Бердібек Сапарбаев ертемен Талдысай ауылына келіп, орталық сумен жабдықтау жүйесінің іске қосылу салтанатына қатысты. Бұл мақсатқа мемлекет 300 млн теңгеден астам қаражат бөлген. Жаңа су құбырының жалпы ұзындығы 16,7 шақырым. Ол іске қосылысымен аудан халқының орталықтандырылған сумен қамтылуы 74%-ға жетті.
Айта кетейік, сапалы ауыз сумен қамту – бұл талдысайлықтардың облыс әкімі ауылға келген кезде жүгінген алты проблемалық сұрақтарының бірі болатын. Ауыл тұрғындары су құбырынан бөлек, дәрігерлік амбулатория мен ауыл әкімдігін ашуды, клуб пен ауылға кіре беріс жолды күрделі жөндеуді, газбен қамтамасыз етуді өтінген-тін. Бүгінде талдысайлықтардың жоғарыда айтылған мәселелерінің барлығы да шешілді.
- Елбасының әлеуметтік саясаты әрқашан ауыл тұрғындарын бүкіл игілікпен қамтамасыз етуге бағытталып отырды. Сұрағандарыңыздың барлығы орындалды. Ендігі міндет сіздерде – өз отбастарыңыздың, туған ауылдарыңыздың игілігіне жұмыс істеңіздер. Кішкентайдан бастаңыздар – ауладағы, үйге жақын маңдағы жолдарды түзеңіздер. Талдысайдың даму келешегі – зор, өйткені газ, су, жарық бар, ауыл республикалық маңызы бар көлік жолының қасында орналасқан, Ақтөбеге жақын. Жол бойындағы қызмет көрсетуді дамытыңыздар, қаланы ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіңіздер. Бастысы – қол қусырып отырмау керек, сонда ғана бәрі болады. Бүгін мен сіздерді су құбырының іске қосылуымен, ең бастысы – еліміздің Тәуелсіздігі күнімен құттықтаймын,-деді Бердібек Сапарбаев.
Талдысайлықтар мемлекеттің көңіл бөліп, қамқорлық көрсеткені үшін алғыстарын білдірді.
- Ауылда тұратындарды ұмытпағаныңызға, бізді өзіңіз келіп құттықтағаныңыз үшін алғыс айтқымыз келеді. Біздің ауыл – құтты және осының бәрі мемлекеттің арқасында. Рахмет,- деді ауыл тұрғындары атынан сөйлеген Алтынбекұлы Сағын ақсақал.
Жұмыс сапары аудан орталығы – Қобда ауылында жалғасты. Мұнда жаңа 16 пәтердің кілті жетім және ата-ана қамқорынсыз қалған балаларға, аз қамтылған отбасыларға, бюджет саласының қызметкерлеріне берілді. Екі сегіз пәтерлі үйдің құрылысына бюджеттен 120 млн теңге бөлінген.
Облыс әкімі құттықтау сөзінде: «Елбасының халықтың әл-ауқатын көтеру туралы тапсырмасын орындай отыра біз тұрғын үйлерді тек Ақтөбеде ғана емес, облыс аудандарында да салып жатырмыз. Жыл басынан бері облыста 770 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді, жыл қорытындысы бойынша кем дегенде 900 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ақтөбеліктерді сапалы тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жалғасатын болады»,-деп атап өтті.
Кейін өңір басшысы ұзындығы 235 метрлік жаңа денсаулық аллеясын қарап шықты. Мұнда жаяу қыдырып, белсенді физикалық демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Жаяу жүргіншілер жолы абаттандырылып, шағын сәулеттік пішіндер орнатылған, екі жүзге жуық ағаш отырғызылған.
Қобдадағы жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде «Ұлы даланың жалынды жастары» жастар слеті өтті. Шара аясында өңір басшысы балалар үйінің екі тәрбиеленушісіне пәтер кілттерін табыс етіп, аудандағы қоғамдық өмірге анағұрлым белсенді араласатын сегіз жасты марапаттады, жаңа өнер орталығына электронды фортопиано сатып алу үшін сертификат берді.
Жұмыс сапары Жиренқопа ауылында аяқталды, ол жақта облыс әкімі жергілікті кәсіпкерлердің «Туған жерге тағзым» акциясы аясында салған екі нысанмен танысты. Атап айтқанда, өңір басшысы құны 5 млн теңге болатын спорт алаңын қарап шығып, Қазақстандағы қасиетті орындар тізіміне енгізілген Ақтөбе облысының төрт учаскесінің бірі - Қобыланды батыр мемориалды кешені жанындағы қонақтар келетін орталықтың ашылуына қатысты. 12 орындық қонақтар келетін орталықтың құрылысына 35 млн теңге бөлінген. Облыс әкімі орталық ашылса өңірдегі туризмнің дамуына ықпал ететініне сенім білдірді.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»