үлкен міндеттер қойылды. Бұл ауқымды жобаны жүзеге асыратын тарихшылар мен деректанушылардан құралған арнайы топтардың іздестіру жұмыстарының тиім­ділігі архившілердің анық­тал­ған архив құжаттарына қа­­жет­ті ғылыми-әдістемелік және анық­­тамалық құралдарды да­йын­­дауына, ол құжаттарға көп­шіліктің қолжетімділігін қам­тамасыз етуіне тікелей байланыс­ты болмақ.

«Архив-2025» бағдарлама­сын жүзеге асырудағы маңызды мәселелердің бірі – жобаны ла­йықты деңгейде жүзеге асыратын мамандар. Бүгінде тарихқа қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Қазірде респуб­лика бойынша архив ісі және құжаттану саласының мамандарына деген қажеттілік жыл сайын 3 мыңға жуық адамды құрап отыр. Ал Қазақстанда осы сала бойынша мамандарды дайындайтын жалғыз жоғар­ы оқу орны – әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ жылына 35-40 адамды әзірлейді. Сондықтан аталған бағдарламаның табысты жүзеге асуы үшін елдегі архив ісі мамандарын даярлау бағдарламасына бірқатар өзгеріс қажет деп санаймын.

– Ақпараттық, тарихи ма­ңызы жоғары құжаттардың үлкен бөлігі Қазақстан Прези­денті Архивінде сақтаулы тұр­ғаны мәлім. Архив қоры және ондағы құжаттардың ерек­шелігі қандай?

– Мемлекет басшысының №1502 Жарлығымен құрылған Архив алдағы жылы өзінің 25 жылдығын атап өткелі отыр. Қазіргі күнде Архив Қазақ­стан Президентінің, оның Әкім­ші­лігінің, Мемлекет басшысына тікелей бағынатын және есеп бере­тін мемлекеттік органдардың қызметін ақпараттық-архивтік қамтамасыз етуде негізгі міндет­терді атқаратын заманауи, техно­логиялық жабдықталған кешен болып табылады.

Архив қорында 1918-2013 жылдар аралығын қамтитын 805 мыңнан аса сақтау бірлігі есепке алынған, олардың 727 мың сақтау бірлігі қағаз түріндегі құжаттарды құраса, 11 мыңнан астамы дыбыстық бейнелік құ­жат­тамада сақталған.

Мемлекеттік органдардың 2000 жылды қоса алғандағы уақытқа дейінгі архив қорлары қоғамдық пайдалануға ашық. Архив қорларында Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының за­ма­налық оқиғаларын, сырт­қы және ішкі саясаттың көп аспектілі мәселелерін, халық­аралық қатынастарды, эко­номиканы қайта құрудың маңыз­ды үрдістерін, еліміз­дің әлеу­меттік-мәдени дамуын көр­­се­тетін бірегей мәліметтер топтас­тырылған. Мұнда сонымен қатар Қазақстан Республикасы заң­дарының түпнұсқалары, Қазақ­стан Республикасы Прези­денті­нің актілері, оның халық­ара­лық конгрестерде, форумдар мен кез­десулердегі сөйлеген сөз­дерінің мәтіндері сақталуда.

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақстан ЛКЖО Орталық комитеті­нің және оларға дейінгі билік ор­ган­дарының қорларындағы Қазақ АКСР-інің құрылуы, тота­литарлық режім кезіндегі күш­теп ұжымдастыру мен сая­си қуғын-сүргін, өлкені индус­трия­ландыру, қуғын-сүр­гінге ұшы­раған халықтарды Қазақ­станға күштеп қоныс аудару, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақ­стан, тың және тыңайған жер­лерді игеру туралы бірегей құжаттар зерттеушілер үшін ерекше қызығушылық тудырады.

1998 жылдан бастап Архив жеке тектік құжаттарды жинақ­тауды бастады. 

– Бүгінде архив саласы ақ­па­раттық технологиямен тығыз бай­ланыста дамып келеді. Жал­пы архив құжат­тарын жаппай сандық фор­матқа көшіруде қан­дай жүйелі жұмыстар қолға алынып жатыр?

– Мемлекеттік архивтер мен мекемелерде ақпараттық технологияларды, оның ішінде электрондық архив жүйесін енгізу өте маңызды мәселе болып табылады. Қазақстан Рес­пуб­ликасы Пре­зидентінің Архиві 2014 жы­лы мекеме­нің ақпараттандыру тұжы­рым­дама­сын қабылдаған болатын. Сол жылдан бастап қағаз жүзіндегі архив құжаттарын жаппай цифр­ландыру жобасы қолға алынды. Осы төрт жылда 100 мың­нан аса сақтау бірліктері сан­дық форматқа көшірілді. Қағаз құжаттарды сандық форматқа көшіру жоғары жылдамдық­тағы көпқызметтік құрылғыларда жү­зеге асырылады. Орта есеппен алты көпқызметтік құрылғы арқылы аптасына 500 сақтау бірлігі цифрлаудан өтеді.

Архив құжаттарын цифрлан­дыру­­мен қатар Қазақстан Прези­денті­нің Архивінде «Электрон­ды архив» ақпараттық жүйесі іс­ке қосылды. Жүйенің атқара­тын міндеттерінің қатарына Ар­хив­тің негізгі бағыттарын ақпарат­тандыру, Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтау, есепке алу, сақтау және пайдалану кіреді. Жүйенің интерфейсі пайдалануда өте ыңғайлы. Зерттеушілер осы жүйе арқылы кейіннен тапсырыс беретін құжат туралы ақпаратты алдын ала көре алады. «Электронды архив» жүйесі­нің іске қосылуы зерттеушілер үшін  құжаттардың тізімдемесіне қашықтан қолжетімділігін ғана қамтамасыз етіп қоймай, архив қызметкерлерінің жұмы­сын оңтайландыруда да үлкен септігін тигізіп отыр.

– Еліміздің архив тари­хы­на үңілсек, оны С.Сейфуллин­нің есімімен байланыс­ты­рамыз, ал алғашқы тарихи жазба деректер Бөкей ордасы­нан, Жәңгір ханның тұсы­нан ғана басталады екен. Ар­хив ісін дамытуда шетелдік әріп­тес­теріңіздің тәжірибесі озық қой, екіжақты серіктестік қа­рым-қатынастар қандай нә­ти­жесін беріп отыр? 

– Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві 2003 жылдан бастап Архивтердің халықаралық кеңесі Еуразиялық бөлімінің мүшесі болып табылады. Соңғы жылдары іскерлік кездесулер мен тәжірбие алмасу аясында біздің мекеменің қызметкерлері Ресей, Германия, Оңтүстік Корея, Польша және АҚШ мемлекеттерінің архив қызметімен танысты. 2017 жыл­дың басында АҚШ Мем­лекеттік департаменті­нің «Сұраным бо­йынша халық­аралық сапарлар» бағдарламасы аясында Архив қызметкерлері АҚШ-тың басты архивтері мен кітапханаларын­да болды. Бағдарлама аясын­да Вашингтон, Чикаго, Нью-Йорк, Бостон сияқты ірі қалалардағы архив құжаттарының сақталуын қамтамасыз ету, пайдаланудың электронды қорын құру, зерт­теушілермен жұмыс жүргізу, ақ­параттық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету жұмыстарымен танысты.

Сонымен қатар соңғы екі жыл­да Архивтің үш қызметкері Корея Республикасының Ұлттық архивінде ұйымдастырыл­ған «Жазбалар мен архивтерді бас­қару» (Records and Archives Management Program) бағдар­ламасы бойынша біліктіліктерін арттыру курстарына қатысып қайтты. 2018 жылдың басын­да Архив қызметкерлері Польша­ның Гданьск қаласындағы мем­лекеттік архивінде тағылым­дамадан өтті. Іссапар барысында 2020 жылы Гданьск қаласындағы Екінші дүниежүзілік соғыс музейінде, Қазақстан Президенті Архивінің құжаттары негізінде, Екінші дүниежүзілік соғыс тақы­рыбындағы тарихи-құжат­тық көрменің тұсаукесері өтетіні туралы келісімге қол жеткізілді.

– «Ашық қоғамға – ашық архив» акциясының бас­тал­ғанына да бірталай жыл­дың жүзі болды. Тарихи маңыз­дылығы жоғары кейбір құпия құжаттар жария болса, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келетіні тағы бар. Мекемеде көпшілік түгілі, тарихшы ғалымдардың қолы жете бер­мейтін «ерекше құпия» құжат­тар әлі де көп пе?

– Архивте Қазақстан тари­хының өзекті мәселелері бо­йынша зерттеулер жүргізуге, мемлекеттік және қоғамдық қажет­тіліктерді қамтамасыз ету­ге бағытталған Ұлттық ар­хив қоры­ның құжаттарын кеңі­нен пай­далану және жариялау ұйым­дастырылған. 2004 жылы Ар­хив­тің бастамасымен құжат­тарды құпиясыздандыру бойын­ша Ведомствоаралық комис­сия құрылып, комиссияның жұ­мысы нәтижесінде 2004-2008 жылдар аралығында Қазақ­стан Компартиясы Орталық коми­тетінің және оларға дейінгі билік органдарының 1937-1991 жж. ара­лығындағы 40 мың істің құ­пия­лылығы жойылды. Осы жұмыстың нәтижесінде Архив «Рассекреченная война: «особые папки» ЦК КП (б) Казахстана. 1941-1945 гг.» жинағы мен 1930-1945 жж. аралығын қамти­тын «Из истории депортаций» құжаттар жинағының үш кітабын жариялады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ