Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Ұлттық мәселелер талқыланатын жаңа алаң

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясының мемлекеттік тілдегі #NurOtanPikir жаңа пікірталас алаңы өз жұмысын бас­тады. Тұсаукесер отырыс Тәуелсіздігіміздің рухани негіз­­дері та­қы­рыбына арналып, онда елдіктің тіректері, ұлт­­­тық мәдениет пен руханияттың және мемлекеттік тіл­­дің дамуы сияқты өзекті мәселелер талқыланды.

Ұлттық мәселелер талқыланатын жаңа алаң

Іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, белгі­лі саясаттанушы Айдос Сарым, «Кие­лі Қазақстан» ғылыми-зерт­­теу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы және Гар­вард университетінің түлегі Шыңғыс Мұ­­қан қатысты. Отырысты ға­лым, Халықаралық Түркі ак­а­де­­мия­­сының президенті, «Егемен Қазақстан» газетінің бас­шы­сы Дархан Қыдырәлі жүргізді. 

Қазіргі таңда «Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жолында  #NurOtanTrends және #NurOtanTalks сияқты тың бас­та­ма­ларды қолға алып, жүйе­лі жұ­мыс істеп келе жат­қаны бел­гілі. Ал #NurOtanPikir жаңа жобасында халқымыздың рухани құндылықтарын дәріптеу, тарихи сананы жаңғырту, сол арқылы ұлттың санасын ояту, мем­лекеттік тіл мен мәде­ние­тімізді одан әрі дамыту, тәуел­сіздігімізді нығайту сияқты ұлт­тық мәселелер талқыға түсетін­діктен, оның жұмысы тек қазақ тілінде жүргізіледі. Сондай-ақ аталған алаңның негізінде пар­тияның осы бағытта атқарып жатқан жұмыстарын дәріптеу де көзделіп отыр. 

Отырыста сөз алып, қаты­су­шыларды Тәуелсіздік мере­кесі­мен құттықтаған «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының бірінші орынбасары М.Әшім­баев: «Біз заманауи фор­матта халқымыздың рухани құндылықтарын сақтау, Тәуелсіздігімізді нығайту мен ұлттық кодымызды сақтап қалу сияқты маңызды мәселелерді талқылау үшін осындай жобаны қолға алдық. Бұл бағытта «Нұр Отан» партиясы көп жұмыс істеп жатыр. Біз бұл мәселелерді талқылап қана қоймай, нақты нәтиже беріп жатқан бірнеше жобаны жүзеге асырудамыз», деп атап өтті.  

М.Әшімбаев жастардың бо­йында құндылықтар жүйесі мен тарихи сананы қалыптастыру қажет екеніне тоқталып, барлық қазақстандықтарды еліміз­дің ең басты мерекесі – Тәуелсіз­дік күнін тойлауға өз үлестерін қосуға шақырды. 

Жалпы алғанда, бірінші кездесу жылдың әлеуметтік-эко­номикалық және қоғамдық-саяси қорытындысына, сондай-ақ Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ла­сында баяндалған страте­гия­лық мақсаттарды іске асыру мүмкіндігіне арналды. Пікір­таласқа қатысқан Парла­мент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов өзекті мәселелерді қозғайтын осындай алаң­ның маңыздылығына тоқталды. Депу­тат қатысушыларды Тәуел­сіз­дікке қол жеткізудің маңы­зын жастарға тереңірек түсін­діруге шақырды. Тарихшы, сая­саттанушы, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы Берік Әбдіғалиұлы бү­гін­гі жастардың қоғамдық құн­ды­лықтан гөрі жеке бас мүд­делеріне көбірек көңіл бөлетінін айтты. Ол тарихи сананы қалып­тастыру, ішкі туризмді дамыту мен Қазақстанның киелі жер­лерін қастерлеуді үйрету арқылы қалып­тасқан ахуалды өзгерту қажет деп есептейді. 

Саясаттанушы Айдос Сарым тарихқа өткен күн­дердің жылнамасы мен нақты атақты тұл­ға­лардың өмірбаяны ар­қ­ы­лы ғана қарамай, оны сананы қалыптастырудағы мықты механизмге айналдыруды ұсынды. Ал Шыңғыс Мұқан болса, жас­тар арасындағы маңызды идео­ло­гиялық ақпараттық жұмыстарды халыққа түсінікті, қарапайым тілде жүргізу керек екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, кез келген мемлекеттік мүддеге және идеологияға жауапты қызметкер маңызды мәселелерді дұрыс жеткізе білуі тиіс. 

Кездесуге қатысушы­лар Мем­лекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы дала­ның жеті қыры» бағдарламалық мақа­лаларының елімізді рухани жаңғыртудағы темірқазық болатынын айтты. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»