Спорт • 19 Желтоқсан, 2018

Волейболдан «Буревестник кубогы» үшін жарыс өтті

692 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда волейболдан ерлер арасында «Буревестник кубогы» деп аталатын халықаралық турнир аяқталды. 

Волейболдан «Буревестник кубогы» үшін жарыс өтті

Кезінде «Буревестниктің» даңқы төрткүл дүниеге тарады. Әйгілі волейболшы, атақты бапкер Октябрь Жарлықаповтың ұйытқы болуымен алпысыншы жылдары Алматы қаласында іргетасы қаланған команда қысқа ғана мерзім аралығында өзінің мықтылығын мойындатты. Атап айтсақ, 1965 жылы өз тарихында тұңғыш рет КСРО чемпионатының «А» тобында күш сынасу құрметіне ие болған жерлестеріміз алғашқы маусымда 8 орынға табан тіресе, келесі жылы 4 сатыға жайғасты. 1967 жылы жүлдегерлер санатына қосылып, қола медальді иеленсе, 1968 жылы тағы бір саты жоғарылап, күміске жүлдеге қол созды. 1969 жылы Қазақстанның волейболшылары өздерінің тарихи жеңісіне қол жеткізді. Сол маусымда кіл мықтылардың барлығын қапы қалдырған «Буревестник» айды аспанға бір-ақ шығарып, КСРО чемпионы атанды.Ал 1970-1971 жылдары қатарынан екі мәрте Еуропа чемпиондары кубогын олжалап, әлемдегі ең үздік ко­мандалар санатына қосылды. Екі ретінде де жерлестеріміз ақтық айқаста Чехословакияның атағы алысқа жайылған «Зетор Збройовка» клубына сан соқтырды.

Міне, сол даңқты команданың құрметіне өткен жарыста биыл Алматының «Буревестнигі» топ жарды. Жерлестеріміз Қырғызстан мен Өзбекстанның өкілдерін 3:0 және Түркіменстанның командасын 3:1 есептерімен ұтып, ресейліктерге 2:3 есебімен есе жіберді. Нəтижесінде ең көп ұпай жиған алматылықтар бірінші орын алса, екінші жəне үшінші орынды Түркіменстан мен Ресей командалары иеленді.

Алматының тұрғындары волейболды өте жақсы көретіні баршаға мәлім. Осы жарысты тамашалау үшін де спорт кешеніне жанкүйер көптеп жиналып, бізге үнемі қолдау көрсетіп отырды. Биылғы додада төрт команда бір деңгейде өнер көрсетті. Тек қана қосалқы құрамдағы ойыншыларға арқа сүйеген Қырғызстанның командасы ғана əлсіздеу болды. Ал Мəскеу облысы  мен Түркіменстан волейболшылары арасындағы тартыс үш жарым сағатқа созылды. Осының өзінен-ақ турнирдің қаншалықты шиеленсті болғанын аңғаруға болады, – дейді "Буревестник" клубының президенті Аманкелді Шабдарбаев.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан».

АЛМАТЫ