Аймақтар • 17 Желтоқсан, 2018

Арыс қаласында 16 нысан пайдалануға берілді

506 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Арыс қаласында «Мәңгілік ел» саябағы мен «Құрметті азаматтар» аллеясы ашылды.

Арыс қаласында 16 нысан пайдалануға берілді

Биіктігі 16 метр болатын «Мәңгілік ел» монументі орнатылған саябақ жасыл желекпен көмкерілген. Демалыс орнының құрылысына 79 млн теңге қаржы жұмсалыпты. Қала орталығында таза ауамен тыныстап, алаңсыз серуендеуге болатын саябақтың жол жиегіне жайлы орындықтар мен әсем шамдар орнатылған. «Құрметті азаматтар» аллеясы да қала тұрғындарының көз қуанышына айналды. Ауданның дамуына өлшеусіз үлес қосқан Арыс қаласының құрметті азаматтарының есімдері тасқа қашап жазылған аллея құрылысына 47 млн теңге жұмсалған.  

Жалпы 16 желтоқсанда Арыс қаласында 16 нысан ел игілігіне пайдалануға берілді. Елбасының «Жайлылық дегеніміз-ең алдымен тұрғын үйдің қолжетімділігі, ауланың әдемілігі мен қауіпсіздігі, тіршілікке және жұмыс істеуге қолайлы елді мекеннің және сапалы инфрақұрылымның болуы», - деген сөзін басшылыққа алған Арыс қаласының әкімдігі тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған үйлерді ел игілігіне берді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаладағы «Көктем» шағынауданынан бой көтерген 3 тұрғын үйдің, яғни 36 пәтердің кілті баспанаға мұқтаж, үй кезегінде тұрған отбасыларға табыс етілді. Сондай-ақ мереке күні балалардың бос уақыттарын тиімді пайдаланып, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған спорт алаңшалары ашылды.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы