Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Мерекеге орай құттықтаулар

666 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына ұлттық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай хаттар мен жеделхаттар келіп түсті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. 

Мерекеге орай құттықтаулар

Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасы­ның Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсуде.

Ресей Федерациясының Пре­зиденті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық, әлеу­меттік және ғылыми-тех­никалық дамудың өзекті мә­се­ле­лерін шешу жолында айтар­лықтай табысқа жеткенін атап өтіп, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде және Астана процесі аясында өңірлік және халықара­лық күн тәртібінің мәселелерін шешу барысында маңызды рөл атқа­ра­тынына тоқталды.

«Мемлекеттеріміз ара­сын­дағы стратегиялық серік­тес­тік пен одақтастық қарым-қатынастарды жоғары баға­лай­мыз. Біз бірлесе күш жұмыл­дыр­а отырып, барлық сала­ла­р­­­дағы екіжақты сындарлы ын­ты­мақтастықты және Еура­зиялық интеграциялық үде­рістер аясындағы өзара ық­пал­дастықты одан әрі нығай­таты­нымызға сенімдімін.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге шын жүректен мықты денсаулық пен табыс, ал достас Қазақстан халқына аман­дық пен бақ-береке тілеймін», – делінген Ресей Президентінің құттықтау жеделхатында.

Қытай Халық Республика­сының Төрағасы Си Цзинь­пин жеке өзінің және Қытай хал­қы­ның атынан Мемлекет басшы­сын және барша қазақстан­дық­­тар­­­ды Тәуелсіздіктің 27 жылдығы­мен құттықтады. Си Цзиньпин Нұрс­ұлтан Назарбаевтың басшы­лық етуімен Қазақстанның қол жеткіз­ген әлеуметтік-эконо­мика­лық да­му нәти­желерін ерекше атап өтті.

«Мен Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастарының дамуына баса мән беріп, Сіз­бен жұмыс бабындағы байланысымызды және жеке достығы­мыз­ды жоғары бағалаймын. Биыл­ғы маусым айында Сіз Қытай­­ға мемлекеттік сапар­мен келіп, Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымының Циндао­дағы саммитіне қатыстыңыз. Біз жемісті кездесу өткізіп, бірқатар маңыз­ды уағдаластықтарға қол жет­кіздік. Бұл екіжақты қатынас­тар­дың дамуына тың серпін берді.

Мен Сізбен бірлесе отырып, мемлекеттеріміз бен халық­тары­мыздың игілігі жолында жаңа белестерді бағындыруға және екі ел арасындағы жан-жақ­ты стра­те­гиялық серіктестік бай­ланыс­тар­ды ілгерілетуге әзірмін. Сіз­бен «Бір белдеу, біл жол» халық­а­ра­лық ынтымақ­тасты­ғы­ның жоғары деңгейдегі екінші форумы барысында жүздесеміз деп ойлаймын.

Достас Қазақстанның өсіп-өркендей беруіне ниеттестік білді­ремін, ал халқына бақ-береке тілеймін», – деп атап өткен Си Цзиньпин.

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақ­станның көп жылдардан бері Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналатынын және оған түрлі деңгейдегі тығыз қарым-қатынастарымыз дәлел екенін айтады.

«Бүгінде Қазақстан ұлты поляк көптеген адамның туған жері саналады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан аумағында поляк мәдениетінің дамуына жағдай туғызғаныңыз үшін алғыс білдіремін», – деп атап өткен Польша Президенті.

Әзербайжан Республикасы­ның Президенті Ильхам Әлиев жеке өзінің және барша Әзер­бай­жан халқының атынан Нұрсұл­тан Назарбаевты және бүкіл қазақ­­стандықтарды Тәуел­сіздік күні­мен құттықтап, елі­міздің жан-жақ­ты және орнық­ты даму жолымен жүріп, мем­лекеттілікті және экономиканы нығайту жолында, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыру ісінде зор табысқа жеткеніне тоқталды.

«Елдеріңіз халықаралық және өңірлік ұйымдарда маңызды рөл атқарады және жоғары бедел­ге ие. Өзара сенім мен қолдау­ға не­гіз­делген Әзербайжан мен Қазақ­стан арасындағы дос­­тық әрі стра­тегиялық әріптес­тік қарым-қатынастар ортақ тарихы, ұлттық және мораль­дық құндылықтары бар халық­тары­мыздың игілігі жолында дамитынына сенімдімін», – делінген хатта.

Бельгия Королі Филипп өзінің құт­тықтау жеделхатында екі мем­лекет арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар мен ын­тымақтастықтың маңыз­ды­лығын атап өткен.

Аустрия Республикасының Федералдық Президенті Алек­сандр Ван дер Беллен Қазақстан Президентін ұлттық мереке­мен құттықтап, өзара экономи­ка­лық және энергетикалық ын­ты­­мақ­­тас­тықты одан әрі қар­қын­ды дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Армения Премьер-Министрі­нің міндетін атқарушы Ни­кол Пашинян өзінің хатында Қазақ­станның мемлекет құру ісін­дегі, экономиканы жаңғыр­туда­ғы және халықаралық беделін нығайтудағы дара жолына назар аударды.

Украина Президенті Петр По­ро­шенко құттықтау жедел­хатын­да Қазақстанның тәуел­сіздік жылдарында осы заман­ның саяси, экономикалық сын-тегеу­рін­деріне төтеп беріп, өңірдегі көшбас­шылардың біріне айнал­ғанын атап өткен.

Венгрия Президенті Янош Адер Нұрсұлтан Назарбаев­ты Тәуел­сіздік күнімен құттық­­тап, Венгрия мен Қазақ­стан ара­сын­дағы қарым-қатынас­тардың ортақ салт-дәстүріміз бен тарихи бай­ланыс­тарымыз тұрғысынан ма­ңыз­дылығын атап өтіп, екі ел халық­тарының достығын одан әрі нығайтудың және мәдени бай­ланыстар аясын кеңейтудің қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар өздерінің жеделхаттарында Испания Королі VI Фелипе, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Таиланд Королі Маха Вачиралонг­корн, Ита­лия Республикасының Пре­зи­денті Серджо Маттарелла, Латвия Республикасының Прези­денті Раймондс Вейонис, Литва Республикасының Президенті Дали Грибаускайте, Финляндия Рес­пуб­ликасының Президенті Саули Нийнистё, Оңтүстік Аф­рика Республикасының Пре­зи­денті Матамела Сирил Рама­фоза Қазақстан халқына бей­біт өмір және бақ-береке тілеген.

Сонымен қатар, Сербия Рес­пуб­ликасының Президенті Александр Вучич Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанды дамыту барысында қол жеткізген жетістіктерін атап өтті.

«Сіздің дана басшылығы­ңыздың, көрегендігі­ңіз­дің, күш-қуа­тыңыздың әрі іске адал­ды­ғыңыздың арқасында Қазақстан ширек ғасырдан ас­там уақыт бойы табысты дамып, үлкен жетістіктерге жетіп, әлемде зор беделге ие болды. Сіз «Қазақстан-2050» Стратегия­сын­да белгіленген мақсат-мін­дет­терге қол жеткізесіз деп сене­мін», – делінген жеделхатта.

Молдова Республикасының Пре­зи­денті Игорь Додон жол­да­ған хатында: «Молдова халқы­ның және жеке өзімнің атымнан ұлттық мерекелеріңіз – Тәуелсіздік күнімен шын жүрек­тен құттықтаймын. Осы жылдар ішінде табиғи ресурстары мен адами әлеуеті мол Қазақстан ұлттық экономика мен әлеуметтік саланың түрлі бағыттарында зор табысқа қол жеткізе алды. Бұл қазақстандықтардың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, ел­дері­ңіздің имиджін халықаралық деңгейде ілгерілетуге септігін тигізеді», – деп атап өткен.

Швейцария Конфедера­ция­сының Президенті Ален Берсе өзінің құттықтау жеделхатында Қазақстан халқына бақ-береке мен амандық тілеп, екі ел арасындағы сенімге негіз­дел­­ген әрі достық қарым-қаты­нас­­тарды одан әрі дамытуға ниеттес­тік білдіреді.

Сонымен қатар өздерінің жеделхаттарында Иордания Королі ІІ Абдалла, Швеция Королі Карл Густав, Оман Сұлтаны Кабус бен Саид, Вьетнам Социалис­тік Республикасының Президенті Нгуен Фу Чонг, Малайзия Жоғар­ғы билеушісінің орынбасары Сұлтан Назрин Муиззуддин Шах Қазақстан халқына бейбіт өмір және бақ-береке тілейді.