Маңғыстау ауылында алғаш ашылған заманауи 500 орындық орталық 7000 шаршы метрді құрайды. Кітапханасы бар мәдениет үйі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Норд Каспиан Оперейтинг Компаниясының» әлеуметтік міндеттемелері бағдарламасымен салынды. Жоспар бойынша бұл ғимаратта кітапхана, конференц залдар, үйірмелер, үлкен көрермен залы, 2 хореография залы, 33 жабық аудиториялар қарастырылған.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына аймақ басшылығы мен аудан тұрғындары қатысты. Халқының саны жағынан облыстағы алдыңғы қатарлы аудан саналатын Мұнайлы ауданында тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ашылған еңселі Мәдениет үйі енді өз тұрғындарына жан-жақты қызмет ететін болады.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы