Сол жылы табысты болған турына қарамастан оның беделі тек он жыл бұрын дәуірлеген әндерімен ғана тікелей байланысты болды. 1960-шы жылдардың соңында Дилан Вудстоктағы бас тартуынан кейін маргиналданған фигураға айналды. Оның сол жерден тапқан ішкі тұрақтылығы 1969 жылы жазылған «Nashville Skyline-дан» 1974 жылдағы «Planet Waves-ға» дейінгі сәтсіз әрі шығармашылық фокуссыз альбомдардың жарыққа шығуын тездетті. Енді осының бәрінің өзгеретін уақыты туған еді.
«Blood on the Tracks» шедеврін жасау да Диланның ұзақ мансабы сияқты шытырманға толы болды. Альбомның нұсқасы Нью-Йорктегі студияда төрт күнде аяқталды, Диланның шыдамсыз шығармашылық қарқыны оның әндерін нақтылау үшін жиналған топты шатыстырды. Гитарист Эрик Вайсберг кейінірек бұл сәттерді еске түсіргенде «Мен Бобтың ән жазу барысына аса назар аудармағаны әрі қызықпағандығы туралы анық білдім. Ол көп шарап ішті, ол сәл ұқыпсыз болды, бірақ ол анық қателіктерді түзетпей, келесі әнге ауысып алға жылжуды талап етті» дейді. Сессияның екінші күнінде алты музыканттың біреуі ғана қалды.
Альбомның шығарылымы желтоқсан айының соңына жоспарланған еді. Альбом мұқабасы басып шығарылды, жарнамалық науқан аяқталып, таңдаулы радиостанцияларға сынақ тираждары да таратылып қойды. Көңілі толмаған Дилан Рождествоны өзінің ағасы әрі сенімді досы Дэвид Циммерманмен өткізді. Альбомды тыңдаған Дэвид әндердің тым өткір және қарапайым халықтың көңілінен шықпайтынын айтып, сол себепті оның коммерциялық тұрғыда сәтсіздікке ұшырайтынын жеткізді. Бойын қорқыныш билеген Дилан өзінің триумфалды қайта оралуын шегеріп, соңғы минутта альбомның шығарылмауын талап етеді.
Содан кейін он әннің бесеуі Миннеаполистегі Sound 80 студиясында Рождестводан кейінгі аптада екі күнде шұғыл арада жергілікті музыканттардан құралған топпен қайта жазылған. Қайта өңделген альбом 1975 жылдың 20 қаңтарында тез арада жарық көрді. Осындай түсініксіз әрі қиын мән-жайлардың ортасында керемет өнер туындысы дүниеге келді.
Blood on the Tracks жарыққа шыққан күннен бастап, менің де өмірімнің саундтрегіне айналды. Бұл ән де Ван Моррисонның «Astral Weeks» пен Марвин Гайянның «What’s Going On» және Диланның 1966 жылы шыққан «Blonde on Blonde» сияқты классикалық әндер қатарына жайғасты. 1990 жылдардың ортасында «Blood on the Tracks: The New York Sessions» деген атпен СD жарық көрді, бұл таспаның бейресми нұсқасы ресми жарық көргеннен соң көп ұзамай шықты. Бұның тізіміне бұрынғы, спартандық «If You See Her, Say Hello and Idiot Wind» сияқты әндері кірді. Уақыт өте келе мен ресми нұсқаларға қарағанда бейресмилерін өте жақсы көрдім, өйткені шикі әрі әлі аяқталмаған күйде олар сезімтал және ашық естіледі.
Шон О'Хаган
Аударған Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ
«Егемен Қазақстан»