Жапонияның жоғары мәртебелі Императоры 23 желтоқсан күні 85 жасқа толады. Айта кету керек, алдағы жылы императордың билік басында жүргеніне 30 жыл толмақ. Сәйкесінше, келесі жылдың сәуірінде өз орнын босатып, мамырда мұрагер ханзада таққа отырады. Бұл өзгерістер Қазақстан мен Жапония мемлекеттері арасындағы қарым-қатынасқа кері әсер етпейді. Биылғы жылдың өзінде әртүрлі саланы қамтыған екі ел арасындағы байланыс нығая түсті. Қазақ жерінде Жапония елшілігінің мұрындық болуымен Астана қаласының 20 жылдығына арналған халықаралық конференциялар мен симпозиумдардан бөлек бірнеше іс-шара өткізілген.
Жалпы байланыс аясында экономика, сауда және инвестиция мәселелері талқыланып, ортақ келісімдер жасалған. Бұған дейін Алматы мен Астанада жаңадан жапон зауыттары ашылып, бірлескен кәсіпорындар құрылды.
– Жапония мен Қазақстан БҰҰ мен басқа да саяси алаң шеңберінде белсенді түрде бірлесе қызмет атқарып келеді. Сонымен қатар халықаралық аренада серіктес елдер. Біз Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде қызметін жоғары бағалаймыз, – деді Жапонияның Қазақстандағы елшісі Итиро Кавабата.
Қазақстан тарапынан сөз алған еліміздің сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев қос ел географиялық жағынан алыс болғанымен, өзара ынтымақтастық пен дамудың қарқын алып келе жатқанын тілге тиек етті. «2018 жылдың соңында Жапонияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясының көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жеткенін атап өтуге болады», деді ол.
Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»