Жұмсақ майдақоңыр үнін домбыраның көмейінен қайырып, аспаптың сазына қосып сұлу әндерді салғанда тыңдаушысын еріксіз елітетінін байырғы досы, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтың аузынан талай естідік. Әсіресе Президенттің сөзі де, әуені де жүректі тербейтін, тәрбиелік мәні бар, тағылымды өсиетпен өрілген философиялық әндерді ерекше жақсы көретінін, ондайда алтынның буымен апталған мазмұны терең сөздерінің шұғылалы нұрына шомылғандай шалқып та кететінін білетіндер айтып жүреді. Бір сенген, бір шешілген адамының алдында Елбасының ғажап әңгімешіл, әзілқой адам екенін Сәбит ағадан өзге қайраткерлер де қуаттап жатады. Тіпті жеке адамдармен өткізетін басқосуларды, отбасылық отырыстарын айтпағанда, өнерге жаны жақын Нұрсұлтан Әбішұлының арнайы, салтанатты, мерекелік қабылдаулардың өзінде қазақы арқасы ұстап «әу» деп жіберетін әдеті барын барша елі де бұл күнде жақсы біледі. «Елбасы әсіресе қандай әндерді жақсы көреді?» деп сұраймыз Сәбит ағадан. «Көп қой, – дейді қазақ театр өнерінің абыз ақсақалы. – Әнді қалай айтса, биді де солай билейді. Қай жағынан алсаң да, әмбебап адам ғой».
– Нұрекең ән мен жырды айтып қана қоймай, сөзінің мәніне бойлай білетін сауатты орындаушы. Жайлап бастап, дауысын бірте-бірте шарықтатып мұң аралас арман ақтарыла айтылатын «Көзімнің қарасын», ырғалып отырып «Бір баланы» шырқағанда, қара сөздің тұңғиығына батырып жібереді. «Дудар-ай» да Президенттің сүйікті әндерінің бірі. Әлі есімде, жастау кезімізде, алғаш Нұрекеңмен танысқан күні таң атқанша ән салдық, ол менен Төле бидің толғауларын айтып беруімді қолқалап, жанына жаққаны болар, екі қайтара айтқызды. Содан келер жылы Теміртауға іздеп барғанымда тағы да осы өсиетнаманы айтып беруімді өтінді. Сөйтсем өзі де жаттап алған екен. Құдая тоба, осы толғауды айтып берген сайын Нұрекең құдды бір алғаш рет естіп отырғандай ерекше ынтамен құлақ қойып тыңдап, бабамыздың құрыштан құйғандай қуатты сөздерінің қасиеті кеудесіне сыймағандай, көкірек тұсы көтеріліп, арқаланып отырады.
Бұл қазақтың баласы
Тегінде нені көрмеген,
Неше бір жайсаң данасы
Шешен де болып сөйлеген.
Көсем де болған ойменен,
Бірақ соның бәрі де,
Ыдырап жатқан қазақтың
Қоса алмады бастарын.
Мен боламын дегендер,
Ақтамады сенімді.
Көкірек қаққан хандары,
Лауазымға таласып,
Быт-шыт қылды елімді, – деген Төле би бабаның ұзын-сонар толғауын алабөтен қадір тұтатынын орайы келе қайта-қайта орындатуымен сан рет байқатқан. Талай басқосуларда, шағын отырыстарда осы толғауды өзінің де домбырамен нақышына келтіріп орындағанын естідім.
Теміртауда қызмет істеп жүргенінде мен үйіне қонақ болып, қазақы дәстүрмен менің келу құрметіме жолдастарын шақырып, тағы да таң сібірлеп атқанша кезек-кезек ән айтқан едік. Сонда Нұрекең: «ей, жігіттер, көрдіңдер ме, біреуді алыс, біреуді жақын көрме, жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл дейді. Осыны еске сақтайық, ұмытпайық!» деген еді жолдастарына қарата.
Ұзақ жылдардан бері есімде жүрген тағы бір жайт, Нұрекең тыйым салынған Иманжүсіпті ерте таныды. Айтсам, мақтангершілік бола ма, тануына себепкер болған тағы да мен едім. Сол жылдарда біздің М.Әуезов атындағы драма театрына Шымкенттегі Жұмат Шанин атындағы облыстық драма театрдан Мұхтар Өтебаев деген актер ауысып келді. Керемет әнші еді. Екеуміз «Жаяу Мұсада» кезек-кезек ойнаймыз. Арасында маған Иманжүсіптің әндерін үйретеді. Иманжүсіпті Мұхтар Шаниндерден үйренген екен. Ол кезеңде Иманжүсіптің аты ауызға алынбайтын, әлі ақталмаған ақындардың қатарында еді. Соған қарамастан, ақталмай тұрған кездің өзінде Нұрекең толық нұсқасымен Иманжүсіптің әндерін айтатын.
Абылай аспас Арқаның сар-ай белі,
Қуандық пен Сүйіндік жайлайды елі.
Қырық мың жылқы айдасаң ылайланбас,
Нияздың Аюлы мен Қаракөлі, – деп басталатын Иманжүсіптің әнін Нұрекең бабына келтіріп шырқайды.
Тағы бір байқағаным, әзілге ұста, мінезі ашық-жарқын Нұрсұлтан Әбішұлы мінезіне сай халық әні «Маусымжанды» да өте жақсы көреді. Ара-тұра «Аса байлық не керек, ден сау болса, болғаны» деген қайырымдармен келетін биязы, майда, сағыныштың сарынымен айтылатын Жетісу әндерін шырқайтыны бар. Өзінің де дауысы зор. Жоғары нотадағы әндерді қиналмай айтады. Жас кезінде италиялық әндерін, романстарды шырқағанын талай рет естідім. Нұрсұлтан Әбішұлының өресінің биік болуының да, халыққа жақын болуының да бір сыры, осындай халықтың өнерін айрықша қадір тұтатындығынан болар деп ойлаймын.
Дайындаған
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ