Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары генерал-майор Мұхаметқали Сатов пен Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсаходжаева кездесу барысында шығармашылық көкжиектері туралы кеңінен әңгіме қозғады. Атап айтар болсақ, тараптар меморандум аясында бірқатар бірлескен жобаларды қолға алмақ. Ғылыми-зерттеу қызметінде бірлескен инновациялық жобаларды әзірлеу және өткізу, әдістемелерді, оқу құралдарын әзірлеу және сынау; екі жақтың сахналарында концерттік өнер көрсету; ҚазҰӨУ білім алушыларының Ұлттық ұланның әскери оркестрлерінде, ән-би ансамблінде, бейне студия бөлімшесінде тағылымдамадан өтуі, әрі қарай түлектерді жұмысқа орналастыру сұрақтарын қарау.
Біліктілікті арттыру мақсатында Ұлттық ұлан әскери оркестрлерінің, ән-би ансамблінің, бейне студия бөлімшелерінің және клубтарының мамандары өнер университетінде оқыту курстарынан өтуге мүмкіндік алмақ. Сондай-ақ көшпелі шеберлік сыныптарын өткізу де қарастырылған. Тараптар тиісті қызмет салаларында жинақтаған тәжірибелерімен бөлісіп, бірлескен мәдени іс-шаралар да өткізбек. Мұның барлығы өз кезегінде Ұлттық ұлан өнерін одан әрі өрге домалатуға соңы серпін беретіні сөзсіз.
Кезедесу соңында генерал-майор Мұхаметқали Сатов әлемге әйгілі өнер тұлғасы, Қазақстанның халық әртісі, өнер ордасының басшысына Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының атынан алғысын жеткізіп, әскердегі шығармашылықты дамытуға қосқан үлесі үшін «Құқықтық тәртіп әскеріне 25 жыл» мерейтойлық медалімен марапаттады.