Қазақстан • 19 Желтоқсан, 2018

Ономастикадағы оң өзгерістер жалғасады

371 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жұртшылық ыстық ықыласпен қабылдағаны белгілі. Мемлекет басшысының жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл тарапта Шығыс Қазақстанда қандай жұмыстар атқарылды, алда қандай жоба-жоспарлар бар? Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Даниал Ахметов осы өңірдегі тілшімізді арнайы қабылдап, осы және өзге де сауалдарға жауап берді.  

Ономастикадағы оң өзгерістер жалғасады

Алтай – адамзат өркениетінің ошағы

– Даниал Кенжетайұлы, жасыратыны жоқ, Шығыс Қазақстанның оно­мастика саласына қатысты сын аз ай­тылмайтын.  Десек те соңғы жылда­ры бұл салада сең бұзылған секілді. Оң өз­­геріс­терді жұрт көріп-біліп отыр. Әң­гі­меміздің әлқиссасын осы тараптан өр­бітсек.

− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарлама­сы мен оның жалғасы ретінде таяуда жарық көрген «Ұлы даланың жеті қы­ры» атты мақала тарихты таразылау, дәс­түрдің озығын дәріптеу, барымызды жо­ғалтпай, келешек ұрпаққа жеткізу арқылы ұлттық сананы жаңғыртудың нақты жолдарын көрсетеді. Еліміздегі үлкен өзгерістерге қозғау болып отырған бұл құжаттар идеологиялық тұрғыдан жүргізіп жатқан салиқалы саясаттың жемісі екендігін мойындауымыз керек. 

Шығыс Қазақстан − бірнеше мемлекетпен шектесіп жатқан көпұлтты аймақ. Тарихы тереңнен тамыр тартатын өңірден соңғы жылдардың өзінде теңдессіз жәдігерлер табылды. Біз арнайы бағдарлама қабылдап, Алтай мен Тарбағатай, Шыңғыстау мен Көкентау баурайын зерттеуді қолға алдық. 

Шілікті мен Берел, Елеке сазындағы қорғандардан табылған б.э.д. VIІI-VII ғасырлық жәдігерлер сол заманның өзінде ата-бабаларымыз табиғатпен үйлесім тауып, металлургия мен зер­герлік өнерді терең меңгергендігін дә­лел­дейді. Белгілі қазақстандық археологтер – Зейнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевтардың басшылығымен соңғы үш жылда жүргізілген зерттеулердің арқасында облыста БАҚ өкілдері «дала амазонкасы» атап кеткен сақ патшайымы мен «Алтын адам», 19 мыңнан астам артефактілер табылып, ұлттық тарихи қорымызды құнды деректермен толықтырды. Мұның барлығы Алтайдың адамзат өркениетінің ошағы, түркі әлемінің алтын бесігі болғанын анық айғақтайды. Кешегі кеңестік қоғамның саяси жүйесіне тәуелді болған заманда ұлтымыздың тағылымды тарихын, бекзат болмысын танытатын, ата-ба­баларымыздың жер мен судың табиғи, тарихи ерекшеліктеріне қарай берген атауларын халықпен санаспай, жаппай өзгерту үрдісі тек біздің елімізде ғана емес, Одақ құрамында болған рес­публикалардың бәрінің де басында болған ауыр жағдай. 

Бір мәселені естен шығармауымыз керек. Елбасы өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында, ұзақ уақыттан бері біздің жерімізде өмір сүріп келе жатқан көптеген этносқа ортақ Қазақстан тарихы туралы айта келе, түрлі этностардың көрнекті тұлғалары ортақ тарихқа өз үлестерін қосқанын атап өтті. Рухани жаңғыру дегеніміз басқа халықтардың рөлін төмендетіп, өзіміздің ұлылығымызды көрсету үшін жасалмайтынын үнемі қай­талаумен келеді. Сондықтан нақты ғылыми деректерге сүйеніп, жа­һан­дық тарихтағы өз орнымызды ба­йыппен әрі дұрыс пайымдай отырып, елімізді мекендеп жатқан басқа ұлт­тар мен ұлыстардың мәдениетіне, салт-дәстүріне құрметпен қарауға тиіс­піз. Бүкіл қазақстандықтардың қы­зығушылығы мен мүддесі бір арнаға то­ғысқанда ғана шешім дұрыс болады. Мысалы, Антон Чехов − әлемдегі ең ұлы жазушылардың бірі деп танылған дарын иесі. Ол − әлем әдебиетінің классигі. Оның шығармаларымен бірнеше ұрпақ сусындап өсті. Мұндай адамға көше атын беру орынды деп есептеймін. Сол сияқты белгілі жазушы, ойшыл, әлемнің ұлы жазушысы Лев Толстойдың да орны ерекше. Шәкәріммен хат алысқан кемеңгер жазушының елімізге қатысы жоқ деп кім айта алады?

Александр Затаевич қазақ өнерінің жанашыры болғанын бәрі біледі. Ол – Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет шығармаларын алғаш рет жинақтап, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жа­йында қайталанбас деректер жазып қал­дырған этнограф. Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі» қазақ өнеріне қосқан баға жетпес байлық деп есептеймін. Ендеше, бір кө­шемізді осындай адамның құрметіне неге атамасқа?! Шығыс Қазақстанды тү­гелдей дерлік аралап, оның ішінде Се­мей, Аягөз жерлеріндегі сапарларынан құнды деректерді жазып жинаған саяхатшы Янушкевичтің еңбегі Қазақ елі тарихына қалдырылған құнды дүние емес деп кім айта алады?! Олай болса, жүз алпыс жылға жуық тарихы бар поляк-қазақ мәдени-әдеби байланысының көш бастау­шысы болып саналатын Янушкевичке бір көшемізді неге бермеске?! Ал ен­ді Дмитрий Менделеевтің әлемдік ғы­лымдағы орнын кім білмейді?! Оның периодтық жүйесін бүкіл дүние жүзі қолданып отырған жоқ па?! Сол сияқты, тұңғыш ғарышкер болған – Юрий Гагарин. Оның аэроғарыш саласына қосқан үлесін бүкіл әлем мойындаған. Олай болса, Менделеев пен Гагаринге берілген көше атауларын өзгерту керек пе? Жоқ. Олар бір ғана ұлтқа емес, барша адамзат өркениеті үшін қызмет еткен, ғылымда үлкен бетбұрыс жасаған тұлғалар. 

Тәуелсіздік, Достық, Ынтымақ, Бірлік сияқты ұлтты, халықты біріктіруші атау­лар болады. Бұл мемлекеттік деңгейде базалық құндылықтарымызға айналған киелі ұғымдар. Оны халық та түсініп, өздері қолдау білдіріп келеді. Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында ерлік көрсетіп, батыр атанған жерлестеріміз де бар. Оларды да ұмытуға болмайды. Зырян ауданының үш мектебіне Кеңес Одағының Батырлары В.Харин, А.Бикетов және С.Суминнің, Көк­­пекті ауданы Самар ауылының Мә­дениет үйіне Ұлы Отан соғысының ар­дагері И.Федосовтың есімдері беріл­ді. Атаулары табиғи ортасына байла­нысты қойылған көшелер болады. Лу­говая, Набережная, Степная, Заречная сияқ­ты. Олардың саясат не идеологияға қатысы жоқ қой. Жергілікті халықтың өз қалауымен, қабылдауына ыңғайлы болған соң аталып кеткен. Жалпы, көшеге ат беруде, оның қашықтығына, орналасқан орнына, тұрып жатқан халықтың ұлттық құрамына ерекше назар аударылуы тиіс деп ойлаймын.

Өскеменде соңғы екі жылда 41 көше атауы өзгерді

− Осы ретте облыс орталығы − Өс­кеменде ауыз толтырып айтуға тұ­рар­лықтай жүйелі жұмыстар жүр­гізіліп жатқан секілді. 

− Иә. Бір ғана Өскеменнің өзінде соңғы екі жылда 41 көше атауы өзгерді. Бұл бағытта біздің нақты бағдарымыз бар. Кез келген өзгеріс халықтың оң ба­ғасын алуы үшін оның қазақстандық бірегейлікке, тәуелсіздіктің идеалдарына, тарихи маңыздылығына сәйкес болуы аса маңызды. Халық кешегі өткен кеңестік-коммунистік режімнің де көлеңкелі тұстарын білуі керек. 

Облыстық ономастикалық комиссия биылғы жылдың өзінде 4 отырыс өт­кізіп, 478 ұсынысты қарап, 321-і бо­йынша оң шешім қабылданды. Оның ішінде 291 көше, 14 әкімшілік-аумақтық бір­лік, 9 нысан бар. Республикалық оно­мастикалық комиссияға жолданған ұсы­­ныстар арасында Өскемен қала­сын­дағы Ордженикидзе көшесін Саға­дат Нұр­мағамбетов көшесі деп атау, Ре­во­лю­ционная көшесін Қалихан Ысқақ, Дзер­жинский көшесін Әміре Қашаубаев, Киров көшесін Антон Чехов, Головков көшесін Бейбітшілік, Советская көшесін Александр Затаевич, Крупская көшесін Евгений Брусиловский, Октябрьская кө­шесін Мұхамеджан Тынышбаев, Ме­нов­ное ауылындағы Советскаяны Адольф Янушкевич құрметіне атау сияқ­ты ұсы­ныстар бар.

− Халық бастап, өзіңіз қостаған Зырян қаласы мен осы аттас ауданға Ал­­тай атауын беру туралы ұсы­ныс, бір ғана Шығыс емес, күллі Қа­зақстан хал­қын серпілткен керемет жаңалық бол­ды. Зырян қашан Ал­тай болады? 

− Алтай – сан түрлі халықтың шыққан жері, атажұрты. Сол себепті, біз қандай киелі жерде тұрып жатқанымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. Бұл – ең алдымен тарихымызға тағзым. Аудан атын өзгерту экономикалық тұрғыдан да тиімді болары сөзсіз. Неге десеңіз, Алтай – брендтік атау. Бұл өңірге турис­терді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Тү­бі бір түркі жұрты үшін қасиетті мекен, киелі жер атанған Алтай ата­уын Зырян қаласы мен ауданға беру ту­ралы жергілікті қауымдастықтың 20 мың адам қол қойған өтініші мен 239 жиналыстың қорытындысы бойынша ұсыныс-тілектер, ең алдымен аудандық, кейін облыстық деңгейде қаралып, Үкі­мет жанындағы республикалық оно­­­мастикалық комиссияға ұсынылды. Мә­­селе бірауыздан мақұлданған. Қазір тиісті ұйымдастыру-рәсімдеу шаралары жүріп жатыр. Бұл шаруа оңай болған жоқ. Оны да айтуымыз керек. Зыряндағы халықтың 85 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Осыған қарамастан Зырян халқы жұдырықтай жұмылып, Алтай атауын жылы қабылдады. 

− Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни атауларды «рухани жаңғыру» тұр­ғысынан қайта қарау алдағы уақытта жал­­ғасатын болар.

− Жалғасады. Бұл – заман талабы, уақыт өлшеміне сай маңызды мәселе. Бірақ қайталап айтамын, бұл жерде науқаншылдыққа жол беруге болмайды. Атасының атына ауыл, көкесінің есіміне көше беруге жол берілмейді. Барлығы ха­лықтың қалауымен, саналы түрде жү­ретін болады.

Әңгімелескен Азамат ҚАСЫМ, 

«Егемен Қазақстан» 

ӨСКЕМЕН